«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

АҢ АТУҒА ТЫЙЫМ САЛЫНДЫ

Қазақстан Республикасының “Жануарлар дүниесі нысандарын, олардың бөліктері мен дериваттарын пайдалануға шектеулер мен тыйым салуды енгізу, оларды пайдалану орындары мен мерзімдерін белгілеу туралы” Заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізілді. Онда жануарлар әлемін сақтау және олардың санын көбейту мақсатында аңшылықтың тәртібі айқындала түсті. Осы заңнамаға сәйкес 2017 жылдың 16 ақпанынан 14 маусымға дейін аңшылыққа тыйым салынады. Сондай-ақ, бір адамның аулаған аң-құсының саны бестен аспауы тиіс. Биыл үйрекке, құрға, саңырау құрға және аюға аңшылық құруға рұқсат етілген.

Тыйым неге салынады? Бүгінгі таңда аң-құстардың саны күрт азаюда. Әсіресе, қанаттылар. Құстардың аталығына ғана аңшылық құру рұқсат етілсе де, құстың аталық екендігіне көз жеткізбей, оқ ататындар көп. Барылдауық үйрек болмаса, басқа құстардың аталығын ажырату оңай емес. Сондықтан аңшылар құстардың аналығын атып тастайды. Тіпті, мылтық кезеуге рұқсат етілмейтін аққулар да оққа ұшып жатады.

Аңшылыққа тыйым салу тек Қазақстанда ғана емес, Еуропалық одаққа мүше елдердің бәрінде бар. Өзіңіз ойлап қараңыз, қыстың ызғарына шыдап, көктемде жұмыртқа салып, көбею үшін ұшып келген құсқа қиянат жасау адамгершілік тұрғыдан құптайтын іс пе? Адамның қанаттыларға деген жанашырлығы төмендеп кеткен. Мәселен, бүгінде елімізге ұшып келетін жыл құстарының саны 1990 жылдың ортасымен салыстырғанда екі есеге қысқарған.

Тағы бір ескерте кететін жайт, көптеген құстар өз жұбын көктемге дейін тауып алады. Ал олардың бірін атып тас-тасақ, екіншісінің көбеюге мүмкіндігі болмайды. Сондай-ақ, өзіне тұрақ тауып алған құстарды мылтық дауысы шошытып жібереді. Өкінішке қарай, заңсыз әрекеттердің жолын кесуге маманданған қорықшылардың аздығы, көліктің жетіспеушілігінің кері әсері бар.

Жанат МҰҚАШЕВ,

облыстық орман шаруашылығы

және жануарлар дүниесі аумақтық

инспекциясының бас маманы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp