
Облыстық іскер әйелдер қауымдастығының ұйытқы болуымен нәзік жандарға арналған кеш өтті. “Шын жүректен” деп аталған шараға әр салада көп жыл бойы еңбек еткен ардагерлер, көпбалалы аналар, үкіметтік емес ұйым өкілдері және өз ісін дөңгелетіп отырған іскер әйелдер шақырылды.
Облыстық іскер әйелдер қауымдастығының төрайымы Бақытжан Сәмиева жиналғандарды көктемнің алғашқы мерекесімен құттықтап, ақ тілегін жеткізді.
Өмір жолында қиындықтарды жеңе жүріп, құрыштай шыныққан қариялар отбасы, бала тәрбиесі жайында әдемі әңгіме өрбітті. Бейбітшілік бесігінде тербелген егемен еліміздің бүгінде қол жеткізген жетістігі, бағындырған белестері Елбасының арқасы екенін де кеш қонақтары ерекше тебіреніспен айтты.
Жергілікті өнерпаздар да кештің ойдағыдай өтуіне атсалысып, ән мен биден шашу шашты.
Алма ҚУАНДЫҚҚЫЗЫ,
«Солтүстік Қазақстан».
Суретті түсірген Талғат ТӘНІБАЕВ.