Аққайың ауданындағы Аралағаш ауылдық округінде “Северный бройлер” серіктестігі жылдық қуаты 5 мың тоннаны құрайтын ет өндіретін бройлер құс фабрикасын салуда. Жобаның құны – 5,8 млрд. теңге. Жоба іске асса, 168 жұмыс орны ашылады. Бұл туралы Аққайың ауданының әкімі Рүстем Елубаев орталық коммуникациялар қызметінің өңірлік филиалында өткен баспасөз мәслихатында айтты. Брифингте Президент Жолдауы аясында жүзеге асырылып жатқан жұмыстар, ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуы мен алдағы жоспарлар баяндалды.
– Аудан бойынша егістік алқап 211,5 мың гектарды құрайды. Мал шаруашылығын дамытуға ерекше көңіл бөлініп отыр. Өткен жылы шаруашылықтар 923 бас асылтұқымды ірі қара сатып алды. Бүгінде ауданымызда 26 898 бас ірі қара бар. Сүт өндіру көлемі 10,3 пайызға артты. Өткен жылы “Иван Зенченко” ЖШС Ленинское ауылында тауарлы-сүт фермасының құрылысын аяқтады. Власовка ауылында “Гердт” шаруа қожалығы 200 бас ірі қараға арналған тауарлы-сүт фермасын кеңейтуді жоспарлауда, – дей келе Рүстем Елубаев “Ромазанов”, “Орымбек”, “Балтабаев” сынды жеке кәсіпкерлік құрылымдарының, “Черкасское Агро” мен тағы басқа серіктестіктердің ілкімді істерін атап өтті.
Тұрғындарды жұмыспен қамту мәселесі қашан да өзекті. Бұл орайда, аудан әкімі 1 млрд. 453 млн. теңгенің 32 жобасы жүзеге асырылғанын, нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған “Еңбек” мемлекеттік бағдарламасы аясында 2020 жылы тұрғындарға 180 млн.теңгенің несиесі берілгенін айтты. Өткен жылы “Бастау” жобасы бойынша кәсіппен айналысып, өз ісін ашуға құлшыныс білдірген 42 адам курстан өткен. Биыл да бұл жұмыстар жалғасын табуда. Бизнес жоспарды іске асыруға 14,6 млн. теңге сомасында 25 грант берілді. Осылайша, жаңа жұмыс орындарының құрылуына байланысты 1624 адам екі қолға бір күрек тауыпты. Үстіміздегі жылы да аудандағы мыңнан астам адам жұмыспен қамтылмақ.
Өнеркәсіп саласының дамуы, инвестиция тарту, құрылыс қарқыны бойынша да аудан алда. 2020 жылы Аққайың ауданына 14,9 млрд. теңгеден астам инвестиция тартылып, құрылыс жұмыстарының көлемі 3,7 млрд. теңгені құрады. Үстіміздегі жылдың алғашқы үш айында ауданда 526 шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. “Еңбек” бағдарламасы бойынша өткен жылы 27 үй салынса, биыл олардың саны елу төртке жетпек. Сондай-ақ, ауданға жұмыс күші көп өңірлерден 57 отбасы көшіп келеді.
– Смирново ауылында қазақ тілінде оқытатын 350 орындық жаңа мектептің жобалық-сметалық құжаттамасы әзірленуде. Полтавка ауылында 45 орынға арналған шағын орталық салынуда. Шағын орталықтың құрылыс жұмыстары “Полтавка” серіктестігінің өз қаржысы есебінен жүргізілуде, – дей келе Рүстем Мұқашұлы тұрғындарға қолжетімді медициналық көмек, ауызсу мәселелері бойынша атқарылып жатқан жұмыстармен таныстырды. Бүгінде ауданда бұқаралық спортқа баса көңіл бөлінуде. Биыл Смирново ауылында дене шынықтыру-сауықтыру кешені пайдалануға беріледі. Инфрақұрылымды дамыту мәселесі де назардан тыс қалып отырған жоқ. 2020 жылы Қиялы ауылында 351,7 млн. теңгеге құбыр желісі жаңартылса, Степное ауылының сумен жабдықтау желісіне 7,4 млн. теңгеге, Смирновода 9,3 млн. теңгеге, Камышлово ауылында 13,5 млн. теңгеге ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілді. Биыл Көктерек, Добровольское және Қанжығалы ауылдарының сумен жабдықтау желілері жөнделеді (29 млн. теңгеден астам қаражат бөлінді).
Ақмарал ЕСДӘУЛЕТОВА,
“Soltüstık Qazaqstan”.