«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

БАБАЛАР МҰРАСЫ МӘҢГІЛІК

М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінде “Қазақ хандығы – ұлы бабаларымыздың тарихи мұрасы” атты өңірлік ғылыми-тәжірибелік конференция өтті.

Облыс әкімі Ерік Сұлтановтың атынан конференцияға қатысушыларды облыстық тілдерді дамыту жөніндегі басқарманың басшысы Кемел Оспанов құттықтады.

– Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев өз Жолдауында Қазақ хандығының 550 жылдығын лайықты атап өту қажеттілігін атап айтты. Бұл елімізде мемлекеттілігіміздің тұңғыш тойлануы, – деген Кемел Қарашаұлы Қазақ хандығының 550 жылдығын атап өту бойынша арнайы тұжырымдама бекітілгеніне ерекше тоқталды. Тұжырымдама әр алуан 70 шарадан тұрады. Негізінен тарихи және идеологиялық бағыттағы шаралар республикамыздың барлық өңірлерін қамтып, қорытынды іс-шара қыркүйек айында Шу мен Талас аралығында, яғни Қазақ хандығы алғаш туын көтерген “Қозыбасы” жерінде өтпек. “Алтайдан Дунайға дейін” деп аталатын халықаралық экспедиция Венгрия мемлекетімен бірлесіп өткізілсе, неміс ғалымдары қазақстандықтармен бірге археологиялық қазба жұмыстарын жүргізуге ынта танытуда. “Қазақ хандығы” деген атпен 20 сериялы телехикая түсіріліп, ұлттық спорт түрлері де дәріптелмек. Қазақстан тарихын зерттеу ғылыми орталығының зерттеушісі, тарих ғылымдарының докторы Ақмарал Ибраева “Қазақ хандығы – Қазақ мемлекеттігінің қайнар көзі” тақырыбында баяндама жасады. Ақмарал Ғосманқызы сонау Алтайдан Оралға дейінгі Қазақ хандығына тиесілі жерлерді Кеңес өкіметі тұсында Алаш зиялылары: А.Байтұрсынов, А.Бірімжанов, С.Сәдуақасов, Ә.Ермеков Лениннің алдында Қазақ автономиясы шекарасын анықтағанда осы Қазақ хандығы бекемдеген жерлермен дәлелдеп бергендігін, мемлекеттің құқықтық қарым-қатынасы реттеліп, Қасым ханның “Қасқа жолы”, Есім ханның “Ескі жолы”, Әз Тәукенің “Жеті жарғысы”, ислам дінінің гуманизмге толы қағидалары мемлекет өмірін, дала демографиясын арнасына түсіргендігін айтты.  

Солтүстік Қазақстан мемлекеттік мұрағатының басшысы, тарих ғылымдарының кандидаты Сәуле Мәлікова Елбасының “Мәдени мұра” бағдарламасы аясында Ресейдің Орынбор, Омбы, Мәскеу, Санкт-Петербург мемлекеттік мұрағаттарында жинақталған құжаттардағы деректерді негізге ала отырып, Абылай ханның қазақ хандығындағы рөлін жаңа бағытта, жаңа тұрғыдан зерттеп жатқандықтарын тілге тиек етті.

Конференцияда сөз алғандар қазақ мемлекеттігінің көпғасырлық тарихына қатысты нақты зерттеулерге негізделген ой-пікірлерін ортаға салды.

Ләйла ЖАНЫСОВА,

“Солтүстік Қазақстан”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp