Табиғат аясында аңшылық жасап, балық аулағанға не жетсін?! Бірақ адам қайда жүрсе де, қауіпсіздік ережелерін көңілінен шығармауы керек. Мәселен, балық аулауға әуес адамдар су басында іс-әрекеттеріне есеп бере бермейді. Олар қайыққа отырған кезде құтқару құралдарын ала жүруді ұмытады немесе үстеріне резеңке комбинезон киіп алып, балық аулауға шығады. Бұл бекер. Өйткені, ол зәкірді түсіріп-көтергенде, тор құрған кезде тепе-теңдікті сақтай алмай, қайығы аударылса, құтқару кеудешесін кимеген балықшының су түбіне кетуі оңай.
Осыдан бірер жыл бұрын су жаққа кеткен жұбайы мен баласынан бір күнде айрылған әйелдің зарын көргендер оқиғаны ұзаққа дейін ұмыта қоймас. Балық аулап, қайық үстінде жүрген екеуінің резеңке қайықтары абайсызда тесіліп, суға батқан. Айналасында тірі жан болмаған. Қас қағым сәтте болатын мұндай оқиға кезінде құтқарушылардың да көмегі аз. Әкелі-балалының мүрделері судан табылды. Егер олар құтқару кеудешесін киген кезде, жағдай осынша ушықпас па еді?
Былтыр күзде Есіл өзенінде балық аулап жүрген адамды құтқарушылар аман алып қалды. Зәкірді орнатпақ болған ер адам суға құлап түскен. Оның бақытына қарай, жақын маңда жүрген құтқарушылар су бетінен көрінбей кеткен адамға жедел көмекке келген.
Балықшылықты ұнататындар мына жайды құлақтарына құйып алулары керек: су айдынына шығарда қайықтың техникалық жарамдылығын тексеруді, көлікке шектен тыс салмақпен жүк салмауды, резеңке қайықтың тесіліп қалмауын қадағалауды, ішімдік ішіп, балық ауламауды.
Жыл басынан бері өңіріміздің су айдындарында 35 адам судан ажалын тапса, олардың 11-і – балықшылар. Және бір адам аңшылыққа әуестеніп жүрген кезде мерт болды. Жақында суда қаза тапқандардың қатары тағы бір адамға толықты. Қызылжар ауданындағы Желтое көлінде құтқару кеудешесінсіз резеңке қайықпен балық аулап жүріп, 1955 жылы туған ер адам суға батып кетті. Өкінішке қарай, ол жалғыз өзі балық аулауға шыққандықтан, оған ешкім көмектесе алмады.
“Сақтансаң сақтармын” дегендей, адам өзі өмірінің арашашысы болу үшін әрбір іс-әрекетіне жауапкершілікпен қарағаны абзал.
Сергей ЧЕРКАСОВ,
облыстық төтенше жағдайлар жөніндегі департаменттің суда құтқару қызметінің 2-дәрежелі құтқару стансасының бастығы.