Әлемде ұялы байланыстың 5G жүйесі енгізіліп жатыр. Бұл жаңашылдық бізге де келеді-ау деп үміттенеміз, әрине. Алайда, іргедегі Бәйтерек ауылына телефон соғып көрсеңіз, көңіліңіз су сепкендей басылады. “Байланыс аясынан тыс жерде”. Телефон тұтқасынан еститініңіз дәл осы сөздер. Ал ауыл тұрғындарының телефонмен сөйлесетін арнайы орындары бар: біреудің қорасының жаны, екіншісінің үйінің шатыры дегендей. Қалаға тиіп тұрған ауылдағы жағдай осындай болса, өзге елді мекендер туралы не айтуға болады?
Үстіміздегі жылдың наурыз айындағы деректерге сәйкес елімізде 25,3 млн. ұялы байланыс абоненті тіркелген. Бұл өткен жылғымен салыстырғанда 1,8 пайызға аз. Алайда, интернетке қосылатын абоненттер саны 6,2 пайызға артып, 15 млн.-ға дейін жеткен. Әрі соның 14,8 миллионы жоғары жылдамдықты интернетке ие. Бұл ресми ақпарат, әрине. Ал шын өмірдегі жағдай сәл өзгешеу және үлкен шаһарларда бәрі жақсы екенін білеміз. Бізді алаңдататыны – ауылдардағы жағдай.
Негізінен алыс-жақын шетелдерден келген қандастарымыздың басын бір арнаға тоғыстырған Қызылжар ауданына қарасты Бәйтерек ауылы облыс орталығынан 18 шақырым жерде орналасқан. Қалаға жақын тұрғанына қарамастан аталған елді мекеннің тұрғындары байланыс сапасының нашарлығын айтып шағымдануда. “Ауыл тұрғындары ара-тұра ағайын-туғаннан хабар алу үшін далаға шығуға, кейде тіпті, қалаға баратын жолға дейін шығып, желі ұстайтын жер іздеуге мәжбүр. Екі ауыз сөйлесуге зар болып отырғанымызда, интернет байланысы жайлы айтудың өзі артық болар. Сондықтан “Қазақтелеком” компаниясының қызметіне жүгініп, үйге интернет орнатып алғандар бар. Ауылда тұрсақ та, байланыссыз отыру мүмкін емес қой”, – дейді Бәйтерек ауылының тұрғыны Шадияр Жапабаев.
Бұл жерде еліміздегі байланыс жүйесін ашса алақанында, жұмса жұдырығында ұстап отырған “Қазақтелекомға” қатысты да бір жайтты айтпай кетуге болмайды. Ұялы байланысы жоқ ауылдармен тілдестіріп отырған үйдегі телефон екені бәрімізге белгілі. Биылғы жылдың сәуір айында Мәжіліс депутаттары бизнес ахуалды жақсартуға қатысты заң жобасын талқылау барысында үй телефонын субсидиялауды алып тастау жөнінде ұсыныс айтып, халық қалаулыларының арасында дау туған. Сол жиында депутаттардың дені бұл жоба қабылданса, ауыл тұрғындары бірден-бір байланыс құралынан ажырайтынын жеткізген еді. Мәжіліс төрағасы Нұрлан Нығматулин де елді мекен тұрғындарын қорғап: “Шынын айту керек, қазір ауылда ғана емес, қалалардың өзінде интернет байланысы нашар. Оны жақында бәріміз де көрдік. Сондықтан жасыратыны жоқ бүгін көптеген ауылда бір ғана сапалы байланыс – ол телефон. Қазіргі уақытта оған айына 670 теңге төленеді. Егер бұл тариф 2-3 есе өсер болса, халық оны қалай төлейді. Неге соны ойламайсыздар?” – деп пікірін білдірген еді. Бұл норма күшіне енсе, 630 мың абоненттің телефон тарифі өседі. Бұл – ауылдағы абоненттердің 98 пайызы.
Депутаттар бұған жол бере қоймас деп ойлаймыз. Енді ауылдағы интернет мәселесіне тоқталсақ. Есімізге бірден “Кundelik.kz” жүйесі түсері анық. Ұялы байланысы жоқ, интернеті нашар ауылдардың тұрғындары оның машақатымен жақсы таныс. Өйткені, күнделікті толтыру үшін көрші ауылға, аудан орталығына, тіпті, қалаға баруға мәжбүр болған жайттар бар. Бұл тізімге Есіл ауданындағы Мектеп, Шал ақын ауданындағы Көктерек, тағы басқа ауылдарды қосуға болады. Жақында интернеті жоқ ауылдардың мұғалімдері үшін онлайн күнделікті толтыру міндеті алынып тасталды. Әрине, билікке елді мекендерге байланыс орнатып, интернет тартқаннан бұл шешім әлдеқайда жеңілірек.
Өзім туып-өскен Мектеп ауылында байланыстың жайы біз оқу бітіріп кеткеннен бері көп жақсара қоймапты. Тұрғындар сол бұрынғыдай көрші орналасқан Өрнекке немесе аудан орталығына барғанда ғана интернет желісіне қосылады. Тіпті, кейбір елді мекендердегідей шатырға шықса да, дұрыс сөйлесе алмай жүр. Жасыратыны жоқ, ауыл тұрғындарының көбі жұрттан қалмай соңғы үлгідегі ұялы телефон сатып алғанымен, байланыстың нашарлығынан сол құрылғылардың бар мүмкіндігін пайдалана алмауда.
Осы мәселелердің бәрін тізіп, сұрақтарымызды қазақстандықтар жиі қолданатын “Tele2”, “Activ”, “Beeline” байланыс операторларына жолдаған едік. Алайда, біреулері еліміздегі карантинді, екіншілері тағы бір болмайтын себептерді алға тартып, әйтеуір жауап бермеудің амалын тапты. Тек “Beeline” операторынан ғана уақтылы әрі нақты жауап алдық. 1999 жылы құрылған бұл байланыс операторының қызметін бүгінде Қазақстанның 5700-ден астам елді мекенінің тұрғындары пайдалануда. Айтуларынша, мұнда жалпы халықтың 98 пайызы тұрады. Абонеттердің 70,2 пайызы үшін 4G интернеті қолжетімді. Ал былтырдан бастап компания желіні жаңарту бойынша ауқымды жұмыстарды қолға алған екен. Оған сәйкес, жоғары жылдамдықты интернетпен қамтамасыз ететін жаңа базалық станциялар салынбақ. Бұл тізімге кірген елді мекендердің қатарында жоғарыда атаған Мектеп және Бәйтерек ауылдары да бар.
Пайдаланушыларына тиімді тарифтер мен мүмкіндіктер ұсынып келе жатқан “Beeline” операторы Денсаулық сақтау министрлігімен бірлесіп, елдегі қиын жағдайға байланысты 6000-нан астам медицина қызметкерін тегін ұялы байланыспен және интернетпен қамтамасыз еткенін де айта кеткен жөн. Яғни, медицина қызметкерлері Қазақстандағы кез келген нөмірге қоңырау шалуға 1000 минут және 100 ГБ интернет-трафик алды. “Індет анықталған елді мекендерде дәрігерлерге үлкен салмақ түсуде. Оларға тегін байланыс ұсыну – осы күндері “Beeline” іске асырып отырған бастамалардың бірі”, – деген еді компанияның Қазақстандағы атқарушы директоры Евгений Настрадин.
Интернет байланысы туралы айтқан кезде ауызды қу шөппен сүртіп, істелген жұмыстың бәрін жоққа шығаруға болмайды. Біздің облысты алатын болсақ, үстіміздегі жылдың басында өңіріміз “Самұрық-Қазына” компаниясымен меморандумға қол қойған еді. Оған сәйкес өңірлерді дамыту бойынша жүргізілген шаралар аясында қордың қолдауымен Уәлиханов ауданындағы шалғай ауылдардағы ұялы байланыс қызметі жақсартылды. Сонымен қатар өткен жарты жыл ішінде еліміздегі шалғай ауылдарға талшықтыоптикалық байланыс желілері тартылып, 649 ауылды кеңжолақты интернетке қосты. Іске асырылып жатқан жоба аясында 2020 жылдың соңына дейін тағы 1250-ден астам ауыл сапалы интернетпен қамтамасыз етілмек. Ол үшін 20 мың шақырым талшықты-оптикалық байланыс желісі тартылады. Мемлекеттік-жекешелік әріптестік аясында жүзеге асырылып жатқан жобаның басты мақсаты – 3700-ден астам мемлекеттік орган мен бюджеттік ұйымды, яғни мектеп, аурухана, әкімдікті кеңжолақты интернетке қосу.
Ауыл тұрғындарының сапалы интернет пен ұялы телефонды емін-еркін пайдалана алмауының бір себебі, байланыс операторларының тұрғын саны мыңға жетпейтін елді мекендерге желі тартпау туралы уәжі. Осының кесірінен бүгінде облыстың және еліміздің қаншама ауылы қиналып отыр. Тұрғындардың жылы орнын суытып, қалаға немесе қалаға жақын елді мекендерге еріксіз көшіп жатқаны, жас мамандардың ауылға келгісі келмейтінінің де бір себебі де осы ауылдардың байланыс аясынан тыс жерде жатқандығы. Ауылдық жердегі ұялы байланыстың түйінін тарқату арқылы бір емес, бірнеше мәселені шешуге болатынын ұмытпайық.
Орынбасар ТӨЛЕПБЕРГЕНҚЫЗЫ,
“Soltústik Qazaqstan”.