«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

АҚ МОЛ БОЛСЫН!

Сүт өнімдері көптеген ұлт үшін қадірлі тағам. Қазақтың да дастарқанынан құрт-ірімшігі, сарымайы мен қаймағы, айраны үзілмеген. Ұлыстың ұлы күні жұрт бір-біріне тілек айтқан кезде “Ақ мол болсын!” деуді ұмытпайды. Бүгіндері бұл сөз сүт өнімі индустриясында да үлкен мағынаға ие болуда. Отандық азық-түлік тауарларының бестен бір бөлігі сүт және сүт өнімдерінің үлесіне тиесілі екен. Тұтыну көлемі жылдан-жылға артпаса азаймасы анық.

Ауыл шаруашылығындағы басты басымдықтардың бірі болып табылатын сүт және сүт өнімдерін өндіру ісі өңірімізде қарқынды дамуда. Былтыр облыс орталығында тағы бір сүт зауыты бой көтеріп, “Казмолторг” сауда белгісімен шығарған өнімдері жұртқа танылып үлгерді. Жаңадан ашылған өндіріс орнының қол жеткізген табыстарын тізбелеу әлі ерте шығар. Алайда, бір жылдың ішінде мақсаты мен жоспарын айқындап алған серіктестіктің бағыты туралы сөз қозғаудың реті бар.

“Казмолторг” кәсіпорнының директоры Вячеслав Котловский бұған дейін Қарағанды қаласындағы ірі құрылыс компаниясын басқарған екен. Кәсібіне еш жанаспайтын істі қолға алуының өз құпиясы бар. Вячеслав Денисович тәжірибесі мол іскер адам ретінде қандай кәсіптен табыс табуға болатынына сезімтал екенін жасырмайды. Бизнесті дамыту жолында тұтынушылар арасында жақсы бедел қалыптастырудың ең басты қағидасы – өндіріске білікті мамандарды шоғырландыра білу, дейді кәсіпкер.

– Мен кадр мәселесіне үлкен мән беремін. Бұл – бизнесте ұтымды қадам. Сүт өндірісі мен үшін таңсық әлем, бірақ сенімді ұжымым бар. Осы салада жиырма жыл еңбек өтілі бар білікті технолог Елена Бутакованы Тайынша ауданынан шақыртып алдым. Өндірістің тізгінін Жезқазған сүт зауытында сегіз жыл директор міндетін атқарған Матвей Черняковқа ұстаттым. Басқа да білікті мамандарды тарта отырып, жақсы ұжым құрдым, – дейді кәсіпорынның құрылтайшысы.

Сүт зауыты бір жылдың ішінде тұтынушылар ортасын қалыптастырып үлгерген. Кәсіпорын басшысы бұл беделге жету үшін зауыт іске қосылған бірінші күннен бастап өнімдердің табиғи құнарлылығын сақтауға ерекше мән берген. Сүт өнімдері өндірісінде табиғилық шикізатқа келіп тірелетіндігін ескерсек, бұл бағытта да кәсіпкер ұтымды жоспар жасап отыр.

– Вячеслав Денисовичтің стратегиясы жақсы. Ол өңір аумағындағы сүт-тауарлы фермалармен өнім жеткізу жұмыстарын тікелей өзі жүргізеді. Сондай-ақ, сервистік дайындау орталықтарын құру үшін төрт кооперативпен келісім жасады. Еліміздің даму стратегиясын жақсы түсінгендіктен Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың Жолдауындағы міндеттерді назарға алып, жұмысты ұйымдастырамыз. Елді мекендерде ауыл шаруашылығы кооперативтерін құру ісіне ұйытқы болмақ ойы бар. Елімізде экспорттық ахуалды дамытуға атсалыспақ. Бәсекелестікке қабілеттілігіміз зауыт өнімдерін шетел нарығына қиналмай шығаруға мүмкіндік береді, – дейді әріптесі Матвей Черняков.

Зауыт әкімшілігі шикізат өнімін жинау үшін Ресейдің Ульяновск қаласындағы машина жасау зауытына сүт таситын бірнеше көлікке тапсырыс беріп қойған. Ондағы мақсат – алдағы жаздан бастап ауылдардағы қосалқы шаруашылықтардан сүт қабылдау. Сондай-ақ, ірі ауылдардың маңында сүт қабылдайтын қосын ашу жоспарлары да бар. Шикізатқа белгілеп отырған бағасы жаман емес. Бүгінгі таңда сүт-тауарлы ферма мен ауыл шаруашылығы кооперативінен бір литр сүтті 110-115 теңгеден сатып алуда. Зауыт зертханасы сүттің майлылығына, тазалығына үлкен мән беруде. Сүтке су қосып алаяқтық жасайтындардың жолы кесіледі. Ал экспорт мәселесіне келсек, зауыт қазірдің өзінде шетелге тауар интеграциясының жолын қалыптастыра бастаған. Зауыт бір жылдың ішінде Ресей нарығына шығып үлгерді. Әр демалыс сайын Омбы мен Қорған қалаларының базарларына тауарлар жөнелтіледі.

– Біздің өнімімізді сатып алатын ресейлік тұтынушылар көбейіп келеді. Апарған өніміміз тез сатылады. Өндірісті кеңейтуге шикізат қорының аздығы кедергі келтіруде, бірақ бұл мәселе де алдағы уақытта шешімін табады деп ойлаймын. Бүгінде Қорған қаласында үлкен сауда жүйесін қалыптастырған “Метрополюс” компаниясымен келісімшарт жасадық, – дейді Матвей Павлович.

Осылайша, петропавлдық тауарөндірушілер ресейлік әріптестеріне бәсекелестік орнатуда. “Казмолторг” тауарлары Астана мен Қарағанды қалаларына да саудаланады. Алыс аймақтарға май, сүзбе сияқты сақталу мерзімі ұзақ өнімдері шығарылса, бес тәулікке ғана шыдайтын сүт және айранмен әзірге өңір нарығы қамтамасыз етілуде. Зауыт бір жылдың ішінде жергілікті бюджетке 15 миллион теңге салық төлемдерін жасаған. 2016 жылы 703 тонна өнім өндірген. Алпыс адамды жұмыспен қамтып отыр. Олардың орташа еңбекақысы 97 мың теңгені құрайды.

– “Казмолторг” сүт зауыты тек елдегі азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуді ғана емес, табиғи шикізаттан жасалған өнімдерімен ұлт саулығын ойлауды да өзіне міндет санайды, – дейді зауыттың технологі Елена Бутакова.

Гүлгүл ҚУАТҚЫЗЫ,

“Солтүстік Қазақстан”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp