«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

“А” КОРПУСЫ ҮМІТТІ АҚТАДЫ МА?

Жаңа бастық жайлы орынтаққа отырысымен-ақ өзінен бұрынғы басшының бітірген істерін бекерге шығарып, қолға алған бастамаларын аяқсыз қалдырып, “Жаңа сыпырғы жаңаша сыпырады” деген орыс мәтеліндегідей, бәрін өзінше жасайтын “дәстүр” қалыптасқанына көзіміз үйреніп, етіміз өліп кетті. Сондықтан да кешегі Мемлекеттік қызмет істері жөніндегі агенттіктің төрағасы болған Әлихан Байменовтың “Еврика!” дегендей елді елең еткізіп, мемлекеттік әкімшілік қызметшілердің “А” корпусын енгізгеніне екі жыл толмай жатып, оны жуырда қайта құрылған Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің су жаңа басшысы Қайрат Қожамжаровтың мәртебелі мінберден сілейте сынап, мүлдем жоққа шығарғандай болғанына онша қайран қалған жоқпыз. Аспанасты еліндегі айтқыштардың “Өтпелі кезеңде өмір сүр!” деген қарғысын құлағымызға ілмек түгіл, Алланың алғысындай көріп, арқа-жарқа тірлік кешіп жүрген біз үшін бұл да аузымыз аңқиып, көзіміз бақыраятындай керемет жаңалық болған жоқ, әрине.

Бірақ, “Қайрат Қожамжаровтың “А” корпусын жасақтау және оның резервіне алынған кадрларды тиісті қызметке орналастыру тәжірибесін іске алғысыздай қылып сынауының қисыны, расында да, бар ма, жоқ па?” деген сауалға көз алдымызда өтіп жатқан өмір шындығына үңіле жауап іздеп көрсек, “Жел болмаса, шөптің басы қимылдамайды” деген сөздің жаны барлығын тағы бір аңғарамыз. Мәселен, былтырғы жылы біздің Солтүстік Қазақстан облысынан “А” корпусына өтуге ынта білдіріп, арнайы тестілеуге қатысқан бұрынғы мемлекеттік саяси қызметшілер – аудан әкімдерінің тең жартысы бір-екі ұпайды кем жинап, “екілік” алып, “құлап” қалды. Осы сыннан күтпеген жерден сүрініп, қолдарындағы билік тізгінін өкшебасар “білімді жастарға” тапсыруға мәжбүр болғандардың ішінде, тіпті, Қызылжар өңіріне көптен танымал Ерік Нұрақаев, Болат Жұмабеков, Серікбай Тұралинов сынды басшы азаматтардың да барлығын естігенде “Бұл қалай болды өзі?..” деп ойланып қалғанымыз да рас.  

Бір сүйініштісі, “А” корпусына өте алмай қалған беделді де іскер аудан әкімдерінің ешқайсысы қызметсіз қалдырылған жоқ. Мәселен, Ақжар, Есіл аудандарын және Петропавл қаласын басқарған, облыс әкімінің орынбасары болып бірнеше жыл істеген тәжірибесі мол басшы Ерік Нұрақаев бүгінде «Қазпочта» акционерлік қоғамының облыстық филиалына жетекшілік жасап жүр. Ал, Тимирязев ауданы мен Петропавл қаласының әкімі, облыс әкімі аппаратының басшысы, өңір басшысының орынбасары болған Болат Жұмабеков биыл «А» корпусының тестілеу сынағынан абыроймен өтіп, Қызылжар ауданының әкімдігіне тағайындалды. Шалғайдағы Уәлиханов ауданын үш жылдай басқарған уақыт ішінде аталмыш өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына елеулі үлесін қосып, жергілікті тұрғындардың ілтипатына бөленген Серікбай Тұралинов – қазір облысымыздың ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы. Ол да былтыр алған “екілігін” түзетіп, “А” корпусының резервіне алыныпты.

Алайда, “А” корпусына өте алмаған аудан басшыларының орындарын басқан жаңа да жас әкімдердің бәрі бірдей тестілеу бойынша танытқан білімдерінің молдығын іс жүзінде көрсетіп, жұмыстарын дөңгелетіп әкете қойған жоқ. Бір жылдан соң “Б” корпусындағы төмендеу қызметке ауысуға мәжбүр болғаны да, өзіне сеніп тапсырылған ауданның жұмысын ақсатып алып, сынға ұшырап жүргендері де бар араларында… Соларға қарап: “Біз осы, орыс халқы айтқандай, бізді сабынға айырбастап алған жоқпыз ба?” – деген ойға қаласың.

Жуырда облыс әкімі аппаратының бұрынғы басшысы Владимир Дудов Ғабит Мүсірепов атындағы ауданның әкімі болып тағайындалған болатын. Соған орай “Енді оның орнын кім басар екен?” деген сауал туындап тұрғаны анық. Оған өзімше жауап іздеп, болжам жасап көру үшін Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің сайтына салынған “А” корпусының резервіне көз жүгірттім. Өкінішке қарай, бұл жоғары лауазымның резервіне біздің облыста қызмет атқарып жүрген азаматтардың ешқайсысы кіргізілмеген болып шықты. Егер облыс әкімі аппаратының басшысы болып “А” корпусының тиісті резервінде тұрған, басқа жақтың азаматы тағайындалмаса, онда жергілікті кадрлардың бірінің аталмыш резервке өтуін әлі бірнеше ай күту керек деген сөз бұл. Ал, біздің облыстан аудан әкімі лауазымының резервінде қалғаны – жалғыз Серікбай Тұралинов қана екен. Осыны білгенде былтыр бірінші басшылары тестілеуден қажетті ұпай жинай алмағандықтан, қызметтерінен босатылған 4 ауданның әкімдері етіп тағайындауға өз облысымыздан “А” корпусының резервіне қойылған басшы кадрлар табылмай, оларды басқа өңірлерден әкелуге тура келгендігі есіме түсті…

Жоғарыда айтылған жайлардан түйген байламым: ел өңірлеріндегі атқарушы биліктің негізгі салмағы түсетін басшы кадрлардың ұстаханасы болып табылатын “А” корпусының бүгінгі жағдайы көңіл көншітерліктей емес. Әсіресе, тестілеу қорытындысы бойынша бір-екі ұпайды кем алып, “мұрттай ұшып” жатқан тәжірибелі аудан әкімдерінен ойда-жоқта айрылып қалғанымыз – қабырғаны қайыстырарлықтай өкінішті жайт. Олар екінші рет “А” корпусына өтуге өтініш беріп, тиісті тестіні абыроймен тапсырып, қайтадан биік лауазымға тағайындалғанша кемінде бір жылдай уақыт жоғалтатынын өмір көрсетіп отыр. Кейбіреулері осыдан соң тіпті мемлекеттік қызметпен біржола қоштасуды ұйғарғандығын да білеміз. Бұған қоса, өткен жылы біздің облыстан “А” корпусының резервіне қажетті кадрлар жеткілікті деңгейде алынбай, аудан әкімдерін сырттан “тасуға” жол берілгендігі де ойландырмай қоймайды. Бұдан да ұтылмасақ, ұтқанымыз шамалы. Сондықтан да осы жүйеден біржола бас тарту керек пе, әлде оны жетілдіре түсу жөн бе – бұл көкейкесті мәселені жан-жақты сараптап, “Келісіп пішкен тон келте болмас” дегендей, көп болып кеңесіп шешу қажет.

Кәрібай МҰСЫРМАН,

Солтүстік Қазақстан

облыстық Тәртіптік кеңестің мүшесі.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp