Қазір облыстағы балабақшаларды сенімді басқаруға беру мәселесі қоғамда қызу талқылануда. Тіпті, ата-аналар қыстың көзі қырауда бүлдіршіндер далада қалып қоя ма деп алаңдаулы. Өйткені, мемлекеттік-жекешелік әріптестік аясында балабақшаларға иелік ететін бизнес өкілдері жаңа тәртіп орнатып, қызмет көрсету бағасын көтерсе, қайтпек? Осыған орай Петропавл қалалық білім бөлімі жергілікті бұқаралық ақпарат құралдары өкілдеріне баспасөз турын ұйымдастырды.
Бүгінде “Ивушка”, “Балдәурен”, “Ақбота” балабақшалары мемлекеттік-жекешелік әріптестік аясында жұмыс істейді. Алдыңғы екі мекеменің қожайыны біреу. Мектепке дейінгі тәрбие және білім берумен айналысатын қос ұйымды қамқорлығына алған компанияның сенімді өкілі Татьяна Борисова мемлекеттік-жекешелік әріптестік аясында балабақшада қосымша ақылы қызметтер ұсынылатынын, күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілетінін жеткізді. Айтуынша, балалардың денсаулығын жақсарту мақсатында тұз шахтасы, “Монтессори” кабинеті ашылады. Қазіргі таңда ата-аналармен келісімшарт жасалуда. Қызмет көрсету бағасы өзгермейді, бірақ қосымша қызметтер (каратэ, ағылшын тілі, арт-студия, шахмат) ақылы болмақ.
Қазір “Ивушка” балабақшасында 13 топ бар. Өкінішке қарай, үшеуі ғана қазақша. Соның өзі жабылып қалуы ықтимал деген күдікпен уайым кешкен ата-аналардың жанайқайына құлақ асқан бизнес өкілдері бұл мәселеге алаңдауға негіз жоқ екенін айтты. Ата-аналармен жасалған екі-жақты келісім бойынша бөбекжай тобындағы бүлдіршіндер үшін төлем сомасы 13,5 мың, ересек топтағы балаларға 14,5 мың теңге. Бала ауырып қалған жағдайда төлемақы қайта есептеледі.
Сенімді басқаруға берілген мекеменің жаңа қожайыны “Дайын асқа тік қасық” болу абырой әпермейтінін жақсы білетін сыңайлы. Өйткені, аз уақыттың ішінде жылу жүйесін қалпына келтіріп, өз міндетін жауапкершілікпен атқаруға кіріскен. Алдағы уақытта балабақшаға бейнебақылау камераларын орнатып, қауіпсіздік шараларын күшейту көзделуде. Ал балабақшаларды сенімді басқаруға беру кезінде конкурс құжаттарын әзірлеген “Есіл” өңірлік даму орталығы директорының орынбасары Азамат Шәймерденов мемлекеттік-жекешелік әріптестік аясында жұмыс істеуге құлшыныс білдірген кәсіпкерлерге қойылған шарттармен таныстырып өтті. Яғни, ашық конкурс барысында қатысушылар қатаң тексерістен өткен. Бастысы, еңбек ресурсы мен инвестициялық әлеуетке ерекше назар аударылған. Жұмыс барысында кәсіпкер белгіленген талап шарттарын орындаудан бас тартса, ол айыппұл төлеуге міндетті. Келісімшартта көрсетілгендей балабақша жетекшілері белгілі мерзім аралығында облыстық білім басқармасы мен өзге де ұйымдарға есеп беруі тиіс. Баспасөз турында жергілікті тілшілер мемлекеттік-жекешелік басқару жүйесіне өткен “Балдәурен” балабақшасының да жұмысымен танысуды жөн көрді.
– Біздің балабақша 2008 жылы ашылған болатын. Қазіргі таңда 320 орындық мектепке дейінгі білім беру мекемесінде он қазақ, төрт орыс тобы бар. Мұнда 87 адам жұмыс істейді. “GRAND Broker” компаниясының басшысы Андрей Токарев ұйымды өз қамқорлығына алды. Инвестор ұжыммен кездесу өткізіп, алдағы жоспарларымен бөлісті. Мұнда жаңа үйірмелер ашылып, жазда жөндеу жұмыстары жүргізіледі, – деді “Балдәурен” балабақшасы меңгерушісінің орынбасары Әлия Жапарова. Облыс орталығындағы “Ақбота” балабақшасы да сенімді басқаруға берілді. Оның инвесторы – өңірімізге белгілі кәсіпкер Балдырған Ілиясов.
– Балабақшаларды сенімді басқаруға беру тиімді. Бүгінде инвесторлар білім беру ұйымдарына өз қаржысын салуға мүдделі. Менің басты мақсатым – туған елімнің болашақ ұландарын тәрбиелеуге атсалысу. Ал мұнда қазір 7 қазақ, сонша орыс тобы бар. Өз қаржыма мекеменің акт және спорт залдарына жөндеу жүргіземін, терезесін ауыстырамыз. Қазіргі балалар аурушаң. Сондықтан олардың денсаулығын жақсарту үшін тұз шахтасын іске қосу көзделуде. Ал мұндай ұйымдарды сенімді басқаруға беру мемлекетке тиімді, – дей келе Балдырған Қамбарұлы тәрбиешілердің білімін жетілдіруге, тәрбие беруде озық әдіс-тәсілдерді пайдалануға басымдық берілетінін жеткізді. Сондай-ақ, ол ұжымды таратып, төлемақы мөлшерін қымбаттату ойында жоқ екенін атап өтті.
Ақмарал ЕСДӘУЛЕТОВА, “Soltústik Qazaqstan”.