«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

АҚ НИЕТ — ҚОҒАМ ТІРЕГІ

Азаттықтың ақ таңы атып, көгінде желбіреген көк туы бар береке-бірлігі ұйысқан бақуатты елге айналдық. Тәуелсіздік ата-бабамыздың төгілген қанымен келді. Сондықтан азаттық ұғымы біз үшін қадірлі.

Достық пен ынтымақ бар жерде береке мен ырыс болады. Ел бірлігі мен халық ынтымағының арқасында Қазақстан биік белестерге көтерілуде. Ал мемлекетімізде барлық этностар татулық пен достық қарым-қатынаста өмір сүруде. Бұл көрініс біздің бірлігіміздің нық екенін аңғартады.

Ынтымағы жарасқан елдің тыныштығы көп жағдайда бір ортада өмір сүретін халыққа байланысты. Егер елде алауыздық, сатқындық, опасыздық болса, онда мемлекеттің ертеңі бұлыңғыр. “Ел ішінде дау көбейсе, ел сыртында жау көбейеді” демекші, бір тудың астына біріккен халық елдің тыныштығын ойлап, берекесін сақтауға барынша мүдделі болуы керек. Солтүстік Қазақстан – көпэтносты өңірдің бірі. Олар татулықпен еліміздің гүлденуі жолында еңбек етуде. Бұл да елдің басына бұйырған бақыт шығар.

1995 жылдың 18 қазанында Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығымен 1 мамыр – Қазақстан халқының бірлігі күні деп бекітіліп, жыл сайын дәстүрлі түрде атап өтілуде. Бұл мерекенің Қазақстан халқы үшін мәні терең, маңызы жоғары. Мереке қарсаңында Есіл ауданында да көптеген іс-шаралар өткізу жоспарланған болатын. Аудандық білім, мәдениет ошақтарында бірқатар шаралар өтті. Сынып сағаттары мен түрлі спорттық жарыстар ұйымдастырылды. Жастар бастамалары орталығы кең ауқымды жұмыс атқаруда. Қазақстан халқының бірлігі күні қарсаңында облыстық “Радзіма” белорус қоғамдық бірлестігімен қосыла Ильинка ауылында белорус мәдениеті күні өткізілді. Былтыр Қазақстан халқы Ассамблеясының 20 жылдығы аясында осы ауылда “Добрыня” белорус этномәдени орталығы құрылған болатын. Орталықта бұл этностың өткені мен бүгінгі тыныс-тіршілігінен сыр шертетін бөлме бар. Белорус мәдениеті күні аясында көрермендерге көтеріңкі көңіл-күй сыйлаған тамаша концерт қойылды. Онда қазақ, орыс, белорус ұлтының әндері шырқалды. Шара аясында ұлттық тағамдар әзірленді. Қолөнер бұйымдарының көрмесі өтті. Осылайша достық, татулық қарым-қатынаста өткен концерт ауылдың ғана емес, облыстағы этностар арасындағы сыйластықты, бірлікті, ынтымақты паш етті.

Жалпы Есіл ауданында 30-ға жуық әртүрлі этнос өкілі тұрады. Жергілікті қазақ халқынан бөлек, орыс, украин, немістер көп. Ал аудан бойынша 10 этномәдени бірлестік жұмыс істейді. Бұған дейін төрт бірлестік болса, Қазақстан халқы Ассамблеясының 20 жылдығы аясында 6 орталық құрылды.

Біздің елімізде әр этностың салт-дәстүрі мен мәдениетін, әдетғұрпын паш етуге барлық жағдай жасалған. Жыл басынан бері аталмыш бірлестіктер ауқымды шараларды қолға алды. Биыл алғаш рет Алғыс айту күнін атап өттік. Осыған орай этномәдени орталықтарда өткен шараларға бірнеше буын өкілдері атсалысты. Ал 1 мамыр күні барлық этномәдени орталықтар өкілдерінің қатысуымен салтанатты шеру өткізуді жоспарлап отырмыз. Ұлттық тағамдар байқауы да болады. Қазақстан халқының бірлігі күні мерекесіне орай этностар қызу дайындық үстінде. Бұл күні есте қалатын ерекше концерт ұйымдастырылмақ. Мерекелік дастарқан жайылып, Қазақстан Тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналған 25 түрлі тағам қойылады. Бұл шараға барлық ауылдық округтер белсене қатысады. Орталық стадионда спорттық жарыс өткізіледі.

Бірлік пен берекені, татулық пен сыйластықты паш ететін мерекені кең ауқымды атап өту үшін де жастармен жұмыс жүргізілуде. Өйткені, жастар – қоғамның белсенді мүшесі. Біз жастарға дұрыс бағыт-бағдар сілтей отырып, ұлтаралық татулықты нығайтуға өз үлесімізді қосқанымыз жөн. Ұлыстарды ынтымаққа ұйыстырып, еліміздің тыныштығын сақтауға тиіспіз. Ұлтаралық татулық қоғамның алтын діңгегі екенін ұмытпайық.

Сәуле ӘБІЛМӘЖІНОВА,

Есіл аудандық ішкі саясат

бөлімінің басшысы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp