«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

БАБАЛАР МҰРАСЫ

Осыдан бес жыл бұрын “Медиация туралы” Заң күшіне енген болатын. Бұл заң азаматтық және қылмыстық процестерде дауды шешудің баламалы тәсілі ретінде медиация институттарының енгізілуін қарастырады.

Медиация – тараптардың ерікті келісімі бойынша жүзеге асырылатын, олардың мүдделерін қорғай отырып, қолайлы шешімге қол жеткізу мақсатында медиатордың көмегімен тараптар арасындағы дау-жанжалды реттеу тәсілін рәсімдеу. Оны үшінші бейтарап көзқарасты ұстанатын медиатордың қатысуымен дау-жанжалды шешудің баламалы әдісі, оны тараптарды келістіру тәсілі немесе мәмілегер, бітімгер деп түсінуге әбден болады.

Қара қылды қақ жарған қазақ билерінің кез келгенін медиатор, төрелік айтқан әр ісін медиацияға жатқызуға болады. Құқық түзу процесіне қатысып қана қоймай, сот әділдігін іске асырған қазақ билері ел ішіндегі дау-дамайды ушықтырмай, іштей келісімге келтіртіп, шешіп отырған. Ел басқару ісі, ру арасында туындаған үлкен жанжалдың, жер мен жесір дауларының арты отқа ұласып кетпес үшін, ақыл-кеңесін айтып, тоқтамға шақырып отырған. Қазақ биінің медиатор ретіндегі бейнесі ұлттық дәстүрден бастау алады. Бір сөзбен айтқанда, басты мақсаты мәмілеге шақыру болып табылатын медиация қазаққа жат ұғым емес.

Дауды өзара келісіммен бітірудің кеніші саналған Қазақ елінде қазір медиациямен шешілетін істер біз ойлағандай көп емес. Айталық, Еуропа елдерінде медиация істердің 40 пайызына, АҚШ-та 80 пайызына қолданылады. Елімізде “Медиация туралы” Заңның қолданысқа енгеніне бес жылдан аса уақыт өтті. Кейіннен бұл заңның кейбір олқы тұстары толықтырылып, тараптардың татуласуына мүмкіндік беретін тетіктер Азаматтық процесуалдық кодексте көрініс тапты. Мұнда татуластыру келісімдерін жасаудың жаңа тәсілдері қарастырылған. Мәселен, бұған дейін бітімге келтіру тек кәсіби және кәсіби емес медиаторларға жүктелсе, енді қос тарапты судья-медиаторлар мен қорғаушылар да ымыраға келтіріп, келісімге қол жеткізуге құқылы. Қазір жаңа бастаманың тиімді тұстары жан-жақты түсіндірілуде.

Дегенмен, бүгінгі ұрпақ медиаторлардың көмегіне жүгіне бермейді. Облыс орталығында медиаторлардың көмегімен қаралатын қылмыстық істердің саны әлі де аз. Атап айтқанда, Петропавл қалалық сотында өткен жылдың тоғыз айында 338 қылмыстық іс қаралса, оның біреуі ғана медиатордың көмегімен шешілді. Ал үстіміздегі жылдың тоғыз айында 725 тұлғаға 624 қылмыстық іс келіп түссе, оның 598-і қаралды. Биыл медиаторлардың қатысуымен үш тұлғаға қатысты екі іс қаралып, сот жұмысын жеңілдету барысында бірқатар жұмыстар жүзеге асты.

Халыққа жаңа заңның артықшылығын, бітімге келудің пайдасын жеткізсе, медиациямен аяқталатын істер үлесі өсер еді. Өйткені, халық дау-дамайды сотқа жеткізбей, артық ақша мен уақытты кетірмей-ақ шешуге болатынынан, мұндай келісім жасалған кезде мемлекеттік салық алынбайтынынан бейхабар.

Қазақ халқының дәстүрлі билер мен ата-бабалар тағылымын, әдет-ғұрыпын, тәрбиесін қалпына келтіру мақсатында жасалған бітімгершілік қағидасы екі тарап үшін де тиімді және әділ жол деп есептесек қателеспейміз.

Ғаббас ТҰРАРОВ,

Петропавл қалалық сотының судьясы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp