«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

БАБАЛАР РУХЫНА ТАҒЗЫМ

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Ұлытау төріндегі сұхбатында: “Қазақтың тарихы өте бай. Біз кеше ғана пайда болған халық емеспіз. Тарихын білмеген ұлттың болашағы бұлыңғыр”, – деген болатын. Біз Қазақ елінің тарихына, мемлекет құрып, нығайтудағы, ел болудағы, шекараларымызды берік ұстаудағы ұлы істерге өлшеусіз үлес қосқан батыр-бабаларымызды әрдайым мақтаныш етеміз. Оларды ел жадында қалдыру мақсатымен ескерткіштер қойылған.

Меңдеке батырдың мазары

Ақжан ауылдық округінің аумағында, Приозерное ауылынан үш шақырым жерде ХVІІ ғасырдың соңы ХVІІІ ғасырдың басында өмір сүрген Меңдеке батырдың мемлекет қорғауына алынған бейіті бар. Ол өз жерін басқыншы жаудан қорғап, аянбай күрескен, батыл және ержүректігінің арқасында шайқастардан үнемі жеңіспен оралып отырған. Өмірден өтерінің алдында мәйітін Қанжығалы мен Алдай-ақсуат руларының даулы жерінің шекарасына қоюды аманат еткен екен. 2007 жылы ұлы батырдың ұрпақтары – ағайынды Баталовтар ел тірегі болған ата-баба өнегесін дәріптеп, рухына тағзым етіп, Меңдеке батыр мазарын салды.

Сары мен Сүйір батырлардың мемориалдық кешені

Докучаево ауылынан 5 шақырымдай жерде “Сары оба” қорғаны орналасқан. Дәл осы қорғанда Уақ руынан шыққан Сары батырдың мәйіті жатыр. Сары батыр 17 жасынан шапқыншыларға қарсы күрестерге қатысқан. “Ақтабан шұбырындының” қасіретті жылдарында ержүректілігі мен жауынгерлік қабілеттерімен ерекшеленген. Осы обаға жақын жерде тағы бір қорған көтерілген. Бұл – “Сүйір батыр обасы” деп аталады. Оған Ер Сарының тумаласы Сүйір батыр жерленген. Қос батыр да – халықтың бостандығы мен тәуелсіздігі үшін күрескен ержүрек жандар. Сары мен Сүйір батырлар жерленген орынға 2014 жылы мемориалдық кешен орнатылды.

Интернационалист-жауынгерлер ескерткіші

Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығын мерекелеу қарсаңында аудан орталығындағы саябақта интернационалист-жауынгерлерге арналып ескерткіш қойылды. 47 тимирязевтік өреннің мерзімді қызметі Ауғанстандағы халықтың қарулы қақтығысы кезеңіне тұспа-тұс келді. Кейбіреуі елге тірі оралмады, бірақ олар туралы естелік туған-туысқандарының, халқының жадында мәңгі сақталады. Ауылдық округтерде қазіргі уақытта 16 интернационалист-жауынгер тұрып жатыр.

Сәбит Мұқановтың ата-анасының бейіті

Тимирязевтіктер тәу ететін тағы бір орын – Докучаев ауылдық округіндегі Дос көлінің жағасындағы жерлес жазушы Сәбит Мұқановтың әке-шешесінің бейіті. Жыл сайын бұл бейіттің де басына келетіндер қарасы қалың.

Қаншайым НАУРЫЗБАЕВА,

аудандық ішкі саясат бөлімінің

басшысы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp