Адамның қажеттіліктері өзгерген сайын соған сай жаңа мүмкіндіктер де күнделікті өмірді түрлендіруде. Соның бірі – онлайн сауда. Күйбең тіршілікте «барлығына үлгеремін» деп асыққан адам үшін ең қолайлы сауда түрі. Қарапайым жол ақысын төлеуден бастап, киім-кешек, азық-түлікке дейін қолымыздағы смартфон арқылы тапсырыс береміз. Сауда орталығына барудың, кезекте тұрудың қажеті жоқ. «Алайда ыңғайлылықты таңдай отырып, қандай тәуекелдерге барып жатырмыз?» деген сұрақ мазаламай қоймайды.
Онлайн сауда жасау қажеттілігі бірнеше маңызды факторлардың әсерінен туындайды. Мәселен, кезекке тұрып, уақыт жоғалтпау, іздеген затын дүкен араламай, интернет арқылы тезірек табу, сондай-ақ кең ассортимент пен бағаны салыстыру қолайлылығы онлайн сауданы таңдауға түрткі. Оған қоса, пандемия кезінде қашықтан қызмет алу қажеттілігі артып, онлайн сатып алудың маңызы одан әрі өсті. Осылайша қазақстандық қоғам онлайн саудаға қалай көшкенін аңғармай да қалды.
– Мен – екі жұмысты қатар алып жүрген жас маманмын. Онлайн сауда жасау баға және уақыт жағынан өте тиімді. Жасыратыны жоқ, қазіргі уақытта базардағының құны интернет-дүкендердегіден айтарлықтай қымбат. Оған қоса, үйге дейін жеткізу қызметтері бар. Курьерлер алған тауарымды ыңғайлы уақытта үйге әкеліп тастайды. Ауыр заттарды тапсырыспен алған өте ыңғайлы, – дейді қала тұрғыны Әйгерім Мусина.
Талғамға талас жоқ әр адам өзіне жайлы жағдай жасағысы келеді. Дегенмен онлайн сауданың кем тұстары бары да жалған емес. Біріншіден, интернет-дүкендегі тауардың фотосуреті мен сипаттамалары қолыңа тиген тауарға сәйкес келмеуі мүмкін. Екіншіден, алаяқтық және жалған сайттардан сатып алу қаупі артады. Төлем жасау кезінде жеке деректердің ұрлануы немесе қаржылық ақпараттың қауіпсіздігіне қатысты мәселелер туындауы мүмкін. Сондықтан сенімді сайттарды таңдау аса маңызды.
Үшіншіден, жеткізу кезінде де проблемалар туындауы мүмкін. Тауардың кешігіп келуі, сынуы немесе мүлде жетпеуі сияқты жағдайлар сатып алушының жүйкесін жұқартары анық. Сондай-ақ кейбір өнімдерді қайтару немесе айырбастау процедуралары күрделі немесе ұзақ уақыт алуы мүмкін, бұл да тұтынушылардың көңілін қалдырады.
ТАНЫМАЛ САУДА АЛАҢДАРЫ
Қазіргі таңда кеңінен қолданылып жүрген бірқатар танымал интернет-дүкендер бар. Олардың көшін бастап тұрғандар – ресейлік Wildberries, қазақстандық TEEZ және Kaspi.kz қосымшасының дүкені. Аталған интернет-дүкендердің өзіне тән ерекшеліктері бар. Мысалы, отандық TEEZ маркетплейсі тауарды 24 сағат ішінде жеткізіп береді. Бағасы да салыстырмалы түрде базарлардан әлдеқайда арзан.
Ал Kaspi.kz қосымшасының қызметі банктік төлемдерге арналғанмен, бүгінгі күні пайдаланушылар саны күн санап артып келеді. Оның бір ерекшелігі – тауарды постомат арқылы, яғни арнайы автоматтандырылған жүк салғыш жәшік арқылы алуға болады. Бұл арнайы жәшіктер қалада да, далада да орнатылған. Сондықтан тапсырыс беруші өз тауарын кез келген уақытта қолындағы смартфон арқылы ала алады. Маркетплейстердің ең танымалы әрі ыңғайлысы – Wildberriеs интернет-дүкені. Оның басқа қосымшалардан айырмашылығы – тауарды тегін тапсырыс беріп, жеткізу пунктіне келген соң сапасын тексеріп, кейін төлем жасауға болады. Ал тауар ұнамаған жағдайда қайтаруға құқылысыз.
Соңғы 5 жылда қарқынды дамып келе жатқан тағы бір ірі сауда алаңы – қытайлық «Pinduoduo» сайты. Бұл сайт арқылы тікелей қытай зауыттарынан тапсырыс беруге болады. Тапсырыс берушілердің тауарлары «каргоға» келіп түседі. Карго – тауарларды клиенттерге жеткізу қызметі. Тапсырыс беруші, ең алдымен, «Pinduoduo» қосымшасына өзіне ыңғайлы каргоның ақпараттарын енгізіп, тауарға тапсырыс береді. Тауар карго орналасқан мекенжайға келіп түскеннен кейін клиент тауарының бағасынан бөлек салмағына ақы төлейді. Клиенттердің сөзіне сүйенсек, «Pinduoduo» арқылы зат пен оның салмағына бөлек ақы төленсе де, қазақстандық бағадан әлдеқайда арзанырақ.
– Мен өз каргомды 2 жыл бұрын аштым. Қазіргі уақытта тұрақты клиенттерім бар. Шынында да, қытайлық сайттағы бағалар біздікімен салыстырғанда едәуір арзан. Сол себепті де тапсырыс берушілер көп. Мен тек қана бір кішкентай филиалын басқарып отырмын. Қала бойынша карголар саны жетіп артылады. Клиенттердің басым бөлігі киім-кешекке тапсырыс береді, – дейді карго басшысы Нұртас Талапов.
ДӘСТҮРЛІ САУДАНЫҢ ҚАРҚЫНЫ БӘСЕҢ
Дәстүрлі сауданың бүгінгі ахуалын білмек болып базар араладық. Шынымен де, бұрынғыға қарағанда халықтың қарасы азайған. Сатушылардың сөзінше, онлайн саудаға төтеп беру қиын. Ал дәстүрлі сауданы қолдайтындардың дені – үлкен кісілер. Олар интернет-дүкендерге сенбейді. Онымен қоса, аға буын өкілдері алатын затын көзбен көріп, қолмен ұстап, тексеріп үйренген.
Қазіргі қарқынмен шағын дүкендер мен базарлар бәсекеге төтеп бере алмай қалуы мүмкін. Сондықтан сатушылар да заманауи форматқа бейімделіп, жаңа тәсілдерді меңгеруге мәжбүр. Қазір шағын дүкендер мен базар сатушылары өз бизнесін дамыту үшін әлеуметтік желілерді пайдаланып, онлайн тапсырыстар қабылдап, жаңа клиенттер тартудың түрлі әдістерін қолданып жүр. Олар нарықтағы өзгерістерге бейімделіп, өз орнын сақтап қалуға тырысуда. Осылайша дәстүрлі және заманауи сауда араласқан жаңа форматтар пайда болуда.
БЮДЖЕТКЕ ТҮСЕР ПАЙДА БАР МА?
2022 жылдан Қазақстанда шетелдік интернет-компаниялар үшін қосылған құн салығы енгізілген болатын. Бұл салық «Google салығы» деп аталады. Қазіргі таңда елімізде ҚҚС төлеуші ретінде 110-нан астам халықаралық компания тіркелген. 2024 жылғы мәліметке сәйкес, елдегі ең ірі бес маркетплейс мемлекет қазынасына 185,5 млрд. теңге аударған екен. «Kaspi.kz» – 133,7 млрд. теңге, «Wildberries» – 37 млрд. теңге, «OZON» – 9,8 млрд. теңге, OLX – 3,6 млрд. теңге, «Flip.kz» 831 млн. теңге салық төлеген.
Экономист Дина Сағандықованың айтуынша, «Google салығы» шетелдік интернет-компаниялар мен жергілікті бизнес арасындағы жағдайды тек ішінара теңестіріп отыр. Шын мәнінде шетелдік интернет-компанияларға жағдай әлдеқайда жеңіл. Олардың салықтық жүктемесі тек цифрлық қызметтерге салынатын ҚҚС-пен шектелсе, отандық ойыншылар – мейлі ол ірі маркетплейс болсын, не қызмет көрсететін платформа болсын толыққанды міндеттемелер кешенін көтеріп келеді.
Бір сөзбен айтқанда, отандық интернет-компаниялар корпоративтік табыс салығы, әлеуметтік аударымдар, мүлік салығы, жер төлемдері, түрлі қорларға жарналар және мемлекет пен бюджет алдындағы басқа да тұрақты міндеттемелерді толық орындауы тиіс. Сонымен қатар мемлекет қазынасына қомақты салық түсіріп қана қоймай, жұмыс орындарын ашып, инфрақұрылымды дамытып, ел экономикасына тікелей инвестиция салады. Ал шетелдік интернет-алпауыттар өздерінің ауқымы мен табысына қарамастан, елімізде тек шартты салық төлеуші ретінде тіркеліп, ең аз көлемде ғана жауапкершілік алып отыр. Осылайша бюджетті толықтыру мен әлеуметтік-экономикалық тұрақтылықты қамтамасыз ету жүгі негізінен отандық компанияларға түсуде.
Назым ЕСІМ,
«Soltüstık Qazaqstan».