
Кеше Қазақстан халқы Ассамблеясының жылы еліміздің барлық өңірлерінде бір уақытта салтанатты түрде мәре алды. Манаш Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінде өткен іс-шараға облыс әкімі, Қазақстан халқы облыстық ассамблеясының төрағасы Ерік Сұлтанов қатысып, солтүстікқазақстандықтарға Елбасының құттықтауын жеткізді.
– Бүгінгі таңда Қазақстан халқы Ассамблеясы еліміздегі барлық ұлт пен ұлысты бір шаңырақ астына топтастырған маңызды құрылымға айналды. Сондықтан Ассамблея жылы – 17 миллион қазақстандықтардың ортақ мерекесі. Еліміздің әрбір азаматы атамекендегі бейбітшілік пен келісімді сақтауға жауапты екенін айқын сезінуі керек. Бұл – Қазақстан болашағының негізі, – деді өңір басшысы Мемлекет басшысының құттықтау сөзін оқып.
Содан кейін салтанатты түрде Қазақстан халқы Ассамблеясының туы көтерілді. Бұл құрмет Ұлы Отан соғысының ардагері Василий Турашевке, облысымыздың құрметті азаматы Жамбыл Тасеменовке, Қазақстан халқы облыстық ассамблеясы төрағасының орынбасары Мұса Дадаевқа және жерлесіміз, жеңіл атлетикадан Универсиада чемпионы Маргарита Мұқашеваға бұйырды.
Салтанатты шара барысында студенттердің және “Алуа” би ансамблі мүшелерінің қатысуымен “Жастар қоғамдық келісімді қолдайды” атты флешмоб өтті.
Қазақстан халқы Ассамблеясының мерейтойлы жылында біздің өңірде де ауқымды шаралар жүзеге асырылмақ. Әсіресе, облыстық ассамблея құрамындағы 23 этнобірлестік белсенділік танытатын болады.
– Бүгін туы көкке желбіреп, Қазақстан халқы Ассамблеясының жылы басталды. “20 игі іс” акциясы аясында облыстық ассамблея жастар форумдарын ұйымдастырады, аудандарға барып, әлеуметтік көмек көрсетеді. Балалар және Қарттар үйлері назардан тыс қалмайды, – деді Қазақстан халқы облыстық ассамблеясы хатшылығының меңгерушісі Наиль Салимов.
Шара соңы жергілікті көркемөнерпаздар ұжымдары мен этномәдени бірлестіктер әзірлеген концерттік бағдарламаға ұласты.
Назерке ТҰРСЫНОВА,
журналист.
Суреттерді түсірген Талғат ТӘНІБАЕВ.