Облыстық Аграршылар үйінде Ресей Федерциясының облысымызбен көршілес жатқан Омбы, Қорған, Түмен облыстары мамандарының қатысуымен пленарлық кеңес өтті. Оған облыстық ветеринария басқармасының басшысы Ербатыр Мадияров төрағалық етті.
Ауыл шаруашылығы министрлігі ветеринарлық бақылау және қадағалау комитетi аумақтық инспекциясының басшысы Владимир Карабельников жергiлiктi атқарушы органдардың ветеринарлық қауiпсiздiктi қамтамасыз ету жөнiндегi жұмысына тоқталды. Мысалы, елді мекендерде малдардың аса қауіпті ауруларына, соның ішінде бруцеллезге қарсы ветеринарлық алдын алу шаралары жоспарына сәйкес үстіміздегі жылдың басынан бастап екі жүз мыңнан астам қара мал тексеріліп, оның 521-і, ал барлық ұсақ малдың 8-і ауру екені анықталды.
Үстіміздегі жылы ел аумағында Сібір күйдіргісінің бірнеше ошағы тіркелді. Осыған орай, облысымызда ауруларды жұқтырмау үшiн малды көшiруге бақылау күшейтіліп, сондай-ақ, аса ауыр және энзоотикалық аурулардың алдын алу мен диагностикалауды, сәйкестендiру жұмыстарын жүргiзудi, ақпараттарды компьютер базасына енгiзу бойынша ветеринарлық шаралар орындалды. Облыс аумағында әр жылдары күйдіргімен ауырған мал өлексесі көмілген 161 қорым тізілімге енгізілген. Қауіпті ошақтарды талапқа сай қоршау жұмыстарына облыстық бюджеттен 25 миллион теңге қаржы бөлінді.
Сібір күйдіргісінің анықталуы малдарды бақылаусыз алып жүру жағдайында да кездесіп отыр. Жүргізілген рейдтiк тексерiстердің қорытындысы бойынша 82 әкiмшiлiк бұзушылық бойынша 20 миллион теңгеден астам айыппұл салынды.
Ресейден Қазақстанға әкелiнетiн тауарларды бақылау барысында 8 тәртiп бұзушылық анықталып, әкiмшiлiк айыппұлдар салынған. Ресей Федерациясына 20 тонна құс етi, 20 тонна шошқа майы мен 20 бас iрi қара мал қайтарылып жiберiлсе, облысымыздан ауылшаруашылық өнімдерінің шекара аса алмауының 16 фактісі тіркелді, – дедi Владимир Карабельников.
Шара барысында Омбы және Қорған облыстарының ветеринария басқармаларының басшылары Владимир Плащенко мен Татьяна Сандакова, Ресейдің шекаралас облыстары үшін бұл кездесудің маңызы зор екенін атап өтті.
– Екі ел үшін де берері мол бүгінгідей кездесудің өтуіне бастамашы болғандарыңызға алғысымды білдіремін. Ал ендігі кезекте байланысымыз экономикалық одақ аясында беки түссе, біз оған қуанамыз. Осындай кездесулер жиі-жиі өткізіліп тұрса, бір-біріміздің ахуалымызды біліп, ортақ шешімдер шығарудың таптырмас алаңын құрар едік, – деді Татьяна Сандакова.
Кеңесте біздің облыс пен ресейлік әріптестер арасында өзара ынтымақтастық туралы келісім мен меморандумға қол қойылды.
Кеңеске қатысушылар Қызылжар ауданындағы “Загот-Интер” ЖШС-і мен Ж.Қизатов атындағы Есіл ауыл шаруашылығы колледжінің тыныс-тіршілігімен танысты.
Қанат АТАМАНОВ,
“Солтүстік Қазақстан”.