Осыдан бес жыл бұрын Тәуелсіздік күні қарсаңында облысымыздың орталығында “Алпамыс” бөбекжай-бақшасы ашылып, кішкентай тәрбиеленушілерін қабылдай бастады. “Балапан” бағдарламасы аясында пайдалануға берілген жаңа мекеме табалдырығын алғашқы болып аттаған бүлдіршіндер бүгінде өз мектептерінің үздік оқушылары қатарынан көрінуде. Бұған балабақша ұжымының қосқан үлесі зор деп білеміз.
Бала бірінші сөзін ата-ана жанында жүріп үйренсе, балабақшада алғаш рет зейінін ашып, көппен бірге тәрбие алады. Соңғы жылдары мектепке дейінгі білім алудың маңызы артып келеді. Өйткені, қазіргі жалпы білім беру бағдарламасы балалардың мектепке толығымен дайындалып келуін, яғни әріп танып, сандарды түгендей білуін талап етеді. Бұл кезеңге дайын баланың білім биігін бағындыруы да оңайға түседі. Осы ретте бүлдіршінге бар мейірімін төге отырып оқуға дағдыландыратын тәрбиешілердің еңбегі өлшеусіз екені анық.
Балабақша тәрбиеленушілерімен жұмыс істеу үлкен шыдамдылық пен пайым-парасаттылықты қажет етеді. “Алпамыс” балабақшасының Роза Сүгірбаева, Ләззат Ғалиева, Еңгілік Тұрсынбаева, Динара Мұсылманбекова сынды тәрбиешілері осындай қасиеттерді өз бойларында тоғыстыра білген. Майра Рамазанова басқарған ұжым педагогикалық және бала тәрбиелеу ісіндегі мол тәжірибелерін өз жұмысында тиімді қолданып келеді. Баламыздың сөйлеу, өзін-өзі ұстау мәнерінен күнбе-күн өзгешеліктерді аңғарып отырамыз. Осының өзі тәрбиеші еңбегінің маңыздылығын айғақтайды.
Осы уақыт ішінде балабақша ұжымы облыс көлеміндегі бірқатар байқауларға қатысып, өз жұмысының нәтижелігін көрсете білді. Мәселен, “Тілдердің үштұғырлығы” мәдени жобасы аясында өткізілген облыстық “Бала тілі – бал” байқауында “Алпамыс” тәрбиеленушілері бірінші орын алды. Балабақшада “Үркер” халықаралық зияткерлік марафоны кубогының, “Ұлы дала ұрпақтары” республикалық фестивалінің қалалық кезеңіндегі бас жүлденің иегерлері де тәрбиеленуде.
“Алпамыс” балабақшасындағы педагог-тәрбиешілердің оқыту үрдісіне жаңашылдық көзқараспен келуі ата-аналардың балаларының ертеңіне деген сенімдерін нығайтуда.
Әлия ДҮЙСЕМБАЕВА, ата-ана.