«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

БАЛАБАҚША ЕСЕПШІСІ ҚАМАУҒА АЛЫНДЫ

Тайынша ауданындағы “Айгөлек” балабақшасының қаржысын жымқырды деген күдікке іліккен бұрынғы бас есепшіні сот кінәлі деп танып, жеті жылға қамауға алу туралы шешім қабылдады.

Облыстық соттың баспасөз қызметінің мәліметіне сәйкес, есепші 2015 жылдан былтырға дейін қызметтік жағдайын пайдаланып, 11 млн. теңгеден астам ақша жымқырған. Бұл қаржы ғимаратты жалдау, коммуналдық төлемдер және балабақшаға қажетті тауарлар мен материалдарды сатып алу үшін аудандық бюджеттен бөлінген. Азық-түлік алу үшін ата-аналардан жиналған ақша да қолды болған. Айыпталушы жымқырған ақшасын өзінің және аталған балабақшада аула тазалаушы болып жұмыс істейтін жұбайының банк картасына аударып отырған. Ал күйеуі зайыбы екеуінің банк картасын да үнемі өзі ұстағанындықтан, оның арам ойы жайлы білмегенін айтып ақталған. Екі жылдың ішінде аула тазалаушыға шын мәнінде берілуі тиіс еңбекақыдан 275 414 теңге артық ақша төленген.
Ал мектепке дейінгі білім беру мекемесінің меңгерушісі есеп істерінен бейхабар әрі он жылға жуық уақыт бірге жұмыс істеп жүрген қызметкерінен күдіктенбепті де. Былтырғы қазан айында меңгерушіге аудандық білім бөлімінен хабарласып, ғимаратты жалдау құны төленбегендіктен, тексеріс тағайындалғанын айтқанда ғана, қылмысы әшкере бола бастаған.
Айыпталушы сот отырысында кінәсін толық мойындады. Отбасын асырауға ақша керек болғанын айтты. Сот үкімімен ол жеті жылға бас бостандығынан және бес жыл бойы материалды жауапты лауазымға орналасу құқығынан айырылды. “Айгөлек” балабақшасының материалдық шығын жөніндегі талабы да қанағаттандырылды. Облыстық сот айыпталушының адвокаты түсірген апелляциялық шағымды қарап, Тайынша аудандық сотының үкімін өзгеріссіз қалдырды.  

Сурет https://www.caravan.kz сайтынан алынды.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp