
Петропавл қаласындағы сенімді басқаруға берілген үш балабақша мемлекетке қайтарылатын болды. Қоғамда дау туғызған бұл мәселенің нүктесін облыс әкімі Құмар Ақсақалов қойды.
Петропавлдың үш балабақшасын сенімді басқаруға беру туралы шешімнің күші жойылды. Менің ұстанымым мынадай: инвесторлар жағдайы мүшкіл, мемлекет қаржысы жетіспейтін, инвестиция қажет ететін балабақшаларды сенімгерлікпен басқаруға ала алады. Мұндай жұмыс республика көлемінде жүргізілуде. Сәйкесінше, біздің облыс та осы бағытта жұмыс істеу керек”, – деп жазды өңір басшысы өзінің “Facebook” әлеуметтік желісіндегі жеке парақшасында.
Естеріңізге сала кетейік, бұған дейін облыс орталығындағы “Ивушка”, “Ақбота” және “Балдәурен” балабақшалары сенімді басқаруға берілгені туралы хабарлаған болатынбыз (№5 “Қазақ тобын жабам деп тулағаны несі?”, №6 “Балабақша және бизнес”).
“Даудың басы – Дайрабайдың көк сиыры” дегендей, о баста “Ивушка” балабақшасы меңгерушісінің “қазақ тобы жабылады” деген мәлімдемесі ата-аналар мен зиялы қауым өкілдерінің намысына тиді. Одан әрі төлемақы қымбаттайтыны, ақылы қызметтердің міндеттелгені жағдайды ушықтыра түскен. Облыстық прокуратура тексеріс жүргізіп, балабақшаларды жекеге берерде заңға қайшы әрекеттер болғанын анықтаған.
Бұқаралық ақпарат құралдарында және әлеуметтік желілерде ұзақ талқыланған мәселе осылаймшешімін тапты.