«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

АҚ АЛМАСТАЙ АҚЫН

Қолымда Зекеңнің – талантты ақын, аудармашы, журналист, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Зейнолла Әкімжановтың 1993 жылы жарыққа шыққан «Жерұйық» деп аталатын жыр жинағы. Бұл – алғашқы кітабы. Қайтыс болғаннан кейін басылған «Оттай ыстық Отынағашпен» салыстыруға келмейді. Мұқабасы жұп-жұқа, 121 бет, 101 өлең ғана басылған. Қолға ұстауға келмейтіндей жұқа болғанымен, мазмұны терең. Бұл кітаптің салмақты екенін бір-екі бетін парақтасаң-ақ түсінесің. Әрі қарай ол оқырманын өзі тартып әкетері анық.

«Жерұйық» айшықты, өрнекті ойдан құралған өлеңдерден тұрады. Олардың кез келгені адамның бойын сергітіп, ойын ширатады. Байсалды байламдары дүниенің жаман-жақсысын саралап, ба­ғалай білу керектігін білдіреді. Зейнол­ланың бойына ақындық өнер балдәурен бала кезінен дарығанын мектепке барған шағында жазған балапан өлеңдерінен аңғарасың:

«Амангелді деген ат,

Маған таныс, саған жат,

Сол ауылда туған жұрт, өлеңімнің дәмін тат.

Өзім туған ауыл, туыс-бауыр,

Қала деген жақсы дейді,

Ауыл екен тәуір».

Енді «Жерұйық» өлеңдер кітабы қа­лай шыққанына тоқталайын. Облыстық «Soltüstık Qazaqstan» газетінде Зекеңмен бір бөлімде 7-8 жыл бірге істедім. Сезімнің адамы болғандықтан, ақынның жанын біреу түсінеді, біреу түсінбейді. «Көңіл – қазы, көз – таразы» емес пе? Құлақ естіп, көзбен көрген жайларды ай­тып берейін. Зекең кез келген тақырыпта қамшы салдырмай, мүдірмей жаза бе­ретін. Мүлт кеткен кезі жоқ. Аудармаға келгенде де алдына жан салмады. Білімді де, білгір болды, сөзге шешендігі өз алды­на. Қазақ тілі, орыс тілі, жағрапия, тарих, әдебиет, спорт – бәріне де майталман еді. «…ғылыми атақ-дәреже иеленбесе де Зейнолла Әкімжанов қазақ, орыс және әлем әдебиетін біліп-тануда ешбір ға­лымнан төмен емес, деңгейі биік. Соған қоса ол бірқатар ғылым салаларына да жетік екенін білемін. Ол – қазақтың та­лантты ақындарының қатарында! Жан- жақты энциклопедиялық білімдар аза­мат», – деп академик Зейнолла Қабдолов пікір білдірген екен.

Осы Зекең неге бір кітап шығармайды деген ой мені мазалайтын. Өлеңдері неге папкасында жатуы керек? Сол жылдары кейбіреулер кітап жазуға жарыса кірісті. Поэзияға бет бұрғандардың, оның қа­сиетін түсінбесе де, балбыр-батпақ, шал­дыр-шатпақ өлең кітаптары жарыққа шығып жатты. Аяқ астынан ақындар пайда болды.

Кітап шығару керектігін есіне сала бердім, сала бердім. «Кезінде баспахана­да істедім, кітап басуда кедергі болатын жайттар туындай қалса, басшыларын жақсы білемін», – деп те қоямын. Осы­лайша «Жерұйық» 1993 жылы өлеңсүйер оқырмандардың қолына жетті. Алғашқы­лардың қатарында кітабын маған сыйға тартты. Жұқа ғана мұқабасын ашсаңыз, бір шумақ өлең көзіңізге түседі.

«Бұл кітап тартуым ғой, Қошанға,

Құдай өзі қалап қосқан қосарға.

Бұл өмірді дария десек шалқыған,

Біз болайық, інішегім, қос арна!»

2001 жылдың 7-мамыры. Өзіміз қыз­мет ететін газет редакциясы. Таңертеңгі 9 сағат 15 минут. Лездеме. Редакторымыз – талайымызды тәрбиелеп, журналистік мамандыққа төселіп кетуімізге үйреткен қарымды қаламгер Бақыт Мүтәллапұлы Мұстафин. Менің қолымда бір парақ қа­ғаз. Онда «Ақын З.Әкімжановтың 50 жас­қа толуына байланысты орайластыры­лып отырған шаралар жоспары» деп жа­зылған. Жоспарға тындырылуға тиіс 10 мәселе енгізілді. Ақынды марапаттау, шығармаларын түрлі баспасөз басылым­дарында жариялау, туған ауылында, ау­дан орталығында, қаламыздың оқу орын­дарында кездесулер өткізу жоспарланды. Бірақ жоғарыда аталған жоспардағы ша­ралар тегіс орындалмағанмен негізгілері жүзеге асырылды. Той тойланды.

Айтыс жайлы бір ауыз сөз. 1992 жылы Наурыз мейрамының шырайын ашқан айтыс өткені әлі есімде. Оған 10 ақын қа­тысты. Солардың қатарында орақ тілді, терең ойлы, айтары шымыр, арқалы ақын Зейнолла Әкімжанов та болды. Га­зетіміздегі осы айтысқа арналған көлемді мақалада: «Сонымен бас бәйгені Зейнол­ла Әкімжанов жеңіп алды. Оның жеңісі ешқандай дау туғызбайды. Сол күнгі ай­тыста одан асқан бір ақын болмады», – деп жазды журналист Болат Қожахметов. Бұдан 33 жыл бұрын өткен сол айтыста бас бәйгеге тұлпар тігілді. Оны Зекеңе облыстық агроөнеркәсіп комитеті төра­ғасының бірінші орынбасары Мәркен Ахметбеков тапсырды. Зекең көпқабатты үйде тұрғандықтан мені шақырып алып, көмектесуімді өтінді. Жылқыны жүк ма­шинасымен Зейнолланың Борки кентін­де тұратын ағасының үйіне апарғанымыз есімде. Ол одан кейін де облыстық, рес­публикалық сайыстарда бәйгелі болды.

Бір жылдары редакцияның кәсіподақ ұйымын басқардым. Жанымдағы бұрыш­та сейф тұратын. Онда түрлі құжаттарға қоса, кәсіподақ мүшелерінен ай сайын жиналатын жарналар да сақталады. Та­мағы жыбырлайтындар жұмыс аяқталар кезде біздің бөлімді жағалайды. Беттерін қайтармайсың. Мәлік Мұқанов ағам он­дай басқосуда менің қойған мұртымды мақтай жөнелетін. «Мұрт қойсаңдар Қо­шан сияқты қойыңдар, әйтпесе, қырып тастаңдар» дейтін. Зекеңнің мына бір шумағында сейф те, мұрт та аталады:

«Томпиған бұл Қошанның ұрты қан­дай,

Сол ұртқа желімделген мұрты дардай.

Әттең, ол басын жазып алар еді-ау,

Сейфтің келіпті ғой кілтін алмай».

Ақынның жасын сұрамайды, өйт­кені, оның өмірге келген жылы мен кет­кен жылы болмайды. Өлең мен өнегесі артында қанша жасаса, ақынның өмірі де сонша жасайды. Олай болса, жүрегі жырға толған Зейнолла Рамазанұлының жазғандары кейінгі ұрпаққа мұра болып қала беретіні анық. Алла Тағала оған көп жасауды бұйыртпады. 1951 жылы 1 шіл­деде өмірге келіп, 2020 жылдың 25 шіл­десінде дүниеден өтті. 69 жыл ғұмыр кешті. Ақ алмастай ақын, қаламы қолы­нан бір сәт түспеген қарымды қаламгер о дүниелік болып, көзден кетсе де, көңіл­ден кетпейді.

Қошан ҚАЛИ,

Журналистер одағының мүшесі.

СУРЕТТЕ: Қ.Қали (сол жақта), З.Әкімжанов (ортада) және Т.Зікірин (оң жақта).

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp