Газетіміздің редакциясына Есіл ауданынан Әбіш Төреғалиев деген азаматтан хат келген еді. Онда: “Аудандық білім бөлімі бірнеше жылдан бері мұғалімдерді Мальцево ауылындағы балаларды сауықтыру лагеріне мәжбүрлеп жібереді. Ол уақыт мұғалімдердің еңбек демалысына тұспа-тұс келеді. Мұғалімдер екі апта бойы сол лагерьде тегіннен-тегін жұмыс істеуі керек. Демалысын қиып барған мұғалімге көк тиын ақша төленбейді. Біздің естуімізше, басқа аудандарда төленеді екен. Бізде неге төленбейді? Сондай-ақ, “Бармасаң, айыппұл салынады”, – деп қорқытатын көрінеді. Мұғалімнің демалысқа құқы бар емес пе?” – делінген.
Осы хатқа облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Владимир Ткаченко: “Жазғы сауықтыру лагерьлерінде жұмыс істеу үшін кадрларды іріктеуді мектеп директорлары мұғалімдердің келісімі бойынша еңбекақыларының сақталуымен және қосымша демалыс күндерін ұсынумен жүзеге асырады”, – деген жауап берді.
Біз, сондай-ақ, аталмыш мәселе бойынша Есіл аудандық білім бөлімінің басшысы Гүлжиян Ташмақановамен де хабарласқан едік. Ауданда Әбіш Төреғалиев деген адам тұрмайтынын айтқан Гүлжиян Ташмақанова: “Біз өткен жылы лагерьге барған адамды биыл қайтадан жібермейміз. Ол үшін мектеп директорлары өздерінің мұғалімдерімен келісе отырып, арнайы кесте жасайды. Лагерьлерде, негізінен, жастар және тәжірибеден өтіп жүргендер он күннен жұмыс істейді. Ол уақытта мұғалімдердің еңбекақысы сақталады. Он күн лагерьде жұмыс істесе, сол уақытқа демалыс беріледі. Ешкімді мәжбүрлеп лагерьге жібермейміз. Бұл жалған. Ал басқа аудандарда төленеді екен деген пікірге айтарым, әр ауданда түрліше жұмыс жүйесі қалыптасқан. Мысалы, Жамбыл ауданында ежелден жазғы уақыттағы сауықтыру лагеріне тәрбиеші жүктемесі беріледі. Бізде ондай жоқ”, – деді.
Ләйла ЖАНЫСОВА,
“Солтүстік Қазақстан”.