Қор нарығы – тәуекелі мен қаупі көп қаржылық алаң. Бұл салада табысқа жету үшін адамға білім мен білік, дағды мен тәжірибе керек. Бағасы сәт сайын құбылатын құнды қағаздар, акциялар мен облигациялардың құнын алдын ала болжап білу екінің бірінің қолынан келе бермейді. Тіпті тәжірибелі жандардың өзі бұл салада қателікке ұрынып, құнды қағаздар нарығында ақша жоғалтып жатады.
Ашық дереккөздерге сүйенсек, елімізде брокерлік шот ашатындардың саны жыл сайын артып келеді. Былтыр бұл көрсеткіш 2,7 миллионға жеткен. Осының өзі құнды қағаздар нарығының танымалдылығын көрсетеді. Алайда Солтүстік Қазақстан облысы инвестшоттардың саны бойынша ең соңғы қатарда тұр. Елдегі субшоттардың небәрі 1,6 пайызы ғана біздің өңірде тіркелген.
Күнделікті қаржылық қиындықтар, төмен жалақы мен тұрмыстық мәселелер адамдарды қосымша табыс көзін іздеуге итермелейді. Осындай сәтте аз уақытта мол қаражат уәде ететіндерге сеніп, жиған-тергенін тиынына дейін санап беретіндер де табылып жатады. Жалған брокерлер тұрғындарға түрлі инвестициялық қызметтер ұсынып, ақшасын бірнеше айда 2-3 еселеуге болатынын айтып уәде береді. Мұндай жарнама барысында түрлі банктер мен ірі компаниялардың атын жамылатындар да жетіп артылады. Екі ортада тағы да қарапайым тұрғындар сорлап қалады.
– Әлеуметтік белсенді тұрғындардың көбі жалған инвест-жобаларға алданып қалып жатады. Жалпы жыл басынан бері солтүстікқазақстандықтар алаяқтарға 887 млн. теңгесін беріп жіберген. Әлеуметтік желіде қаржы салып, табысты еселеу туралы жарнамалар көп. Кейбіреулер сол сілтемелерге өтіп, брокердің жалған сайтына тап болады. Ештеңеден секем алмаған қолданушы жалған сайтта төлем жасап, инвестиция жасадым деп ойлайды. Көп жағдайда сайтта оның ақшасының жылдам көбейіп жатқаны көрсетіледі. Алайда клиент сауданы тоқтатып, қаржыны кері қайтарып алғысы келгенде брокер үшті-күйлі жоқ болып кетеді, – дейді облыстық полиция департаменті криминалдық полиция басқармасының жедел уәкілі Милена Балацкая.
Тәртіп сақшыларының ескертуіне қарамастан, жалған брокерлердің құрығына ілігетіндер көп. Мысалы, үстіміздегі жылғы маусым айында өңір тұрғыны алаяқтарға 19 млн. теңгесін ұстатып жіберген. Тұрғын өздерін «инвестициялық компания өкіліміз» деп таныстырғандарға сеніп қалған. Хабарласқан адамның сеніміне кіріп алғаннан кейін олар мол табыс әкелетін биржалық келісімдер туралы жалған ақпарат берген. Олардың сөзінше, салымшының доллармен салынған ақшасы қор нарығында мол пайда әкеліп, көбеюі тиіс болған. Осылайша тұрғын олар көрсеткен жалған брокерлік платформаға өтіп, 19 млн. теңгесін «инвестициялаған». Ол өз шотындағы ақшаның едәуір көбейгенін көрген соң, сауданы аяқтап, табысын шығарып алмақ болғанда ғана алданғанын түсінген. Жалпы биылғы жылдың 5 айында 27 адам аляқтардың арбауына түскен.
Мемлекет басшысының тапсырмасына сай елдегі ірі ұлттық компаниялардың акциялары отандық қор нарығында саудалана бастады. Бүгінде ресми брокер арқылы шот ашқан әрбір азамат аталған компаниялардың белгілі бір үлесіне ие бола алады. Алайда халықтың табысын арттыруға бағытталған бастаманы алаяқтар өз айласын іске асыру үшін пайдаланып отыр. Мысалы, осыдан екі жыл бұрын «ҚазМұнайГаз» компаниясының атын жамылғандар өңір тұрғынына жоғары табыс уәде етіп, қалтасындағы ақшасын қағып әкеткен. Ал тағы бір қала тұрғыны қор нарығында мол ақша табуға кеңес беретін сарапшының кесірінен 1,5 млн. теңгесінен айырылған. Ол біраз уақыт телефонның арғы жағындағы «сарапшының» айтқанын орындап, ақшасын жалған брокердің шотында инвестициялап келген. Әйел ақшасын жоғалтқанда ғана полицияға шағымданған.
Бұл саладағы алаяқтардың айласын санап тауысу мүмкін емес. Облыстық экономикалық тергеу департаментінің мамандары инвестициялық жобалардың артында қаржылық пирамидалар болуы мүмкін екенін айтады.
– 2021 жылдан бастап елімізде 99 қаржылық пирамида таратылып, 86 мың азамат олардың арбауына түскен. Осы жылдар аралығында аталған алаяқтық әрекеттердің салдарынан келген шығын 37 миллиард теңгеден асқан. Азаматтар пәтерін сатып, несие ресімдеп, оңай табысқа сенеді. Бірақ нәтижесінде барынан айырылады. Мұндай алаяқтарды тану оңай. Олар ақшаны аз уақытта бірнеше есе көп қайтарып алу мүмкін екенін айтады. Жарнамаға көп көңіл бөледі. Лицензиясы жоқ инвест-жобаларға ақша салудың арты алдануға әкеліп соқтырады, – дейді департамент маманы Виктория Алпеева.
Мәселенің бір ұшы қарапайым тұрғындардың қаржылық сауаттылығы мен заңды білуіне келіп тіреледі. Әйтпесе соншама адам бүгінгідей алмағайып заманда «кемпір беріп, қыз алудың» мүмкін емес екенін түсінуі керек еді. Адал еңбектен қашқақтап, аз уақытта байып кетуді арман еткен масылдық сана халықты алаяқтардың құрбаны етуде.
Қазақстанда қор нарығы қатаң бақыланады. Әр азамат отандық нарықта сауда-саттық жасай алмайды. Биржа қолданушысы болу үшін адам ең алдымен брокерлік компанияға жүгінеді. Брокер қолданушының ақшасын алып, оның тапсырмасына сай нарықта сауда-саттық жасайды. Заңға сай жеке тұлғалар тек қор биржасының мүшесі саналатын брокерлер арқылы ғана инвестиция жасау мүмкіндігіне ие.
– «KASE» – Қазақстандағы құнды қағаздар бойынша жалғыз көпбейінді биржа. Аталған қор нарығының небәрі 32 мүшесі бар. Яғни елде тек 32 компания ғана брокерлік қызмет көрсете алады деген сөз. Ал қалғанының бәрі жалған жарнама. Әр адам инвестиция жасамас бұрын брокерді Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің сайтынан тексере алады. Егер сайтта ешқандай ақпарат болмаса, сіз іздеген компанияның қор нарығында сауда жасауға лицензиясы жоқ деген сөз. Шетелде құнды қағаздардың жылдық табысы 7-10 пайыз аралығында. Ал отандық нарықта 15-30 пайыз аралығында пайда көруге болады. Ал сізге бұдан жоғары табыс ұсынса, мұның артында күмәнді адамдар тұруы мүмкін,– дейді экономист Азат Мұстафин.
Диас АЯҒАН,
«Soltüstık Qazaqstan».