Тәуелсіздігіміздің арайлы таңы атып, бар-жоғымызды зерделейтін мүмкіндік туған сәттен бастап төл тарихымызға терең үңіліп, ата-бабаларымыз жайында шежіре жинай бастағанымыз шындық. Еліміздің көптеген ғалымдары көрші Қытай, Ресей мұрағаттарынан баға жетпес құнды деректер іздестіріп, қасық қаны қалғанша “елім, жерім” деп өткен бабаларымыздың отансүйгіш, батыл, қайсар рухты болғанын дәлелдеді. Бұл жайында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев өзінің “Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру”, “Ұлы даланың жеті қыры” атты бағдарламалық мақалаларында кеңінен тоқталды.
Расында да, қазіргі қоғам өмірінің ажырамас бөлшегіне айналған көптеген құндылықтар, ерліктің ерен үлгісін көрсеткен қаһарман тұлғалар қазақ жерінен шыққаны – ақиқат дүние. Өткенімізбен қауышуда, әсіресе, бес мыңжылдық тарихын хаттаған Қытай мен Ресей мұрағаттарының пай-дасы мол болды. Архивке жүгіну және ел аузында қалған аңыз-әңгімелерді жинап топтастыру нә-тижесінде біздің Аққайың ауданынан да қол бастар батыр-билердің шыққанына көз жеткіздік. Есімі елге танылған, қазақ тарихында өшпес із қалдырғандардың қатарында Қайлы Атығайдың шөбересі, Құдайқұл-Жиестің ұрпақтары атақты Әндіқожа Әлмем-бетұлы, Баубек Есенбайұлы мен Жансүгір Баубекұлы да бар.
Осыдан бірнеше жыл бұрын облысымыздың тумасы Абай Тасболатовтың “Ер есімі ел есінде” атты кітабы көпшілікке жол тартты. Онда ту ұстаған атақты Әндіқожа батыр туралы мағлұмат келтірілген. Батыр атамыз 1672 жылы “Үшқызыл” кеңшарының шығыс жағында “Қаршыға ұстаған” деген қамыс шұбар бауырында туып, 80 жасқа қараған шағында бұрынғы Көкшетау облысының Бурабай ауданында дүниеден өткен. Түркістан шаһарындағы “Қожа Ахмет Яссауи” кесенесі басында аруланып, жерленген жерлестеріміздің бірі осы Әндіқожа батыр болған. Бабамыздың аруақтылар мен ардақтылардың ара-сынан орын тебуінің өзі оған деген құрметтің зор болғандығын аңғартады.
Әндіқожа батыр қырық сарбазымен бірге Сарыбай ауылының маңында Абылай ханды қарсы алып, оған жол көрсетіп, бір жарым ай бойы қасында жүрген. Ал Ұлытау ауданының Бұланты өзенінің бойындағы 1726 жылғы соғыста бас қолбасшы Бөгенбай батыр Әндіқожаға қазақ жасақ-тарын басқаруды сеніп тапсырған. Ол өзі басқарған Атығай-Қарауыл сарбаздарымен қатар Орта жүз руларының аттыларымен бірге жауды тас-талқан етіп, жеңіске жеткен. Дәл осы жолы атақты Бөгенбай батыр: “Әндеке, сені қатты сыйлаймын. Бұл жолғы жаужүректілігіңе одан сайын риза болдым”, – деп ақ батасын берген екен. Әндіқожа батырдың Бөгенбайдан он жасқа үлкен болғаны мәлім. Халық арасында екі тұлғаның бір-біріне деген сыйластығын суреттейтін аңыз-әңгіме аз емес.
Мақаланың жалғасын газетіміздің 29 шілде күнгі №86 санынан оқи аласыздар.