Петропавлда қазіргі таңда 11 мыңға жуық бүлдіршін балабақша кезегін күтуде. Осы олқылықтың орнын толтыру мақсатында үстіміздегі жылы облыс орталығында бірнеше мектепке дейінгі мекеменің құрылысы басталды. Құрылысы жүріп жатқан алты нысандағы істің жайымен облыс әкімі Ерік Сұлтанов танысты.
Жұмысшы кентіндегі 320 орындық мектепке дейінгі тәрбие мен білім беру мекемесінің құрылысы ақпан айында басталған. Оның құрылысын “СевКазЭнерго” акционерлік қоғамы өз қаражатына жүргізуде. Ал мердігер – астаналық “Ақмола энерго жөндеу” компаниясы. Құрылыс басында 26 адам еңбек етіп жүр. Бүгінгі күні тіреулері орнатылып, ағын суды орталық кәрізге жалғастыратын суағарларға жергілікті өнеркәсіп материалдары пайдаланылуда. “СевКазЭнерго” акционерлік қоғамының директоры Леонид Ларичевтің айтуынша, балабақша үстіміздегі жылдың желтоқсан айында пайдалануға берілмек.
Өңір басшысы Ерік Хамзаұлы мекеменің құрылысын 15 желтоқсанға дейін аяқтауды тапсырды.
Алматы көшесінде бой көтеретін 280 орындық балалар мекенінің де аумағы қоршалып, жұмыс атқарылуда. Бұл балабақшаны тапсыру мерзімі осы жылдың қараша айына белгіленгенін еске салған облыс әкімі жұмыс қарқынын үдету керектігін ескертті.
Рига көшесіндегі 200 орындық балабақшаның екінші қабаты қалану үстінде. Кәріз құбырлары орнатылып, астыңғы және бірінші қабаттардың құрылысы аяқталған. Жазда әрлеу жұмыстары жүргізілмек.
2015 жылы бұрынғы ғимараттарды қайта қалпына келтіру және жаңа балабақшалар салу есебінен облыс орталығында 1500 орын балғындар игілігіне берілмек.
Ләйла ЖАНЫСОВА,
“Солтүстік Қазақстан”.