Ақылы көркіне сай қазақ аналары бала санына еш уақытта шектеу қоймаған. Және тіл тиеді деп ұл-қыздарының қанша екенін де айтпаған. Әр бала өз ырыздығымен келеді деген аналарымыз он-он екі құрсақ көтерсе де, “баладан шаршадым” дегенді айтпақ түгілі, ойламаған да. Ертеден кешке дейін жұмысын істеп, ерінің жағдайын жасап, балалардың үсті-басын ұқыптап, тамағын дайындап, үйіне қонақ келсе, жылы жүзбен қарсы алып, ақ дастарқан жайған.
Қазір қарап отырсам, менің туған ауылымның (Есіл ауданы Бірлік ауылы) бір өзінде ғана оннан астам баланы өмірге әкеліп, алтыннан алқа таққан он бес шақты ана бар екен. Олардың барлығы дерлік – жетпісті алқымдап, алды шөбере, соңы немере сүйіп отырған қариялар. Тар құрсағын кеңітіп, тас емшегін жібіткен аналар кеудесіне бір емес, екі төсбелгі тағынған. Біреуі сексенінші жылдардың аяғына дейін берілген “Ардақты ана”, екіншісі соның басқа үлгісі, яғни ананың аялы алақанында отырған сәби бейнеленген “Алтын алқа”. Әр ауылдың көркін келтірген алтын құрсақ аналарға деген көзқарас та, құрмет пен қошемет те ерекше болатынды. Олар кеуделеріне медальдарын тағып, жарқырап шыға келген кезде жас келіндер сүйсіне қарап: “Апа, сіздің жолыңызды берсе екен!..” деп иіліп тұратын.
Ал қазір бәрі басқаша. Алтын түгілі, күміс алқа тағатын аналарды күндіздің өзінде шаммен іздеп жүретін күнге де жеткен сияқтымыз. Мәселен, Петропавл қаласында “Алтын алқалы” аналардың саны небәрі – 213, күмістен алқа таққандар – 260, ал төрт балалы отбасылар 320 ғана екен. Бұрын он бала туғандар “Алтын алқаға” лайық деп танылса, қазір төрт сәбиді өмірге әкелгендердің өзі көпбалалы отбасылар қатарына қосылып отыр. Бұл да амалдың жоқтығынан істеліп отырған шара сияқты.
Көпбалалы болуға қазір көптеген келіндер қызықпайды. Осы мәселе қозғала қалса, баспана, тұрақты жұмыстың жоқтығы сияқты көптеген мәселелерді алға тартады. Әрине, үй болмаса, күй де болмайды. Қазір көпбалалы деген сөзге қоғамның өзі де басқаша бір көзқараспен қарайтын сияқты. Жақында қоғамдық көлікте мынадай бір келеңсіз оқиғаға куә болдым. Әбден шікірейіп киініп алған жап-жас келіншек жалғыз өзі бір орындықта отыр екен. Оның қасына отырайын деп жақындай беріп едім, аялдамадан менің соңымнан іле кірген бала жетектеген ананы көзім шалып қалды. Ентігін баса алмай тұрған анаға қарап: “Отырыңыз”, – деп қолыммен орындықты көрсеттім. Ол байғұс балапандарын шұбыртқан мамақаздай балпаңдап келіп, орындыққа жайғаса кетті. Сол-ақ екен, автобусқа жүгіріп кірген қос бүлдіршін көздерімен аналарын тауып алды да, оның тізесіне қонжиды. Төрт адам отырған соң, әрине, екі орындыққа сыймайды. Содан ба, әйтеуір бұрышқа қысылған манағы кербез келіншек: “Уберите своих детей, и так места мало”, – деп орысшалады. Балалардың анасы да қарап қалған жоқ. “Қазір шығамыз, шыдаңыз, балалар емес пе?” – деп жауап қайтарды. Шынымен де, екі аялдамадан соң, қос құлыншағын жетелеген ана қоғамдық көліктен түсіп, өз жөнімен кетті. Жері енді ғана кеңігендей қуанған келіншек қайта-қайта үстібасын қағып әлек. Босаған орындыққа мен отырдым. “Таз ашуын тырнаумен алады” дегендей, манағы әйелдің сөздеріне ыза болған ол: “Неге сонша бала туады екен, түсінбеймін. Осы заманда бір бала да жетпей ме?! Одан да үстіне дұрыс киім алмай ма?” – деп ішіндегі ойын сыртқа ақтара салды. Мен естімеген кейіп танытып отыра бердім. Бірде орысша, енді бірде қазақша сайрап отырған көршіме бір қарадым да қойдым. Аталарымыз ықылым заманнан бері байлықты малымен емес, жан басымен есептеген. Ал қазір баламен емес, зәулім үйлермен, “темір тұлпармен”, бағалы киімдермен, алтынмен мақтанатын болғанымыз ба, сонда?
Көпбалалы аналарға Үкімет тарапынан тиісті көмек көрсетілуде. Бірақ соның өзі үйелмелі-сүйелмелі бала-шағасы бар ата-анаға жете ме? Мұндай сұрақ туындай қалса, көпшілігі: “Мемлекет үшін бала туғам жоқ!” – деп бір-ақ қайырады. Бірақ қиындыққа мойынсұнып жатқан олар жоқ. Керісінше, бірігіп, бірлесіп, амалдауда. Осы ретте қала орталығында және бірнеше аудандарда жұмыс істейтін “Аялы алақан” әлеуметтік дүкенінің игілікті жұмыс атқарып отырғанын айта кеткен дұрыс болады. Бұл жерде көпбалалы, аз қамтылған отбасыларға киім-кешек тегін беріледі. Осындай іспен “Улыбка” қоры да айналысуда.
Төрт баласы бар Шынар (өзінің сұрауы бойынша аты өзгертілген) есімді ана жалдамалы пәтерде тұрады. “Екі жұмыста істесем де, ақшамыз жетпейді. Алатын еңбекақым мардымсыз. Көпбалалы ана ретінде ай сайын Үкіметтен сегіз мың теңге ғана аламын. Бұл қайда жетсін?! Әйтеуір, әлеуметтік дүкен жақсы көмек болып тұр. Қиналған кезде барып, тегін киім-кешек аламын”, – дейді ағынан жарылған ана.
Бүгінгі таңда облысымыздағы демографиялық жағдай көңіл көншітерлік емес. Ахуалды көтеру үшін осыдан бірнеше жыл бұрын “Ұрпақ қоры” бағдарламасы жұмыс істегенін де қалың қауым әлі ұмыта қойған жоқ шығар. “Өмірі” ұзаққа бармаған бағдарламаның игілігін біраз отбасы көріп үлгерді. Бірақ қажетті құжат жиналса да, белгілі бір себептерге байланысты беріп тұрған ақшадан қағылып, сан соғып қалғандар да аз емес.
Бес-алты баласын шұбыртып, әркімнің жетім бұрышын жалдап күн кешіп жатқан отбасылар қаншама? Әрине, олар, ең алдымен, өздеріне сенеді. Бірақ мемлекет жағынан бір көмек болып қалар деген үміт те жоқ емес шығар. Себебі, олар егемен еліміздің азаматтарын тәрбиелеп отырған ата-ана емес пе? Көрші Ресейде ана капиталы деген бар, ал араб елдерінде дүниеге келген әр сәбиге есепшот ашып, өңірдегі шығып жатқан мұнайдың ақшасынан бала 18 жасқа толғанша үкімет өтемақы төлеп тұрады. Неге осындай игілікті істер біздің елде жасалмасқа? Бізде мұнай да, алтын да, темір де, көмір де, мырыш та, болат та бар. Осынша байлықтың титімдей бір бөлігі балалардың болашағына бағытталғаны жөн емес пе?!
Көпбалалы отбасылардың мәселесі туралы сөз қозғала кетсе, көпшілік оған құлақ асқысы келмейді. Сонда бақандай бес-алты бала туған аналардың жазығы қанша? Әрине, олар баланы ұрпақ жалғасына бола өмірге әкеледі. Ол сөзсіз. Бірақ осындай алтын құрсақ аналардың арқасында демографиямыз өсіп келе жатқан жоқ па? Оларды тектен-текке жазғыра бергенше, қоғам болып, көпбалалы отбасыларды қолдасақ, нұр үстіне нұр болар еді. Мемлекет тарапынан осындай отбасыларға арналған әлеуметтік жеңілдіктер пакеті де қажет сияқты. Мәселен, жағдайына қарай кезексіз үй беру, жәрдемақы және жөргекқұнын көтеру, оқуға түскен кезде жеңілдіктер қарастыру, қоғамдық көліктерде тегін жүру жағы мемлекет тарапынан ойластырылса, елдің еңсесі бір көтеріліп қалар еді.
Көршіміз Қытайда адам саны миллиардтан асты. Солардың қасында біздің санымыз көлге тамған тамшыдай ғана. Қазаққа да көбею керек. Ол үшін құрсақ көтеретін аналардың жағдайы жасалмаса, құр айғай-аттаннан түк те шықпайды. Өмірдің шындығы – осы.
Сабыр Адайдың “Әр қазақ – менің жалғызым” деп жырлағаны тегін емес шығар. Ертеңін бүгін ойлап, балапандарына қанатымен су сепкен қарлығаштай шырылдаған ардақтыларымызды құрметтей алмасақ, болашақ бізге тас атпай ма?
Алма ҚУАНДЫҚҚЫЗЫ,
“Солтүстік Қазақстан”.