
Аққайың ауданындағы Григорьевка ауылдық округінде көктемгі егіс жұмыстары басталды. Шетелдік заманауи себу кешендерін тіркеп алған тракторлар артынан көтерілген шаңның арасынан көрінбей ұзап барады. Өз азығын аңдыған құстар да егістік жұмыстарының басталғанына қуаныш білдіргендей, аспанда қалықтай ұшып, өңделген жерлерге қаптай қонады.
Тәжірибелі басшы Павел Леоновтің шаруашылығы егістік жұмыстарын бастағалы үшінші күн. Өздеріне тиесілі алқаптың жартысына бидай сеуіп, біраз бөлігінде малдың жемшөбін дайындап алмақшы.
– Егістікті бидайдан бастадық. Биыл дәнді дақылдардың 40 тонна элиталық тұқымын сатып алдық. Оның 20 тоннасы бидай. 2,5 мың гектарға бидай, бір мың гектарға біржылдық шөп, 200 гектарға жүгері, 50 гектарға бұршақ, 100 гектарға сұлы сеппекпіз. Шаруашылық жер бауыры жіпсіп, топырақ кебе бастаған кезде келер жылдың қамын жасап, парға қалдырған 1300 гектар алқапты бірінші өңдеуден өткізіп алды. Енді оны екінші рет өңдеу жұмыстары егістік науқаны аяқталған соң атқарылады, – дейді “Санта-Мария” ЖШС-нің агрономы Абай Мұқанов.
Шаруашылықтың жоспары бойынша бидай себу жұмыстары 28 мамырға дейін тамамдалса, 5 маусымға дейін барлық дәнді дақылдар топыраққа сіңірілуі керек. Биыл жердің ылғалдылығы жаман емес, алайда, агроном: жауын-шашын бір себелеп өтсе, жердің шаңы басылып, ырыстың басы да көріне бастар еді, деп қояды. Соңғы жылдары шаруашылық техника паркін жаңартуды қолға алғандықтан, бұл орайда алаңдаушылық жоқ. Жанар-жағармай мәселесі де уақтылы шешілген.
Шаруашылықта жұмыс екі ауысыммен күндіз-түні жүргізілуде. Серіктестік биылғы егіс жұмыстарына 20-ға жуық адамды жұмылдырған. Онда еңбек ететіндердің барлығы Трудовое ауылының тұрғындары. Жұмыс істейтіндерге еңбекақы уақтылы беріледі. Әрі жұмыс орындары да тұрақты. Шаруашылық басшылары шамаларынша табысты көтеріп те жатыр. Сондықтан бүгінде еңбеккерлер алаңсыз жұмысқа жұмылған.
Гүлгүл ҚУАТҚЫЗЫ,
“Солтүстік Қазақстан”.
СУРЕТТЕ: агроном А. Мұқанов пен механизатор С. Чумак .
Суреттерді түсірген
Амангелді БЕКМҰРАТОВ.