Шал ақын ауданының орталығы – Сергеевка қаласындағы Социалистік Еңбек Ері Есім Шайкин атындағы орта мектептің биология пәнінің мұғалімі Алексей Кособоков “Үздік педагог – 2014” байқауының облыстық кезеңінде екінші орынды иеленген еді. Ол аталмыш байқаудың республикалық кезеңінде де жеңіс тұғырынан көрінді.
“Маған мектепте биология, әсіресе, адам анатомиясы пәні өте ұнаушы еді. Манаш Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университетіне биология мамандығы бойынша грантпен оқуға түсуіме де сол пәнге деген қызығушылығым себепші болды”, – деп бастады әңгімесін Алексей Кособоков. Оның айтуынша, көптеген туыстары, әжесі, әпкелері осы салада еңбек етеді. Мұғалімдік бұл әулеттің мамандығы десе де болады.
Университетті тамамдаған соң үйленіп, 2004 жылы туып-өскен қаласы Сергеевкаға оралады. Онда жұмысқа тұру қиынырақ кез болғанымен, өзі оқыған мектепке биология пәнінің мұғалімі керек екен. Алғашқы кезде жұмыс істеуге аса құлшынысы болмайды. “Баяғы кеңестік кезеңдегі мектептерден еш айырмасы жоқ, ескі парталар, бір-екі жұмысқа жарайтын микроскоп, жалым-жұлымы шыққан кестелер, жалпы алғанда балаларға көрсетуге тұратын ештеңе жоқ”, – дейді ол алғашқы ұстаздық жолын еске алып.
Мектептің ахуалын қалыптастыратын мұғалім болғандықтан, жас маман жағдайдан шығудың түрлі жолын іздестіреді. Кестелерді қолдан жасап, сыныптың ішін ретке келтіреді. Интернет ол кезде арман ғана.
– Уақыт өте келе еліміздің білім саласында түбегейлі өзгерістер жүре бастады. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың қолдауымен мемлекет тарапынан мұғалімдердің өз-өздерін кәсіби де, шығармашылық жағынан да көрсетулеріне мүмкіндіктер жасалды. 2009 жылы мектебімізге жаңа, жетілдірілген, осызаманғы биология кабинетін қойды. Балалар биология сабағына асқан қызығушылық танытып, қолдары бос уақыттарында кабинеттен шықпайтын болды. Олар түрлі қаңқаларды, адам денесінің үлгілерін, микропрепараттарды тамашалайтын. Кабинетпен бірге келген мультимедиалық қондырғылар мұғалімнің мүмкіндіктерін еселей түсті, – дейді Алексей Кособоков.
Мектепте он жыл қызмет ету біреуге аздық етсе, біреуге көп көрінуі мүмкін. Алексей Владимировичтің пайымдауынша, мұғалім болу үшін балаларды өте жақсы көру, шыдамды болу, белгілі біліктілік пен дағдыларды меңгерумен қатар жоғарыдан берілген дарының болуы керек. “Егер осы қасиеттер болмаса, онда педагогика саласында жұмыс істеп қажеті де жоқ. Менің педагог ретінде қалыптасуыма әжемнің ықпалы зор болды”, – дейді ол.
Халқымызда “Еңбек – ырыстың бұлағы, бақыттың шырағы” деген нақыл тегін айтылмаса керекті. Жеңіске жету үшін адамның талмай еңбектенуі, ұмтылысы мен талабы керек. Алексей Владимировичтің бойынан осы қасиеттерді көруге болады. Ол пәні бойынша өтетін әртүрлі халықаралық Интернет конкурстарды босатпайды. Мұғалімдерге арналған олимпиадаларға, конкурстарға, жобаларға қатысудан қалған емес. Өйткені, осындай сайыстарға қатысу ұстазды ізденіске бастап, шеберлігін шыңдайды. Оларға қатысу арқылы ол өзінің осал тұстарын анықтап, түзету жолдарын іздестіреді, тәжірибе толықтырады. Тынымсыз еңбектің нәтижесінде ұстаздың “Сандық білім беру қоры – 2014” конкурсына ұсынған “Адамның анатомиясы, физиологиясы және гигиенасы” тақырыбына арналған электрондық оқулығы облыстық кезеңде үшінші орынды иеленген. Сонымен қатар, ол өзінің “Биологияны +5-ке білу” сайтын ашып, Интернет желісінде “Жабайы табиғат әлемінен қызықты фактілер” тақырыбына жеке топтамасын құрған.
“Болмасаң да ұқсап бақ” дейтін оқушылары ұстазын үлгі тұтады, оған еліктейді, әрқашан алдыңғы қатардан көрінуге тырысады. Шәкірттері – аудандық, облыстық, республикалық, тіпті, халықаралық конкурстар мен ғылыми жобалардың жүлдегерлері. 2013 жылы 10-сынып оқушысы Бернар Әмреновтің “Шал ақын ауданындағы тұрмыстық қалдықтарды жоюдың тиімді жолдары” тақырыбындағы ғылыми жобасы ауданда – бірінші, облыстық кезеңде үшінші орынға ие болды. Мектеп түлектері еліміз бен ТМД елдерінің медициналық және педагогикалық колледждері мен жоғары оқу орындарына грантпен түседі.
Көпжылдық еңбек өтілдері мен мол тәжірибелері бар өз ісінің хас шеберлері бақ сынаған “Үздік педагог – 2014” байқауына қатысып, жеңімпаз атануы Алексей Владимировичтің шығармашылықпен жұмыс істеуіне соны серпін берді. Алексей Кособоков Білім және ғылым министрі Аслан Сәрінжіповтің қолынан алған атаулы қаржының бір бөлігін өзінің жұмысына қажетті ғылыми және дидактикалық әдебиеттер қорын толықтыруға, биология кабинетінің стендтерін жаңалауға жұмсамақ.
Ләйла ЖАНЫСОВА,
“Солтүстік Қазақстан”.