Күн ұясына қона ауыл ішіне іліккенбіз. Қарашаның ортасы ауа күшіне мінген аяз бетті қарып тұр. Жеңгем түтінін түтетіп отырған аға шаңырағы құрқылтайдың ұясындай жып-жылы. Сырттан бір құшақ аязды ала кіріп, жан шақырдық. Көптен көрмегендіктен бе, жеңгем де құрақ ұшып жатыр.
– Ас піскенше ақ ішесіңдер ме? – деп сұрап қояды.
Жетіден жаңа асқан, атасы мен әжесінің бауырында өскен, ана тілінде сөйлегенде өз құрбыларының жанында Майқы бидей көрінетін немерем Жәдігер шыр ете түсті.
– Атам арақ ішпейді, – деді ол.
– Айналайын-ау, Жәмила әжең ақ дегенде арақты емес, сүт пен айранды меңзеп жатыр. Атам қазақ сиыр сүмесінен сауылған, сүттен жасалған тағамдарын ақ деп атаған, біле жүргенің теріс болмайды, – дедім мен.
Іле дастарқан жайылып, алдымызға жаңа пісірген ыстық бауырсақ пен сары май қойылды. Есік алдына келіп тоқтаған көлікті көрген соң амандасқалы келген Жанатай жездем бар, бәріміз шайды орталай бергенде көрші келіншек Айжан кіріп келді. Аз-кем амандық-саулықтан соң бұйымтайын айтып, кетуге оқталған.
– Шай іш, – деді Жәмила жеңгем. – От ала келген жоқсың ғой.
Жәдігер аң-таң. Көрші келіншек шығып кеткен соң әжесіне қарап:
– Әже, от ала келдің бе дегеніңіз не? – деп сұрады.
Жеңгем не деп жауап берерін білмей, аңтарылып қалды. Қырық жыл қалам ұстаған өзім құтқардым.
– Арғы заманда қазіргідей сіріңке мен оттықтың түр-түрі толып тұрмаған. Атам қазақ шақпақ тастардың ортасына білте салып, бір-біріне соғып, тастың ұшқынымен тұтатқан. Азап, бірақ, басқа лаж жоқ. Жаратылысы өзгеше тас табылғанымен, білтесі бар болғыр табыла берсін бе, жерошақтың түбінде от жанып болған соң қоламтаны күлмен көмген. Келесі күнге дейін сөніп қалмауы үшін. Сөніп қалса, бірбірінен тамызық сұрап жүреді. Оны шым-шуырмен немесе кәпкірмен алады. Өзі де әне-міне, сөнгелі тұрған болмашы от ыстық қоламтадан шыққаннан кейін көп жана қоймайды. Тездетіп үйіне жетіп, тамызығын тұтатуы керек. Кейін адамның асығыс іс-әрекетін білдіретін тұрақты сөз тіркесіне айналып кеткен, – дедім мен.
Жанатай жездем мырс ете түсті.
– Бәрі бірдей асығыс емес шығар. Атам қазақ “От ала келген әйелдің де отыз ауыз сөзі бар” деуші еді ғой.
Байқал БАЙӘДІЛОВ.