«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

БАЗАР БАҒАСЫ ҚҰБЫЛЫП ТҰР

Осы кезде ауылға бара қалсаңыз, поштаның алды қарақұрым халық. “Қанша қосылыпты?” деп бір-бірімен шүйіркелескен жұртшылықты көресіз. Облыс орталығында да жаңа жылдан бастап зейнетақы өсіп, коммуналдық төлемдердің төмендегенін, яғни табыстың артып, тұрмыстың жақсара түсетінін әңгіме қылғандар баршылық. Тек “Шайпұлға жарап тұрған зейнетақы мен жәрдемақының өскенi сол, базардағы баға, коммуналдық төлем, жанар-жағармай құны аспандап шыға келеді”, дейтіндер көтеріңкі көңілді су сепкендей басады. Шынымен солай ма?!

Тапқан табыстың тең жартысы азық-түлікке жұмсалады. Ай сайын алатын еңбекақымыз қолға тиісімен-ақ, үйдегі бар-жоқты түгендеуге кірісетініміз, шындық. Осы жылдың алғашқы зейнетақысын алған Қазиза апаның да “Корона” базарынан азық-түлік сатып алып, аяңдап үйге келе жатқан беті екен. Сөмкесінен сүт, жұмыртқа сияқты күнделікті тұтынатын азық-түлік ағараңдайды. Ауладағы орындыққа отырып, кең тыныстап алған соң: “Баға деген бет бақтырмайды. Осы жолғы зейнетақыма қосылған төрт мың теңгеге бір килограмм ет, сүт, жұмыртқа мен кір жуатын ұнтақ алдым. Әлі коммуналдық төлемдерді төлеген жоқпын. Арзандады деп жатыр ғой. Бірер күннен кейін оны да үйге келетін хабарламалардан көре жатармыз”, – деді кейуана.

Әр теңгені берекелі жұмсап, алған тауардың бағасы мен сапасының сай болуына ерекше көңіл бөлетін Қазиза апа сияқты жандар облыс орталығындағы көтерме-сауда орталығында да аз емес екен. Әсіресе ұн, күнбағыс майы, қант, жарма өнімдері, картоп пен ет сататын тұста тоқыма қолдорбасын қысып ұстап, ұзақ саудаласатын қариялар баршылық. Келушісі көп сауда нүктесінің біріндегі бағаларға біз де көз жүгірттік. Мұнда қанттың килограмы 234 теңге болса, күрішті – 240, қарақұмықты – 190, картопты 80 теңгеге сатып алуға болады. Он дана жұмыртқа – 260, күнбағыс майы 420 теңгеге саудалануда. “Жай өтпеңіз, сатып алыңыз, әзірше баға бұрынғы қалпы”, – дейді саудагер жігіт қуақыланып. Он метр жердегі сауда орнында баға 5-10 теңгеге қымбат. “Бағаларыңыз неге өзгелерден едәуір жоғары?” – деген сауалымызға сатушылардың көбі мырс етіп, миықтарынан күле қарайды. Алсаң – баға осы, алмасаң – жолың әне деген жүгенсіз нарықтың айдарынан жел есіп тұр.

Ет жемейтін ел бар ма?! Көшенің қарсы бетіне өтіп, “Алтын Арман” базарында көпшіліктің сұранысына ие сиыр етінің бір килограмы 1600 теңге тұрса, тартылған еттің бір килограмы 1700 теңге екеніне көз жеткіздік. Ал жесең – тісіңе, жемесең түсіңе кіретін жылқы еті 2000-2500 теңге аралығында. Бармақ қазы 2500 теңгеден басталса, 3500 теңгеге бір кесек сүр ет сатып алуға болады. Қадірлі мейманыңызға нығыз табақ ет сатып алсаңыз, 15-20 мың теңгеге дейін шығындалуға дайын болған абзал.

Жалпы облыс орталығындағы базарларды аралап шығар болсаңыз, баға жағынан әжептеуір айырмашылықты байқайсыз. Мәселен, “Тайга” сауда базарындағы азық-түлік бағасы көтерме сауда орталығындағыдан едәуір жоғары. Мұндағы азық-түлік тауарларын тұрақтандыру қорының сауда нүктесінде ғана кезекте тұрған адамдардың қарасы қалың. Осындай кезекті коммуналдық базардан да көруге болады. Тұрақтандыру қорының сауда орнында жұмыртқаның он данасы 185 теңгеден саудаланса, бір килограмм қант – 220, күріш – 213, қарақұмық – 180, картоп – 55, пияз – 65, күнбағыс майы 380 теңгеге сатылып жатыр. Облыстық кәсіпкерлік және туризм басқармасының берген мәліметіне сүйенсек, өңірімізде көкөніс өнімдерінің бағасын тұрақтандыру үшін қорға 500 тонна картоп, әрқайсысы 10 тоннадан сәбіз, орамжапырақ, пияз сатып алынған. Қордағы 25 мың литр өсімдік майы нарықтық бағадан 25 пайызға арзан сатылып жатқан көрінеді. Осындай сауда орындарын барлық аудан орталықтарында да ашу көзделген екен. Ендеше, бұл аудандардағы бағасы күйіп тұрған базарлардың ырқына бағынуға мәжбүр болған ауыл жұртын қолжетімді тауарлармен қамтамасыз етудің тиімді жолы болмақ.

“Арзанның жілігі татымас” демекші, заттың арзан-қымбаты оның сапасымен де өлшенетіні белгілі. Мәселен, базарда тұрған қияр, картоп, қызанақ, сәбіз өнімдерінің арзан-қымбатына қарап, олардың сапасын анықтауға болады. Қымбат бағаға сатылып жатқандардың түрі, түсі, сақталған жағдайы өзіне сай. Ал арзандары – бостау, жөнді піспеген, дұрыс бапталып, күтілмеген. Әрине, мұндай жағдайда кез келген адам “дұрысын” алғысы келіп, 5-10 теңге айырмашылығына қарап жатпайды. Ондай жағдай басымыздан күнде өтеді емес пе?! Ал сол “бес-он теңгелердің” жиналып келіп, әжептәуір ақшаны уысыңнан сырғытып алып кеткенде, нарық жағдайының жұқарып жүрген қалтаңа жасаған соққысын тез ұға қоясың. Осы жағынан алғанда да тауарлардың сапасыздығы – оның арзандығына, сапалылығы – қымбаттығына әкеліп отыр. Әккі саудагерлер де мұндай мүмкіндікті қалт жібермейді. Олар да халыққа ненің керегін біледі, ұялмай-қысылмай сапалы азық-түлік тауарларының бағасын мейлінше жоғарылатып қояды. Себебін сұрай бастасаң, самарқау жауап беріп, сенімен тіпті сөйлескісі де келмейді. Демек, бағаны төмендетуге базардағылар­дың басы ауыра қоймайды.

Ұлттық экономика министрлігіне қарасты Статистика комитеті 2018 жылы өңірімізде азық-түлік тауарлары 6,1 пайызға, өзге тауарлар 6,3 пайызға, ақылы қызметтер 4,5 пайызға қымбаттағанын алға тартады. Жекелей тоқталар болсақ, қант – 18 пайызға, темекі – 9,6, жеміс – 9,2, көккөніс – 4,2, ет – 8,2, сүт – 8, май – 6,9, кондитерлік өнімдер – 6,3, нан және жарма өнімдері 5,7 пайызға қымбаттаған. Арзандағандары – өзімізде өсетін сарымсақ, пияз, сәбіз бен картоп.

Өткен жылы коммуналдық қызметтер де едәуір қымбаттаған екен. Статистикалық мәліметтерге сенсек, кәрізге және суық суға – 8,5 пайыз, тұрғын үйді күтіп ұстауға – 7,1, газға – 6,6, орталықтан жылытуға – 5,1, ыстық суға – 3,8, электр қуатына 2,3 пайыз артық төлеппіз. Былтыр қымбаттаған тарифтер жаңа жылдан бастап арзандауда. Нақтылар болсақ, жылумен жабдықтау бойынша тариф бағасы 1,1 пайызға төмендеген. Сумен жабдықтау 8,6 пайызға арзандаса, газ үшін 1,6 пайызға кем төлейтін болдық. “Севказэнергосбыт” пен “Солтүстік Энерго Орталық” ЖШС-і тұрғындар үшін тарифтерді 9,3 және 6,8 пайызға төмендетіпті-міс. Қазиза апа айтпақшы, оны көп күттірмей есік саңылауына қыстырылатын коммуналдық төлемдер туралы хабарламадан білетін боламыз.

Жадыра ЕСЕНГЕЛДІ, “Soltústіk Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp