«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

АҚЫРЫН ЖҮРІП, АНЫҚ БАСҚАН

Адам өміріндегі қарым-қатынастар әркімнің мінез-құлқына байланысты қалыптасады. Біреулер шу асаудай, алды-артынан жүргізбейді. Ал келесілерінің бойына асаулық та, адамгершілік те қатар қоныстанады. Енді бірі жер шайқалса сыр бермейтін, анда-санда бір езу тартып қана қоятын көнтерілі болады.

Марқұм Әмір Қожахметов ағамыз осы соңғысының қатарында еді. Адам мінезін тану үшін ұзақ уақыт емес, лездің өзі-ақ жетіп болады.

Мен Әмір ағамен 1975 жылы алғаш рет танысқаннан ол бар болғаны елу екі жасында, 1989 жылдың қысында, өмірден кенеттен өтіп кеткенше серік болып, сыйласып қана жүріп едім.

1975 жылы дейтінім, сол жылдың қазан айында “Ленин туына” әдеби қызметкер, демек қатардағы тілші болып орналасқанымда осы ауыл шаруашылығы бөлімінде менен өзге үш адам қызмет атқарды. Бөлім меңгерушісі – марқұм Тұрысбек Кәдіров. Өзгелері – Әскер Әбілқайыров пен Әмір Қожахметов.

Бір бөлімде төрт адамбыз, жасы жағынан кішісі де, тәжірибесі азы да – мен.

Адам болған соң біреумен іш тарта жақын жүру өмірдің жазылмаған заңы іспетті. Өзге ағаларымның көзі тірілері ренжімесін, бәрімен бірдей тонның ішкі бауындай араласып кете алмадым. Өзара сыйластық қалыптасқанымен, сыр бөлісуге арадағы жас айырмасы кесе-көлденең тұрады екен.

Ол кездері мен редакция журналистерінің ең жасымын. Бұрындары көзім көріп, облыстық интернатта алдымда бірер сынып жоғары оқыған Жарасбай Сүлейменов және Шашубай Малдыбаев ағаларыммен ғана жақын араласып, білмегенімді сұрап алып жүрдім.

Бірақ олардың илеп жүрген терілері менікінен бөлек болған соң Әмір ағамның көмегіне көбірек жүгінемін. Осындайда бір қызық оқиға болғанын айта кеткім келеді. Бірде маған бөлім меңгерушіміз Тұрысбек Кәдіров бір хатты беріп: “Мынадан шағын мақала шығар!” – деп тапсырма жүктеді.

Хатты қолыма алып, оқып шықтым. Бір қарағанда іске татыры мол екен. Ол кездегі Ленин ауданының бір ауылынан келген хат. Авторы да жазулы. Мазмұнына қарасаң, мүлтіксіз. Хат иесі сол бөлімшенің басшысының атқарған істерін жіпке тізгендей етіп, тіпті, оның аяқ-қолын жерге тигізбей мақтаған екен.

Осыған риза болған мен де бояуды қалыңдата түссем керек, қорытқан мақаламды Тұқаңа бірден ұстатпай тұрып, қасымдағы көлеңкеміз қатар түсетін Әмір ағама көрсеттім.

Ол оқып шықты да: “Әй, қу неме! Өзін мақтатқан екен ғой, сен асықпа, қоя тұр. Мен Тұқаңа айтайын”, – деді.

Бақсам, іссапардан жалықпай, қыс демей, жаз демей аттана беретін Әмір ағайдың облыс төңірегінде табаны тимеген ауылы, бармаған жері жоқ екен. Баладан басшыға дейін жақсы білетін ол жаңағы хат иесі көлгірсітіп мақтап отырған адамның екінші қырын айтып бергенде көзімнің оты жарқ еткендей болды. Ол іскерлігін ұр да жық мінезімен, жұртты ығыр қылып, бастарына әңгіртаяқ ойнатып, орындататын дөкір адам болып шықты.

Сен мұндай хаттарға аса сене берме. Сұрастыр. Кейбіреулер орынсыз сынайды, яки мынадай етіп, бас пайдасын көздеп мақтайды. Сақ бол! Бізге көрсетіп ал. Әлгі қадамың дұрыс болды, – дегенде көзім ашылды. Демек, әрбір хатты, деректі әбден сүзгіден өткізіп алу керектігін Әмір ағадан үйрендім.

Ағайдың мінезі ауыр еді. Жоқ нәрсеге елп ете кетпейді. Біреуге артық сөз айтпайтын, ұрыс-керіске мүлде қайшы. Сонысымен ол газет басшысы Уәп Рақымжановқа жаға білді. Бірақ басшы қолдады екен деп оның есігін аңдитын әдеті болмады. Өте салмақты, қарапайым. Еңбектің нағыз қараторысы. Жалықпайтын, өз ісіне мығым, ауыл шаруашылығы бөлімінде қолына қалам алғалы орын ауыстырмағандықтан, саланың қыр-сырын жетік білді. Бір ғана “осалдығы” – осыны бас пайдасына айналдырмағаны, жарытып тастамаса да, азын көптей етіп, құмнан тау үйіп тастайтын қулықтан ада еді.

Ол журналистикаға жолай келген адам емес. Сол кездегі Преснов (қазіргі Жамбыл) ауданындағы Орталық ауылында туған екен. Бірақ жастайынан нағашы атасының бауырында өсіп, сол кісінің тегімен “Қожахметов” болып кеткен және көрші Баян ауылында тұрып, осында орта мектеп бітірген. Шынын айтқанда, алып-жұлып бара жатқан дарыны болмаса да, табандылығының арқасында Сергей Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің журналистика факультетіне 1961 жылы, жиырма төрт жасында сырттай оқуға түсіп, бітіріп шыққаннан кейін 1966 жылы қайта ашылған “Ленин туына” қызметке орналасқан.

Содан бері бір ғана бөлімде табан аудармастан, өмірден озған 1989 жылға дейін қалам тартты. Жоғарыда айтқанымдай, кейбір жігіттер әдеби қызметкерден өсіп, ісі өрлеп жатса, Әмір аға “қыңқ” деп өзі жайлы басшыларға құлаққағыс қылмаған аса орнықты адам болды. Қазақта “Жыламаған балаға емшек бермейді” деген дана сөз бар ғой. Ол тіс жармады, оны басшылар елемеді. Кімнің ішіне кім кіріп шыққан? Мүмкін, басшыларға осындай орнықты, білгір, мінезі салмақты адамның аса жауапты бөлімде отыруы ұнаған шығар? Онысын мен айыра алмадым. Және жасырақ кезім ғой, шынымды айтсам, мән бермедім де…

Әмір ағайдың зайыбы – Ұлболсын жеңгеміз де аса орнықты, ер адамның алдына түсіп, сөзді бірінші бастап, көсемсіп кететіні мүлде жоқ, байсалды мінезді. Шаңырағында алты бала өсті. Осыншама жан екі бөлмелі, оның өзінде тым тар пәтерде тұрушы еді. Кейін сол жерден алыс емес маңнан редакция арқылы үш бөлмелі үйге ауысты.

Артынан, 1988 жылы облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы Святослав Медведевтің редакциямызға келіп жүздескен сәтінде Әмір ағаның өзі емес, өткір мінезді әріптесіміз Мәлік Мұқановтың тілге тиек етуінің арқасында оның отбасы бес бөлмелі пәтерге жайғасып, қуанышын да, ренішін де сездірмейтін Әмір ағайдың жүзінен алғашқы рет бір ризалық жымиысын көріп едім.

Бес қызынан соң туған Мұрат есімді ұлын жанындай жақсы көретін. Әттең, бұл қуанышы ұзаққа бармай, ағай 1989 жылдың қысында қайтыс болды.

Бірақ шаңырағы шайқалған жоқ. Жеңгеміз оның аманатын орындағандай, орданың тұтқасына ие болды.

Жақсы, білгір журналист Әмір Қожахметовтың қалам қарымын тану қиыншылық тудырмайды. Газетіміздің сарғайған парақтарын ақтарған сайын көзімізге оттай басылатын суреттемелерін, очерктерін, зерттеу мақалаларын көреміз.

Зейнолла ӘКІМЖАНОВ,

Солтүстік Қазақстан”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp