«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

БАЛАБАҚША ДА, БАСПАНА ДА КӨБЕЙЕДІ

Өңір басшысы Ерік Сұлтанов облыс орталығындағы құрылыс алаңдарында болып, бірінші кезекте жаңадан салынып жатқан балабақшаларға назар аударды.

Жұмысшы кентінде “СолҚазЭнерго” АҚ мемлекеттік-жекеменшіктік серіктестік аясында 320 орындық балабақшаның құрылысын жүргізуде. Оның мердігері – астаналық “Ақмола энергия жөндеу” ЖШС. Компанияның прорабы Искандер Далдабаев өңір басшысын құрылыс алаңында атқарылып жатқан жұмыспен таныстырды. Оның айтуынша, нысанда 70 адам еңбек етуде. 10 тамызда инженерлік желілерді тартуға кірісіп, айдың соңына дейін ғимараттың қабырғаларын тұрғызбақ.  

Өңір басшысы құрылыс қарқынын арттыруды ұсынды.

– Инженерлік желілер тартуды қатар жүргізе отырып, қыркүйек айының соңына қарай ауқымды құрылыс жүргізуге көшу қажет. Сөйтіп, 15 қыркүйек пен 15 қазан аралығында құрылыс алаңын абаттандыруды қолға алу керек, – деді Ерік Хамзаұлы.

Алматы көшесі, 4 мекенжайында 280 орындық балабақша салынуда. Облыс әкімі инженерлік желілерді дер кезінде тартуға, қыркүйек-қазан айларында аумақты абаттандырумен айналысуға ерекше назар аудару керектігін атап айтты.

Ерік Сұлтанов Рига көшесінде 200 орындық мектепке дейінгі мекеменің құрылысын жүргізіп жатқан “Петрострой-Люкс” ЖШС-нің қарқынына жоғары баға берді. Бүгінгі күні онда кәріз бен су құбырларын салу жұмыстары аяқталып, жылу желілерін тарту қолға алыныпты.

Осы көшеде, Жеңіс бағының жанында, тағы бір балабақшаның құрылысы жүргізілуде. “Баларман” 65 баланы мектепке дейінгі тәрбиемен қамтитын болады. Ғимаратты қайта жабдықтау қарқынды атқарылуда. Ішкі әрлеу жұмыстары аяқталып, кіреберіс жол мәселесі шешілуде.

Осы күні Ерік Сұлтанов тұрғын үй құрылысы барысымен де танысты. Юбилейный шағынауданында “Қазақстан ипотека компаниясы” жүйесі бойынша 126 және 72 пәтерлі екі көпқабатты үй тұрғызылады. “Береке” шағынауданында 55, 75, 90 және 93 пәтерлі бесқабатты тұрғын үйлер, жас отбасылар үшін әрқайсысы 100 пәтерлі екі жатақхана салынып жатыр.

Өңір басшысы аталмыш құрылыс алаңдарында болып, жұмыс қарқынына және олардың тапсырылу мерзіміне назар аударды.

Облыс әкімінің

баспасөз қызметі.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp