Облысымыздың аумағы кең. Ал мемлекеттік өрт сөндіру бөлімдері негізінен Петропавл қаласы мен аудан орталықтарында, бұрын аудан орталықтары болған ірі елді мекендер мен орман шаруашылықтарында орналасқан. Соған байланысты көптеген елді мекендердің қажетті техникалармен жарақтанған мемлекеттік өрт сөндіру бөлімдерінен қашықтығы – 50-70, кей жерлерде 100 шақырымды құрайды. Осының өзі төтенше жағдай болған кезде сол жерлерге өрт сөндіру бөлімдерінің жеке құрамдары мен техникаларының жедел жетіп, тілсіз жауды дер кезінде бұғалықтауына қиындық туғызады. Соған орай соңғы жылдары аудан орталығынан алыс орналасқан елді мекендерде мемлекеттік емес өрт сөндіру бекеттерін құру мәселесі қолға алынып отыр.
Жуырда сондай өрт сөндіру бекеті Тайынша ауданындағы Аққұдық ауылында Ерлан Алпысов басқаратын “Алабота” асылтұқымды мал зауыты” ЖШС базасында ашылды. Аталмыш нысанның арнайы ғимаратпен, өрт сөндіру көлігімен, “АЦ-40” автоцистернасымен, мотосорғымен, қажетті құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілуіне серіктестіктен басқа аудандық әкімдік, аудандық өрт сөндіру және төтенше жағдайлар жөніндегі бөлімдері көмек көрсетті.
Өрт сөндіру бекетінде 6 жаңа жұмыс орны ашылды.
Алексей ЛАЗОРЕНКО,
Тайынша аудандық төтенше жағдайлар жөніндегі бөлім бастығының міндетін атқарушы, өртке қарсы қызмет капитаны.