«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

“БАЛАБАҚШАҒА ҚАШАН БАРАМЫН?” дейтін бүлдіршіендер әлі көп

“Баланың өскен бесігі – кең дүниенің есігі” демекші, бүлдіршіндер үшін де, ата-ана үшін де балабақшаның маңызы ерекше. Осыған орай Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасы бойынша “Балапан” бағдарламасы әзірленіп, биылға дейін іске асырылып келді. Енді Қазақстан Республикасы Үкіметінің үстіміздегі жылдың 21 қазанындағы қаулысына сәйкес “Балапан” бағдарламасын жүзеге асыру бойынша қабылданған барлық нормативтік-құқықтық қаулылар өз күшін жойды. Енді ол сол күннен бастап “Балапан” бағдарламасы Қазақстан Республикасындағы білім беруді дамытудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасына енгізілді.

Бүгінде облыста 566 мектепке дейінгі мекеме 22391 бүлдіршінге қызмет көрсетуде. Соның ішінде 75 балабақша, 1 мектеп-балабақша кешені және 490 шағын орталық бар. 3 пен 6 жас аралығындағы балаларды мектепке дейінгі мекемемен қамту жоспардағы 89,3 пайыздың орнына 91,7 пайызды құрайды. Бұл республикалық орташа көрсеткіштен 13,1 пайызға жоғары (республикада – 78,6 пайыз).  

“Балапан” бағдарламасы жүзеге асырыла бастаған жылдар аралығында мектепке дейінгі мекемелерде 9429 орын пайдалануға берілді. Біздің облыста республикалық бюджет есебінен үш балабақша салынды. Олар: Петропавл, Тайынша қалалары мен Қызылжар ауданында бой көтерді. 14 нысан қайтарылып алынып, қалпына келтірілді. Соның ішінде 7-еуі – Петропавл қаласында, қалғандары Есіл, Мағжан Жұмабаев, Ақжар және Жамбыл аудандарында балалар игілігіне берілді. Шал ақын, Айыртау, Мамлют, Тайынша, Тимирязев, Уәлиханов және Ғ. Мүсірепов атындағы аудандарда балалар 100 пайыз мектепке дейінгі тәрбие және білім берумен қамтылған.

Облыста бүлдіршіндерді мектепке дейінгі тәрбие және білім берумен қамтуға жеке кәсіпкерлер де атсалысуда. Осы уақыт аралығында облыста мемлекеттік-жекеменшік әріптестік есебінен 15 жекеменшік мектепке дейінгі тәрбие және білім беру мекемесі іске қосылды. Петропавл қаласында 10 жекеменшік балабақша ашылып, 1382 орынға балғын мемлекеттік тапсырыспен орналастырылды. Мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында “Мәмбетов және К” коммандиттік серіктестігі Мамлют ауданындағы Меңкесер және Бексейіт ауылдарында, “Зенченко және К” коммандиттік серіктестігі Қызылжар ауданындағы Новоникольское ауылында, “Вишневское” жауапкершілігі шектеулі серіктестігі Тайынша ауданындағы Вишневка ауылында балабақшалар ашты. Олардың барлығы мемлекеттік стандартқа сай жабдықталып, кадрлармен қамтамасыз етілді.

Білім басқармасының басшысы Шолпан Каринованың айтуынша, биылғы жылы мемлекеттік тапсырыс бойынша 1153 жаңа орын (жоспар бойынша 890 орын) ашылып, бүлдіршіндерді қуантқан. Үстіміздегі жылдың қараша айына дейін облыста 536 жаңа орын пайдалануға берілсе, желтоқсанда Петропавл қаласында 314 орын балғындардың игілігіне айналған. Сонымен қатар, жергілікті бюджет есебінен Айыртау, Тимирязев, Есіл, Аққайың, Мағжан Жұмабаев, Ғ. Мүсірепов атындағы аудандарда жаңа нысандар ашылған. “Алайда, Ақжар ауданындағы Қулыкөл ауылындағы нысанның құрылысы 2011 жылдан бері жүргізіліп келеді. Биылғы жылы оған қаражат бөлінген жоқ. Облыстық бюджетке өтінім берілген, бірақ қолдау таппады. Бұл мәселені аудан шеше алмай отыр. Ол “Нұр Отан” партиясында да қаралды”, – дейді Шолпан Таңатқызы.

“Балапан” бағдарламасы аясында атқарылған ауқымды жұмыстарға қарамастан, бүгінде облыста әлі де 12117 балғын балабақша кезегінде тұр, оның 10789-ы – петропавлдық. Республикалық бюджет есебінен келер жылы 905 жаңа орын ашылмақ, оның 855-і облыс орталығында болады. Облыс әкімі Ерік Сұлтановтың тапсырмасы бойынша Петропавл қаласында төрт жекеменшік балабақша бой көтермек. Сонымен қатар, тағы 320 орындық балабақшаның құрылысы басталады. Ол 2016 жылы пайдалануға беріледі деп жоспарлануда.

Мемлекеттік-жекеменшік әріптестік бойынша елімізде балабақшалар көптеп ашылуда. Алайда, білім басқармасының басшысы Шолпан Каринованың сөзіне сүйенсек, біздің облыстың жеке кәсіпкерлерді білім беру саласына тарту жағынан көрсеткіштері мәз емес. Оған балабақшаларға пайдалануға берілетін ғимараттардың аумағының санитарлық-гигиеналық талаптарға сәйкес келмеуі кедергі болып отыр. Қазіргі талаптар бойынша бір тәрбиеленушіге ғимарат ішінде 4,5 шаршы метр (сыртқы аумағы одан екі-үш есе көп) орын қарастырылған. Қалада ондай талаптарға сай келетін ғимараттар табу қиын. Сонымен қатар, ойын және жатын бөлмелерді біріктіруге болмайды деген де талап бар. Оны кез келген кәсіпкердің орындауға мүмкіндігі бола бермейді. Қазір бұл мәселе Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрлігінде қаралу үстінде.

Ләйла ЖАНЫСОВА,

“Солтүстік Қазақстан”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp