
2014 жыл жеке кәсіпкер Владимир Левин үшін республикалық “Қазақстанның үздік тауары” байқау-көрмесінде жеңіске жетуімен есте қалды. Ақ қайыңнан жиһаз жасап, сатуға маманданған кәсіпорын “Тұрғындарға арналған үздік тауарлар” аталымында үздік деп танылды.
Аталмыш байқау-көрмеге 153 кәсіпорын мен жеке кәсіпкер қатысқанын атап айту керек. Салтанатты марапаттау рәсімі Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен 2014 жылы 25 желтоқсанда Астанадағы Тәуелсіздік сарайында өтті.
Әкесі Владимир Давыдовичтің кәсіпорнын басқаруды бұл күндері қолына алған қызы Елена бұған дейінгі наградаларының жеткілікті екендігін, бірақ мұндай жоғары марапатқа бірінші рет ие болып отырғандықтарын айтып, ағынан жарылады.
Ал марапаттау рәсіміне қатысып келген кәсіпорынның негізін қалаушы:
– Қазақстан Республикасының Президенті мен өңірлердің барлық басшылары, ең үздік кәсіпкерлер жиналған осынау үлкен форумға алғаш рет қатыстық. Мұндай жоғары марапатқа ие болу – біз үшін үлкен қуаныш.
Өзімізде шығарылатын жиһаздардың республикада тұрғындарға арналған ең үздік тауар деп танылуына кәсіпорнымызда жұмыс істейтін әрбір еңбеккердің қосқан үлесі зор. Осынау жоғары құрмет бізді одан да жақсы жұмыс істеуге міндеттейді, өйткені біз бүгінгі күні қол жеткізген мәртебемізге енді алдағы уақытта әрдайым сәйкес болуға тиіспіз, – дейді.
Владимир Давыдович негізін қалаған кәсіпорын елімізбен бірге өсіп, дамығанын атап айту керек. Кәсіпкер өзі құрған өндіріс орнын тек республиканың ғана емес, Қазақстанның тәуелсіздік алуымен құрылған нарықтың да құрдасы деп есептейді. Владимир Левин бизнес-идеясымен өз үйінің бірінші қабатын шеберханаға айналдырып, 1991 жылы бар-жоғы 5 жалдамалы жұмысшымен бірге жиһаз жасауға кірісті. Қазір оның жеке кәсіпорнында 100-ден астам адам еңбек етеді. Тек өндірістік ғимарат қана 1,27 гектар аумақты алып жатыр. Қызылжар ауданының орталығындағы Бескөл ауылында кәсіпкердің фирмалық жиһаз дүкені бар. Жиырма жылдың ішінде өндіріс орны біршама өсті. Бүгін “Левин В.Д.” жеке кәсіпкерлігі өндірістік ауқымда отандық үздік жиһаз жасаушылардың бірі ретінде танымал.
– Кәсіпорынның қажетті өндірістік алаңы және жиһаз жасауға арналған тиісті құрал-жабдықтары бар. Олар білікті мамандармен қамтамасыз етілген. Қазіргі уақытта кәсіпорын ас ішетін, қонақ күтетін бөлмелерге қажетті жиһаздардың барлық түрлерін, әткеншек-кресло, орындықтың 15 түрлі нұсқасын жасайды. Онда шығарылған өнімдер мемлекеттік стандарттың барлық талаптарына сай, сәйкестік сертификаты да бар, – дейді облыстық кәсіпкерлер палатасының Қызылжар аудандық филиалының директоры Асқар Нұрмұқанов.
Кәсіпкер бәсекелестікке төтеп беру үшін бір орында тұрып қалмау керектігін, өз өндірісін үнемі жетілдіріп отыру қажеттігін жақсы біледі. Мысалы, 2011 жылы кәсіпорында өңдейтін және ажарлайтын цех іске қосылып, еңбек өнімділігін 12 пайызға арттырды. Цехты жарақтандыру үшін фрезерлік, төртжақты, екі барабанды ажарлағыш станоктар, жаңқа мен шаңсорғыштар сияқты арнайы құрал-жабдықтар сатып алынды.
Кәсіпорын бизнесті қолдауға арналған мемлекеттік бағдарламаларға белсене қатысады. Мысалы, 2009 жылы “Левин В.Д.” ЖК ұқсату кәсіпорындары саласында шағын кәсіпкерлік субъектілерін қолдау бағдарламасын пайдалана отырып, “Самұрық-Қазына” Ұлттық әл-ауқат қоры” АҚ, “Даму” кәсіпкерлікті дамыту қоры” АҚ қолдауымен қолданыстағы кредитті қаржыландырды. 2011 жылы мамыр айында “Жұмыспен қамтудың жол картасы – 2020” бағдарламасы бойынша жұмыссыз жастарға жастар тәжірибесін ұйымдастырды. Сол жылы желтоқсан айында сомасы 3 млн. теңгенің құрал-жабдықтарын алу үшін аталмыш бағдарламаның екінші бағыты аясында кредит алуға әлеуметтік келісім жасады. 2012 жылы “Жұмыспен қамтудың жол картасы – 2020” бағдарламасы бойынша 10 адамды кәсіпорын әлеуметтік жұмысқа орналастырды.
“Левин В.Д.” ЖК-нің өзіндік бір ерекшелігі – жеке тапсырыс бойынша қабырғалық жиһаздар әзірлеуге маманданғандығы. Кәсіпорынның өнімі Петропавлға ғана емес, Астана, Ақтау, Көкшетау, Степногорск, Қарағанды, Шымкент, Атбасар, Павлодар, Жезқазған сияқты қалаларға да танымал. Жиһаздардың сапалылығы, қайталанбайтын дизайны солтүстікқазақстандық тауарға деген сұранысты арттыра түсуде. Кәсіпорын “Алтын сапа – 2009” байқауында, “Қазақстанның үздік тауары” байқауының “Тұрғындарға арналған өндірістік тауарлар” аталымында 1-ші, “Парыз – 2009”, “Парыз – 2011”, “Жиһаз өндіруші – 2008” байқау-көрмелерінде 2-ші дәрежелі дипломдармен, ҚР Президентінің және ҚР Премьер-Министрінің Алғыс хаттарымен марапатталды, 2010 жылы “Үздік кәсіпкер” атанды. Бұл – наградалардың бір бөлігі ғана.
– Біздікі – отбасылық өндіріс, оған іс жүзінде отбасының барлық мүшелері тартылған. Әкем, шешем, кәмелеттік жасқа жеткен ұлым да бізге көмек көрсетеді. Бізбен бірге құда-құдағилар, ата-енелер де жұмыс істейді. Жұмыла көтерген жүк жеңіл екенін осылай дәлелдеп жүрміз, – дейді Елена Левина.
Кәсіпорын алдағы уақытта да шығаратын өнім көлемін көбейте отырып, олардың сапасын жақсарта түсуді мақсат етеді. “Жиһаз да қолданудан түсіп қалатын немесе мол сұраныс тудыратын сән, үлгісі бар киім сияқты”, – деп есептейді бүкіл отбасымен, ынтымақты ұжымымен кәсіпорынды өрге бастырып отырған Владимир Давыдович.
– Кез келген істі нарықты, тауар мен қызметке сұранысты зерттеуден бастау керек. Өндіретін өніміңіз бен қызметіңіздің өзіндік құнын, барлық тәуекелдерін есептеп алып қана өз ісіңізді бастағаныңыз жөн. Егер өзіндік қаражатыңыз болмаса, кредит алыңыз, қазір мемлекетіміз бизнесті қолдау жөнінде теңдессіз шаралар қолдануда. Олар ісін жаңадан бастағысы келетіндерге де, кәсіпкерлікпен айналысып жүргендерге де арналған, – деп ақыл-кеңес береді Владимир Левин өндіріспен айналысқысы келгенімен, ісін неден бастауды білмейтін жерлестеріне.
Сағынгүл ІРГЕБАЕВА,
журналист.
Суретті түсірген
Амангелді БЕКМҰРАТОВ.