«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

АҚ БЕРЕН ЖЫРДЫҢ ЖҮЙРІГІ ақын Фариза Оңғарсынова жайлы бір үзік сыр

Дара күндерімнің,

Нала түндерімнің

Серігі болғаның үшін,

Сенімі болғаның үшін,

Мен сені аялаймын.

Біреудің пасықтығынан,

Біреудің жасып мұңынан,

Жүрегім сыздаған кезде,

Жаным мұздаған кезде

Мен сені саялаймын.

Өртеніп от басқаныммен,

Өзіңмен қоштаспадым мен.

Күлкімді, жайлы күнімді,

Азапты, қайғы-мұңымды

Өзіммен бөліскенің үшін,

Қатем мен жеңістерім үшін,

Менің мынау қиындау тағды-рым болып,

О, баста көріскенің үшін,

Өлең, мен сені аялап өтем!

Бұл әділетсіз өмірдің құрсауындағы барлық былықтан, өтірік көлгірсу мен жалған мүләйімсуден ада болып, ақ жанын ардың қалқанымен қорғап, жүрек үнін жырынан ғана жасырмай, ағыл-тегіл ақтарылған поэзия падишасы Фаризаның сөзі!

Бұлтарысымен бұрқ-сарқ қайнаған алапат дүниенің тетігін таба алмай, өлеңіне айналып келе береді, содан ғана жылулық күтіп, соған ғана жүрек сырын бүкпесіз білдіреді.

Ақын апамыздың наркескен шындыққа тура қарап, қандай ортада болсын елдің сөзін сөйлеп, ұлттық құндылығын жоғары қойып, батылдана, бұйыра сөйлеуі кез келген ел жүгін көтеріп жүрмін деген еркектің мысын басып тастайтыны да анық. Фариза ақынның еркекке тән ержүректілігі, бірсөзділігі, тіпті, киім киісі мен шаш үлгісінің өзі оның қайсарлығын, бес жігітке бергісіз батылдылығын білдіріп тұрады. Десек те, түксиген қабағына қатпарласа ілінген қайратының астарында дәрменсіз нәзіктік пен аналық мейірімге, қамқорлыққа зәру көзқарас пен махаббатқа шөлдеген, үміт шоғындай тұтанып тұрған қос жанарды көреміз. Ол жанарлар – талай-талай таланттың қанатын қатайтты, әдебиет айдынында өз жолын таба алмай, адасып, әлдебір оймен алысып жүрген жастардың желкеніне жел берді, өмірдің ығымен өзекке тебілген кейбіреулерді өлең өлкесіне алып келді, сөйтіп талаптандырды, тағасын нықтады, мінбеге шығып, мұңын шаққанда үйде отырып тақымын қысты.

Оқушы кезімде апамызбен жүздесу алыстан қол бұлғап шақырған армандай болып көрінетін. Университет қабырғасында оқып жүрген кезім. «Журналистика» факультетінің оқытушысы, ақын Оңайгүл Тұржан хабарласты. Жақында Атырау қаласында «Өлең, мен сені аялап өтем!» атты Фариза апамыздың шығармашылығына арналған ақын қыздардың жыр мүшәйрасы өтеді екен. Соған қатысуымды сұрады. Келістім. Сөйтіп, арада көп уақыт өтпей, аппақ інгеннің өркешіндей тізілген ала бұлттарды ұшақпен шарлап, Атырауды бетке алдым.

Халел Досмұхамедов атындағы Мәдениет үйі әр тараптан ақ үміт арқалай келген 11 ақын қызды қуанышпен құшақ жая қарсы алды. Зал өнерсүйер қауымға толы. Көрермендердің қақ ортасын жарып ақ алтындай ажарлы, қорғасын қабақты, ханның қызындай Фариза апамыз отыр.

Құралай Омар, Бақытгүл Бабаш, Әлия Дәулетбаева сынды өлең өлкесінде жолдарын тауып, өз қолтаңбаларымен танылған ақындар легі жүректері лүпілдеп жазған жауһазын жырларын оқып жатыр. Кезек маған келді. Сахнаға көтерілдім. Маған маңыздысы жүлде емес еді. Бәрінен де онша-мұншаны жақтыра бермейтін Оңғарсынованың көңілінен шығу болатын…

Мүшәйра мәреге жетіп, жүлдегерлер марапатталуда. Бойымда билеген жастықтың желігі ме, әлде ой түбіне терең бойламағандықтан ба, әйтеуір, өз-өзіме сенімді болып, масаттанып, масайрап тұрмын. Тап сол сәтте “Бірінші орынмен астаналық Нұргүл Оқашева марапатталсын!” – дей бермесі бар ма, көкірегімді үрей мен қуаныш кернеп, қалбалақтаған күйде апамыздың ыстық алақанын қыстым. Маңдайымнан сүйді. Мен сол кезде Фариза апаның жүрегінің жылулық пен мейірімге толы екенін сездім. “Сен өзі қайда жүрсің? Маған бір соғып кет!” – деп қатқыл айтқан сөздері әлі күнге дейін жадымда жаңғырып қалып қойыпты.

Жеке өмірдің жетегінде жүріп қалдым да, ол кісіге соға алмадым. Өмірден өткенін естігенде өкініштің шалғайын басып, ұзақ жыладым. Ең болмағанда өзімен бір тілдесіп, шүйіркелесіп, шақырған ыстық ықыласына жауап бере алмағаныма өкіндім.

Міне, ақынның да өмірден өткеніне жарты жылдан асып барады. Уақыт талабынан қалыспай, күн сайын түлеп, дамып жатқан қазақ поэзиясы қобыздаланың күңіреніп жеткізген сағынышын жайқалып өскен әр гүл, өзегін енді жарған шыбық та іліп әкетіп, мынау ғаламға ғазал қылып таратуда. Төлеген Айбергенов айтқандай, “Ақ жаңбырлар тоздырған тау секілді” ақын Фариза да өз биігінде қалды. Алыстаған сайын биіктей беретін асқардай алып қалпында қалды.

Ол “Асау толқын” атты өлеңінде:

Тағдырыңды сенің тапсырдым сенімді ұрпаққа

Көз нұрың, болашағың да – сол түбінде, елім!

Келеді әйтеуір бір ұрпақ менің соңымнан – бар үміт сенде.

О, асау толқыным менің! – деп артында қаламымен әр қадамын басып келе жатқан арыны қатты жастарға сенім артады. Жыр падишасының сол сенімімен қанаттанған, бүгінгі поэзияның ауыр жүгін арқалаған талантты ақындар тобы Арктиканы дір еткізетіндей сілкініспен жүріп келеді.

Нұргүл ОҚАШЕВА,

“Солтүстік Қазақстан”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp