«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

АҢСАУМЕН ӨТКЕН КҮНДЕР-АЙ!

Жасы елулерді еңсеріп қалған жігіт ағасы кабинет есігін имене ашып, табалдырықта сәл бөгеліп қалды. Бері қарай өтер-өтпесін біле алмай абдырап қалғанын байқап, төрге озуын өтіндік. Қарашаңыраққа арнайы ат басын бұрып келгеніне қарағанда жай жүрмеген болар деп іштей топшыладық. Әліптің артын бағып, сөзді тосып, асықпай жауап беруіне қарағанда отбасында “кішілік те – кісілік” деген қазақы тәрбиені бойына сіңіріп өскен тәрізді. Өзін Әскер Нұрғалиев деп таныстырған Петропавл қаласының тұрғыны бұйымтайын айтпастан бұрын әңгімені әріден бастап ата-тегін таратып өтті. Әкесі Ақжайық пен шешесі Рахима екеуі 7 ұл-қыз өсіріп, немере қызығын көріп отырған бақытты ата-әже екен. “Ата-анамыздың ұрпақ өрбіткен жері – Есіл ауданына қарасты Өрнек ауылы. Бәріміз осы бір қасиетті өңірден түлеп ұшып, қанат қақтық. Әжем ата қонысымыз, түп тегіміз Батыс Қазақстан облысы Шыңғырлау ауданы Үшсай ауылы деп үнемі айтып отыратын. Атығай арасына сіңісіп кеткендіктен, руымыз Адай екенін енді біліп жатырмыз”, – деген сұхбаттасымыз атасы Ерғалидың өмір жолынан біраз сыр шертті.

“Атасы балалар үйінде тәрбиеленіпті. Жетімдерге құшағы кең, мейірімі мол кеңес өкіметі оны жолдамамен Мәскеудегі Бауман атындағы жоғары техникалық училищеге оқуға жібереді. Жастайынан жоқшылықты көп көріп, алғыр, зерек болып өскен бозбала екінің бірі тәуекел ете бермейтін физика-математика факультетіне түседі. Жат жерде оқып жүргенде Қазина есімді қазақтың айдай сұлу аруымен, мың бұралған биші бойжеткенімен танысып, жүрек жарастырады. Курстастары хореограф мамандығын алып шыққан жан жары екеуін қимастықпен, Мағжан еліне аттандырып салады. Мұғалімдердің жетіспеушілігіне байланысты жас маман соғыс жылдары броньмен қалдырылып, ұстаздық жолын жалғастырады.
Ерғали атамыздың ескі сырқаты дендеп, атамекенге жете алмайтынын, бір уыс топырақ бұйырмайтынын іші сезсе керек. Тым болмаса ұрпағым елін, жерін, шыққан тегін ұмытпасын, ойлай жүрсін, бәлкім, ол жақтағы ағайынмен, ел-жұртпен табысар, қауышар деген жүрекжарды тілеумен 1946 жылы наурызда дүниеге келген әкемнің есімін Ақжайық деп өзі қойыпты. Көп ұзамай ақтық демі таусылып, Өрнек зиратына жерленеді. Әжеміздің сүйегі де осы қорымда жатыр”, – деген Әскер негізгі шаруасына қарай ойысты.
Жергілікті архивте атасының өз қолымен толтырған өмірбаяны сақталып қалғанын үлкен олжа санайды. Онда әкесі Малайдың 1920 жылы, шешесі Патиманың 1917 жылы қайтыс болғаны, туған жері Шыңғырлау ауданы Үшсай елді мекені екені тайға таңба басқандай жазылыпты.
– Малайдың бауырынан Ерғали, Мырзағали, Әбдірғали, Оразғали, Мерғали атты тепсе темір үзетін бес ұл өрбіген. Өткен ғасырдың 50-ші жылдары Мерғали Өрнекке арнайы іздеп келіп, аунап-қунап кетіпті. Содан кейін хабар да, байланыс да пышақ кескендей үзіліпті. Ауру-сырқаулы әкемнің басты арманы – көзі тірісінде атажұртта қалған туыстармен табысу, қауышу. Бәлкім, бір-екі жұрнағы табылып қалар деген үмітін үзген емес. Әр күні аңсаумен, сағынышпен өтіп жатыр. Жатса да, тұрса да басты уайымы – осы. Жақсы хабар жетіп жатса, сүйіншіміз дайын, – деді қоштасар сәтте жанарына мұңнан гөрі қуаныш оты ұялаған Әскер бауырымыз.
Әскердің анасы Рахима Мергенбаева шешей облыстық “Ленин туы” газетінде біршама уақыт әріп теруші болып еңбек етіпті. Жерлесі, қарымды журналист Әміржан Мәутенбаевтың шапағатын аз көрмесе керек. Содан кейін болар, ол да ұлына қарашаңыраққа қарай жөн сілтеп, тілшілер қауымының көмегіне жүгінуді өтініпті.

Өмір ЕСҚАЛИ,

“Soltústik Qazaqstan”. 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp