Қытайдың атақты философы Конфуций: “Егер де маған ел басқару мүмкіндігі туса, ең алдымен, сол елдің тіл мәселесін қолға алар едім. Себебі, тіл бірлігі болмаса, пікір бірлігі болмайды және идеология дұрыс жүргізілмейді. Идеология дұрыс жүргізілмей, ортақ түсіністік таппаған елде бірлік болмайды. Сондықтан бәрінен бұрын адамдар арасында бірлікті ұстап тұрған тіл мәселесі маңызды”, – деген екен.
Қазақ тілінің маңыздылығы мен қолданыс аясын кеңейту мақсатында Петерфельд орта мектебінде тілдер апталығы өтті. Біздің мектебімізде түрлі этнос өкілдері оқиды және бұл мереке – олардың өз тарихын, дәстүрін ерекше дәріптейтін мүмкіндік. Алғашқы күннен бастап “Тілге құрмет – елге құрмет” тақырыбында сынып сағаттары, “Мен – өз елімнің патриотымын!” шығармалар сайысы, “Тіл – бабалар мұрасы” кітап көрмесі ұйымдастырылды. Бастауыш сынып оқушылары үшін “Көп тілді өлкем менің!” суреттер көрмесі, “Тіл – халық жүрегінің кілті” атты 5-11-сынып оқушылары арасында үш тілде зияткерлік сайысы өтті.
Бұл жолғы мереке ұлттық асхана жәрмеңкесі және ойындар жарысы ұйымдастырылуымен ерекшеленді. “Таңғажайып тілім менің!” тақырыбында әдебитеатрландырылған кеш ұйымдастырылып, оқушылардың жыр оқу және шешендік өсиеттерді сахналау шеберлігі сараланды. Бір ерекшелігі, өр мінезді жас ұландарымыз тіл туралы Төле, Әйтеке, Қазыбек билер, Жиреншенің тауып айтқан шешендік сөз саптауларын, Қадыр Мырза Әлі, Сырбай Мәуленов, Мұхтар Шаханов сынды ақындардың жырларын нақышын келтіре орындады.
Әсіресе, Әділ Теміров, Рузана Малхасян, Сабина Қожахметова сынды оқушыларымыз “Жыр дүлділдері” атанып, көзге түсті. Әрине, тілге деген кейінгі ұрпақ тарапынан мұндай құрметтеу мен дәріптеуді көргенде, жыр оқуларын құлағыңның құрышын қандырып естігенде, сүйсінесің, мақтанасың, болашаққа сеніммен қарайсың. Ата-бабаларымыз армандаған тәуелсіздікке қол жеткізіп, айымыз оңынан, жұлдызымыз солынан туып тұрған шақта осы рухани құндылықтарымыздың қайнар бұлағы – тілімізді әрқашан биікке көтеру перзенттік парызымыз болып қала бермек!
Данаш АБДРАХМАНОВА,
Петерфельд орта мектебі қазақ тілі
мен әдебиеті пәндерінің мұғалімі.