«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

 БАЙЛАНЫС АЯСЫНАН ТЫС ЖЕРДЕ …

Интернет – ХХ ғасырдың аяғында пайда болса да, әлемде зор қарқынмен дамып келе жатқан байланыс түрі. «Қазір бәрінің қолынан телефон түспейді» дейтініміз де содан. Еңкейген қа­риядан бастап еңбектеген балаға дейін ғаламтордан өзіне керегін табады, алыстан жылдам хабар алады. Бірақ елімізде интернеттің игілігін көру барлығына бірдей бұйырмаған. Мә­селен, өңірде әлі де сол байланысқа мұқтаж, желі ұстамайтын елді мекендер бар. Мұндайда «Қазақстан толығымен цифрландырылып жатыр» деген жалаң ұран халықтың ренішін ту­дырмай қоймайды.

«Абонент байланыс аясынан тыс жерде немесе оның ұялы те­лефоны сөндірулі» деген бір ауыз сөз көпке таныс. Қазіргі­дей тіршілік қыж-қыж қайна­ған қым-қуыт заманда шаруа­ның денін интернет байланы­сының мүмкіндігімен шешеміз. Дүкеннен азық-түлікті де бұ­рынғыдай қолма-қол ақшаға са­тып алмаймыз. Бұл – күнделікті қайталанатын іс-әрекеттердің бірі. Заманауи тілмен айтқанда, цифрлық Қазақстан тенология­сы уақытымызды үнемдейді, жүйкемізді жұқартпайды. Ал интернеттің жоқтығынан қала­ған жеріңмен хабарласа алмау, шаруаңды тындыра алмау – бүгінгі заман үшін қолбайлау. Алайда өңірімізде байланыс ая­сынан тыс жерде орналасқан ауылдар аз емес.

«Жұмыс бабымен жиі жол жүремін. Сондайда қаладан 20- 30 шақырым ұзағаннан кейін байланыс нашарлап, тіпті мүлде ұстамай қалады. Бұл мәселе бір телефон қоңырауы арқылы шешілетін қазіргі заманда өте ыңғайсыз. Ауылдағы туған- туысқа да барасың. Кей елді ме­кендерде байланыс бар жерді іздеп, дала кезіп кетесің», – дейді өңір тұрғыны Айтбек Есләмбекұлы.

Мәселен, Петропавлдан 60 шақырым қашықта орналасқан Аралағаш ауылында тұрғындар телефонмен сөйлесу үшін көрші ауылға баруға тура келеді. Өйт­кені ауылда ұялы байланыс өте нашар. Осы ауылдың тумасы Жайнагүл Маралқызы ата-ана­сына қонаққа барарда бүкіл та­ныстарына байланыс аясынан тыс жерде болатынын ескертіп кетеді екен. Оның ауылында барлық операторлар бойынша байланыс нашар.

– Біреуге шұғыл хабарласу қажет болса немесе интернет­тен бір ақпарат іздесек, көрші Рублевка ауылына қарай жолға шығамын. Бұл елді мекен ма­ңына байланыс мұнарасы орна­тылған. Сондықтан байланыс та жақсы, –дейді Жайнагүл Ма­ралқызы.

Шынында да, қазір ұялы байланыс тек сөйлесу құралы емес. Ол – бизнеске серпін бе­ретін құрал, мемлекеттік қыз­меттерді алудың жолы, тіпті қа­рапайым банктік операция жа­саудың негізгі тетігі. Егер осы байланыс болмаса, технология­лық тұрғыда қанша дамыған ел болсақ та, халық оны толық пайдалана алмайды. Мемлекет енгізіп жатқан ең озық жоба­лардың өзі интернет болмаса, қағаз күйінде шаң басып қала­ры анық. Сондықтан бұл – тек ауылдағы тұрғынның жеке мә­селесі емес, бұл – ел дамуының, цифрландырудың, экономика­лық өсімнің маңызды құралы.

Бұл мәселе былтыр Қазақстан Республикасының Премь­ер-министрі Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында қаралды.

«Жылдам интернет – цифр­ландырудың негізі. Осы ретте сапалы байланыспен қамтама­сыз ету – стратегиялық маңызы бар міндет. Оны шешу үшін 2023 жылы «Қолжетімді интер­нет» ұлттық жобасы қабылдан­ды. Енді осыны уақытылы іске асыру – Цифрлық даму ми­нистрлігінің міндеті. Барлық іс- шараны орындау нәтижесінде 2027 жылға қарай елді мекендер мен жолдарды байланыс желі­лерімен қамту 100 пайызға же­теді. Осы орайда тұрғындар жылдам, 100 Мбит/секундтан кем болмайтын интернетпен қамтамасыз етілуі керек», – де­ген болатын Үкімет басшысы.

Отырыста республикалық және негізгі облыстық жолдар­да сапалы ұялы байланыс пен мобайл интернет болу қажетекені айтылды. Байланыстың бұл түрі адамдарға сөйлесуге не­месе ақпарат алуға ғана мүмкіндік бермейді. Ол соны­мен қатар жаңа сервистер, мем­лекеттік және қаржылық қыз­меттер ұсынуға, жаңа бизнес түрлерінің қалыптасуына кө­мектеседі.

Солтүстік Қазақстан облы­сында 5 қала, 635 елді мекен бар. Цифрлық даму, иннова­циялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің мәліметіне сүйенсек, өткен жылы облыста ұялы байланысты жақ­сарту үшін 293 жаңа 4G базалық станция орнатылған екен. Қазіргі таңда 318 ауылда 4G, 107 ауылда 3G, ал 215 ауылда интернетке ТОБЖ немесе ADSL технологиялары арқылы ғана қосылу мүмкіндігі бар. Бұл – әлі де болса өңірдің үштен бірінен астамы толық сапалы интернетпен қамтылмағанын көрсетеді.

Өңірлердегі осындай мәсе­лені шешу мақсатында елімізде «Қолжетімді интернет» ұлттық жобасы қабылданған. Оның ая­сында ауылдарды сапалы ин­тернетпен қамтамасыз етудің бірнеше жолы қарастырылған. Соған сәйкес, 2027 жылдың со­ңына дейін тағы 295 ауылға тал­шықты-оптикалық желі тарты­луы тиіс. Петропавлда 24 5G базалық станция орнатылды. Географиялық және экономи­калық ерекшеліктер ескеріліп, 2023 жылы спутник байланыс арқылы республика бойынша 176 ауылдық елді мекенде бай­ланыс жақсарды. Оның 17-сі Солтүстік Қазақстан облысын­да орналасқан. Жыл соңына дейін 328 ауылға қосу жоспар­ланған. Оның ішінде біздің өңірдегі 46 ауыл «OneWeb» компаниясының спутник тех­нологиясы арқылы интернетке қол жеткізбек.

Тиісті министрліктің бұқа­ралық ақпарат құралдарымен және жұртшылықпен өзара іс- қимыл басқармасының басшы­сы Айнұр Әлмұханованың ай­туынша, бұл бастамалар ауыл­дағы халыққа байланыс пен цифрлық қызметтерді қол­жетімді етуге бағытталған.

Алайда, бұл жоспарлардың барлығы жоба толық жүзеге асырылған кезде ғана орында­лады. Ал 2027 жылға дейін ауылдағы ағайын әдеттегідей желі іздеп, қыр асары анық. Бұ­дан бөлек, қала мен ауыл мек­тептерін теңестіру мақсатында шалғайдағы білім ордаларына орнатылған заманауи қондыр­ғылардың жайы не болмақ? Олар толық пайдаланылмаса, балаға сапалы білім қалай беріл­мек? Сондықтан бұл жерде жылдам әрекет, нақты іс керек.

Бұған қоса, облыс бойынша автожол бойында да байланыс­ты жақсарту мақсатында 14 ан­тенна мұнарасы орнатылмақ. Тағы да «бұған қашан қол жеткіземіз?» деген сауал туын­дайды. Жылдар жылжыған са­йын жоспарлардың орындалуы баяулай түсетініне ет үйренген. Бірақ талай жылдан бері сапа­лы байланысты күткен халық­тың да шыдамының шегі бар екенін ұмытпайық.

Ақерке ДӘУРЕНБЕКҚЫЗЫ,

«Soltüstık Qazaqstan».

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp