“Qyzyljar – adaldyq alańy” жобалық кеңсесінің басшысы Амангелді Сатанов Аққайың ауданының орталығына барып, ауыл тұрғындарын толғандырып отырған бірқатар мәселелерді тыңдады. Қыстың көзі қырауда жолдың уақтылы тазаланбайтынын, қаңғыбас иттердің көбейгенін, ауылды түтін басқанын айтқан аққайыңдықтар бұл мәселелердің қашан шешілетінін сұрады.
Аудан орталығында тұрып жатқан аға буын өкілдерінің сөзіне сүйенсек, “Сапро-Нат” жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің кесірінен ауылды түтін басыпты. Аталған серіктестік өткен жылы аудан орталығына инновациялық қазандық орнатқан көрінеді. Бұл қазандықтардың мұржасы қысқа болғандықтан, будақтап шыққан түтін ауылға қара бұлттай төніп, тыныс алдырмай отырған көрінеді. Әкімдік қызметкерлері қазандықтардың кемкетігін түзеп, мұржалар ұзартылып жатқанын айтты.
Сонымен қатар тұрғындар аудан орталығының Суворов көшесінің бойында орналасқан жаңа екіқабатты үйдің жертөлесін, осындағы балабақшаны су басатынын айтып шағымданды. Әсіресе, буыны қатпаған бүлдіршіндердің сырқаттануы белең алыпты. Қазіргі таңда жергілікті билік жиналған суды сорып алу арқылы амалдап отыр.
Жұмыс сапары барысында жобалық кеңсе өкілдері Қиялы ауылына барып, ондағы колледжде білім алып жүрген студенттермен де кездесті.
Жан АЙТМАҒАНБЕТОВ,
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі облыстық департаментінің баспасөз хатшысы.