“Домбыра мұнша шешен болдың неге?
Күй толған көкірегің шежіре ме?
Сыр қозғап ғасырлардан жөнелесің,
Саусағым тиіп кетсе ішегіңе”, –
деп толғана жырлаған дауылпаз ақын Қасым Аманжоловтың өлең жолдары күйдің көнекөз қариядай терең тағылымын әспеттейді.
Шынымен де, күй өнерінің өзгелерден бәсі биік, өйткені халқымыз қуанса да, қайғырса да қолына домбыра алып, күй шерткен.
Бүгінгі күні ең ардақты, ең әлеуетті, ең сәулетті ұлттық құндылығымыз – күй өнерінің қыр-сырын терең меңгеріп жүрген шәкірттер аз емес. “Музыкалық-эстетикалық бағыттағы дарынды балаларға мамандандырылған мектеп-интернат – өнер колледжі” кешенінің оқушылары жаңа оқу жылы басталғаннан бері бірнеше байқауда топ жарды. Атап айтар болсақ, Тойкен Күдерованың шәкірттері еліміздің Астана, Көкшетау, Қарағанды және Петропавл қалаларында өткен республикалық, халықаралық байқаулардың жүлделі орындарын иеленіп, абыройлары асқақтады. “Қазақстан дарындары”, “Еуразия Арт” – “Таңғы шұғыла”, “Ақжелкен” және “Жас толқын” конкурстарында Камила Мақпоз, Расул Өмірзақ, Ақжол Нұрмағамбетов, Ділназ Сармұқанова жеңімпаздар қатарынан көрінді. Әсіресе, осы байқаулардың бәрінде де Расул Өмірзақ пен Камила Мақпоз еліміздің барлық өңірлерінен қатысқан үміткерлерді алдарына түсірмей, бас жүлде мен 1-ші орынды иеленіп отыр-ған. Ал олардың ұстазы, есімі өңірімізге ғана емес, республикаға белгілі күйші Тойкен Күдероваға Қарағанды қаласында өткен ІІ балалар мен жастар арасындағы “Жас толқын” байқауында “Өнегелі ұстаз” медалі табыс етілді.
– Қазақтың асқақ өнері – күйді өскелең ұрпақтың терең меңгеруіне қолымнан келгенше атсалысып келемін. Бар саналы ғұмырымды осы бір ғажап өнердің дамуына арнадым десем, артық айтқаным емес. Сол еселі еңбектің жемісі шығар, соңғы екі айдың ішінде менің шәкірттерім түрлі деңгейдегі шығармашылық байқауларда тоғыз жүлделі орын иеленді, – дейді абыройлы ұстаз.
Айгүл ЫСҚАҚОВА, “Soltústіk Qazaqstan”.
Суретті түсірген Талғат ТӘНІБАЕВ.