Интернет – ХХ ғасырдың аяғында пайда болса да, әлемде зор қарқынмен дамып келе жатқан байланыс түрі. «Қазір бәрінің қолынан телефон түспейді» дейтініміз де содан. Еңкейген қариядан бастап еңбектеген балаға дейін ғаламтордан өзіне керегін табады, алыстан жылдам хабар алады. Бірақ елімізде интернеттің игілігін көру барлығына бірдей бұйырмаған. Мәселен, өңірде әлі де сол байланысқа мұқтаж, желі ұстамайтын елді мекендер бар. Мұндайда «Қазақстан толығымен цифрландырылып жатыр» деген жалаң ұран халықтың ренішін тудырмай қоймайды.
«Абонент байланыс аясынан тыс жерде немесе оның ұялы телефоны сөндірулі» деген бір ауыз сөз көпке таныс. Қазіргідей тіршілік қыж-қыж қайнаған қым-қуыт заманда шаруаның денін интернет байланысының мүмкіндігімен шешеміз. Дүкеннен азық-түлікті де бұрынғыдай қолма-қол ақшаға сатып алмаймыз. Бұл – күнделікті қайталанатын іс-әрекеттердің бірі. Заманауи тілмен айтқанда, цифрлық Қазақстан тенологиясы уақытымызды үнемдейді, жүйкемізді жұқартпайды. Ал интернеттің жоқтығынан қалаған жеріңмен хабарласа алмау, шаруаңды тындыра алмау – бүгінгі заман үшін қолбайлау. Алайда өңірімізде байланыс аясынан тыс жерде орналасқан ауылдар аз емес.
«Жұмыс бабымен жиі жол жүремін. Сондайда қаладан 20- 30 шақырым ұзағаннан кейін байланыс нашарлап, тіпті мүлде ұстамай қалады. Бұл мәселе бір телефон қоңырауы арқылы шешілетін қазіргі заманда өте ыңғайсыз. Ауылдағы туған- туысқа да барасың. Кей елді мекендерде байланыс бар жерді іздеп, дала кезіп кетесің», – дейді өңір тұрғыны Айтбек Есләмбекұлы.
Мәселен, Петропавлдан 60 шақырым қашықта орналасқан Аралағаш ауылында тұрғындар телефонмен сөйлесу үшін көрші ауылға баруға тура келеді. Өйткені ауылда ұялы байланыс өте нашар. Осы ауылдың тумасы Жайнагүл Маралқызы ата-анасына қонаққа барарда бүкіл таныстарына байланыс аясынан тыс жерде болатынын ескертіп кетеді екен. Оның ауылында барлық операторлар бойынша байланыс нашар.
– Біреуге шұғыл хабарласу қажет болса немесе интернеттен бір ақпарат іздесек, көрші Рублевка ауылына қарай жолға шығамын. Бұл елді мекен маңына байланыс мұнарасы орнатылған. Сондықтан байланыс та жақсы, –дейді Жайнагүл Маралқызы.
Шынында да, қазір ұялы байланыс тек сөйлесу құралы емес. Ол – бизнеске серпін беретін құрал, мемлекеттік қызметтерді алудың жолы, тіпті қарапайым банктік операция жасаудың негізгі тетігі. Егер осы байланыс болмаса, технологиялық тұрғыда қанша дамыған ел болсақ та, халық оны толық пайдалана алмайды. Мемлекет енгізіп жатқан ең озық жобалардың өзі интернет болмаса, қағаз күйінде шаң басып қалары анық. Сондықтан бұл – тек ауылдағы тұрғынның жеке мәселесі емес, бұл – ел дамуының, цифрландырудың, экономикалық өсімнің маңызды құралы.
Бұл мәселе былтыр Қазақстан Республикасының Премьер-министрі Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында қаралды.
«Жылдам интернет – цифрландырудың негізі. Осы ретте сапалы байланыспен қамтамасыз ету – стратегиялық маңызы бар міндет. Оны шешу үшін 2023 жылы «Қолжетімді интернет» ұлттық жобасы қабылданды. Енді осыны уақытылы іске асыру – Цифрлық даму министрлігінің міндеті. Барлық іс- шараны орындау нәтижесінде 2027 жылға қарай елді мекендер мен жолдарды байланыс желілерімен қамту 100 пайызға жетеді. Осы орайда тұрғындар жылдам, 100 Мбит/секундтан кем болмайтын интернетпен қамтамасыз етілуі керек», – деген болатын Үкімет басшысы.
Отырыста республикалық және негізгі облыстық жолдарда сапалы ұялы байланыс пен мобайл интернет болу қажетекені айтылды. Байланыстың бұл түрі адамдарға сөйлесуге немесе ақпарат алуға ғана мүмкіндік бермейді. Ол сонымен қатар жаңа сервистер, мемлекеттік және қаржылық қызметтер ұсынуға, жаңа бизнес түрлерінің қалыптасуына көмектеседі.
Солтүстік Қазақстан облысында 5 қала, 635 елді мекен бар. Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің мәліметіне сүйенсек, өткен жылы облыста ұялы байланысты жақсарту үшін 293 жаңа 4G базалық станция орнатылған екен. Қазіргі таңда 318 ауылда 4G, 107 ауылда 3G, ал 215 ауылда интернетке ТОБЖ немесе ADSL технологиялары арқылы ғана қосылу мүмкіндігі бар. Бұл – әлі де болса өңірдің үштен бірінен астамы толық сапалы интернетпен қамтылмағанын көрсетеді.
Өңірлердегі осындай мәселені шешу мақсатында елімізде «Қолжетімді интернет» ұлттық жобасы қабылданған. Оның аясында ауылдарды сапалы интернетпен қамтамасыз етудің бірнеше жолы қарастырылған. Соған сәйкес, 2027 жылдың соңына дейін тағы 295 ауылға талшықты-оптикалық желі тартылуы тиіс. Петропавлда 24 5G базалық станция орнатылды. Географиялық және экономикалық ерекшеліктер ескеріліп, 2023 жылы спутник байланыс арқылы республика бойынша 176 ауылдық елді мекенде байланыс жақсарды. Оның 17-сі Солтүстік Қазақстан облысында орналасқан. Жыл соңына дейін 328 ауылға қосу жоспарланған. Оның ішінде біздің өңірдегі 46 ауыл «OneWeb» компаниясының спутник технологиясы арқылы интернетке қол жеткізбек.
Тиісті министрліктің бұқаралық ақпарат құралдарымен және жұртшылықпен өзара іс- қимыл басқармасының басшысы Айнұр Әлмұханованың айтуынша, бұл бастамалар ауылдағы халыққа байланыс пен цифрлық қызметтерді қолжетімді етуге бағытталған.
Алайда, бұл жоспарлардың барлығы жоба толық жүзеге асырылған кезде ғана орындалады. Ал 2027 жылға дейін ауылдағы ағайын әдеттегідей желі іздеп, қыр асары анық. Бұдан бөлек, қала мен ауыл мектептерін теңестіру мақсатында шалғайдағы білім ордаларына орнатылған заманауи қондырғылардың жайы не болмақ? Олар толық пайдаланылмаса, балаға сапалы білім қалай берілмек? Сондықтан бұл жерде жылдам әрекет, нақты іс керек.
Бұған қоса, облыс бойынша автожол бойында да байланысты жақсарту мақсатында 14 антенна мұнарасы орнатылмақ. Тағы да «бұған қашан қол жеткіземіз?» деген сауал туындайды. Жылдар жылжыған сайын жоспарлардың орындалуы баяулай түсетініне ет үйренген. Бірақ талай жылдан бері сапалы байланысты күткен халықтың да шыдамының шегі бар екенін ұмытпайық.
Ақерке ДӘУРЕНБЕКҚЫЗЫ,
«Soltüstık Qazaqstan».