«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

БАЛАДАН БЕЗГЕН БЕЙБАҚТАР

Осыдан бір жыл бұрын облыс орталығындағы перзентханаға өмірге келген кішкентайымның денсаулығын тексерту үшін бас сұқтым. Дәрігердің кабинетінің табалдырығынан аттай бергенім сол еді, “Баламнан бас тартамын. Өмірге некесіз сәби әкелгенімді ата-анам білсе, мені тірідей о дүниеге аттандырады. Оның үстіне, бізді бағып-қағып, асырайтын заңды күйеуім де жоқ. Ол оңбаған аяғымның ауыр екенін естіген бойда көрген түстей жоқ болып кетті. Сол кеткеннен мол кетті”, – деп зар еңіреген жас ананың дауысын естіп, өзімді қоярға жер таба алмай, кері бұрылдым.

 

Безбүйрек ана

Жан-жағы бөлмелерге толы перзентхананың ұзын дәлізі. Тоғыз ай, тоғыз күн тағатсыз күтіп, өмір мен өлімнің ортасында жанталасып дүниеге әкелген шақалақтарының тәп-тәтті ұйқыларын күзетіп аналар отыр. Қолына алып, көкірегіне басқан сәттен кешегі қиналысын ұмыттырып, бүгінде әр ананың үкілі үмітіне айналған сүйкімді періштелер пысылдап ұйықтап жатыр. Олар қуанышы мен қайғысы қатар жүретін мына өмірдің бұлыңғыр жақтарын қайдан білсін? Олар ақ сүтімен әлпештеп, бақыты үшін қасірет кешіп, бір азапқа душар болса, көз жасынан көл жасап, сол қайғы тамшысын өзі ғана ішкен жалғыз қорғаушы адамның жандарында болғаны үшін бақытты. Кейде өміріндегі сол ең аяулы деген жанның бейкүнә сәбиіне әлемнің бар кінә-былығын артып, теріс айналып, тентіретіп, әркімге жаутаңдатып жіберетін қатыгездіктері де кездесіп жатады.

“Жаңа туған нәрестесін ауладағы қоқыс салатын жәшіктердің біріне салып кетіпті” немесе “қала шетіне апарып тастапты” деген әңгімелерді күнделікті бұқаралық ақпарат құралдары таратқан хабарлардан естіп, тіпті, мұндай жантүршігерлік оқиғаларға құлағымыз да, етіміз де үйреніп кетіпті. Қазақтың қарапайым тілімен айтсақ, қыздан кеткен қылықтың кесірінен без-бүйрек аналар, ұлдан безген ұяттың кесірінен тасбауыр әкелер, отбасы ұғымын санасымен сезіне алмайтын жауапсыз ата-аналардың кесірінен тастанды балалар көбейді. Бауыр еті баласын тастап кеткендерді біздің қоғамда жұмыртқасын өзге құстардың ұясына салатын көкек құсқа балап, “Көкек-ана” дейді.

Тарихқа жүгінсек, қазақта бұрын-соңды тастанды бала деген ұғым мүлде болмаған. Біз жетімін жылатпай, жесірін босағадан бездірмей, қаңғытпай, қорғап, қамқорлығымызға алған халықпыз. Күйеуінен жас қалған келіншекті сол әулеттің өзге азаматына әмеңгерлікпен жар қылуымыздың астарында ұлттық келбет пен адамгершілік құндылық жатыр емес пе?

Ақпарат көздеріне сүйенсек, қазаққа “Көкек-ана” ұғымы сонау 70-ші жылдары келген екен. Міне, сол уақыттан бері қазақ қоғамында құрсағын жарып шыққан баласынан бас тартқан безбүйрек аналар, асырап-бағу сынды жауапкершіліктен қашып жүрген тасбауыр әкелер, көздері жәутеңдеп, кішкентайынан жетімдіктің қамытын киіп, қатарластарымен емін-еркін ойнап-күлуге бата алмай, жалтақтап күй кешіп жүрген тастанды балалар көбейді. Елімізде өз баласынан жерінген “Көкек-аналардың” тізімін анықтауда статистик мамандардың өзі тұшымды мәлімет бере алмай отыр. Қоғамның қотырына айналған бұл мәселенің өңіріміздегі ахуалы жайында білу үшін облыстық денсаулық сақтау басқармасына хабарласқанымызда, мұндай мәліметтерді көпшілікке жария ете алмайтындарын айтты. Ал облыстық перинаталдық орталықтың бас дәрігері Жанна Мауытова мұндай жағдайлардың перзентханада кездесетінін, бірақ өткен жылдармен салыстырғанда үстіміздегі жылы өте аз болғанын айтты.

– Нәрестесін асырап-бағудан аналар көп жағдайда екі түрлі себеппен бас тартады. Алғашқысы – сәби өмірге мүгедек болып келгенде, екіншісі – тұрмыстың нашарлығынан. Үстіміздегі жылы 16-17 жастағы жасөспірімдердің ойнақтап жүріп от басып, некесіз босанған жағдайлары орын алды. Біз мұндай жағдайда жас ананың ата-анасымен сөйлесіп, психологиялық түсіндіру жұмыстарын жүргіземіз. Соның арқасында біраз ата-ана нәрестелерді қараусыз қалдырмай алып кетіп жатады. Ал қыздың ата-анасы түбегейлі қарсы болып, жас ана өз сәбиінен бас тартпаған жағдайда біз оған материалдық жағынан қол ұшын береміз. Оларды облыс орталығындағы “Ана үйіне” орналастырамыз. Сол жерде бір жыл бойы тегін тамақпен, жатын орынмен, киім-кешекпен, басқа да тұрмысқа қажетті жабдықтармен қамтамасыз етіледі, – деді.

Нәрестесін өмірге әкеліп, бірнеше жыл отбасылық бақыт сыйлап, кейін әлдебір ойдың жетегінде күйеуі мен баласын тастап кетіп жатқан аналар да бар бізде. Сол безбүйрек жандардың мейірімсіздігінің кесірінен бүгінде еліміз бойынша жалғызбасты әкелердің саны – 68 мыңға, ал облысымызда 300-ге жуықтапты. Оған ерлі-зайыпты деген аты болмаса, бір-бірімен бір шаңырақ астында көптен бері тұрмайтын, ұрсысып-жанжалдасып, тіпті, жүздерін бірнеше жылдар бойы көрмей жүрген, ортадағы баланы әкесіне қарай ысыра салған аналарды қосыңыз. Тіпті, біздің өңірімізде анасының жоқтығын білдірмей, шеше орнына шеше, әке орнына әке болып, тамақтарын пісіріп, кірлерін жуып отырған жалғызбасты әкелердің клубы да бар екен. Аталмыш клубтың мүшесі 39 жастағы Ерлан Көкеновтің (аты өзгертілген) әйелімен ажырасқанына биыл 6-шы жыл. Бірін-бірі сүйіп қосылған жұпты талай шаңырақты ортасына түсіріп, шаттығын ұрлаған ішімдік айырды. Араққа салынған сұлу әйелі жұмысты сылтауратып, түнде үйге келмей, қалталылармен қыдыруды шығарады. Арада біраз уақыт өтпей, өз бетімен үйден кетіп қалады.

– Ағайындарымыз екінші рет үйленуімді өтінді. Жас болсам да ойлана келе, алдағы өмірімді қос құлыншағыма арнауды ұйғардым. “Аузы күйген үрлеп ішеді” демекші, ертең алғаным балаларыма қабақ шыта қарайтын болса, мен қалай шыдамақпын? Бала – Алланың берген сыйы. Өзім қаладағы бір мекемеде электр жөндеуші болып жұмыс істеймін. Тамақты да өзім пісіріп, кірді де жуамын. Бүгінде қос құлыншағым мектеп табалдырығын аттады, – дейді жалғызбасты әке.

Облыстық сот актілерін орындау департаментінің аға сот орындаушысы Қарлығаш Абаева:

– Бүгінде облысымызда балаларын әкесіне тастап, бақытты баладан емес, басқадан іздеген “Көкек-аналардың” жалпы саны – үш жүзге жуық. Әйелдердің мұндай әрекетке баруларына көп жағдайда ауыр тұрмыс пен қаржы жетіспеушілігі әсер етеді. Сондай-ақ, олардың елу пайызы маскүнемдікке салынған. Соның салдарынан олар өз перзенттерінен безінуде, – дей келе, ай сайын алимент төлеуші ата-аналардың тұрғылықты мекенжайларына барып, тексеру жұмыстарын жүргізіп тұратындықтарын айтты.

– Бірде мынадай оқиға болды. Балаларын күйеуіне тастап кеткен Алина (аты өзгертілген) есімді келіншектің үйіне бардық. Аты үй демесеңіз, жағдайы қорадан да нашар. Әбден арақ сасып кеткен. Әйелдің бойынан аналық махаббатпен ойлап, сағынатын, болашағы үшін алаңдайтын жылы леп те сезілмейді.

Бұл бір ғана жағдай. Бойкүйездікке салынып, баладан, жардан безінген нәзік жандар жетіп артылады.

Алла тағала мейірім-шапағатты алпыс екі тамырына таратып, жүрегіне байлаған қасиетті аналарымыздың арасында адам шошырлық тасжүректік орын алып жатса, оған кімді кінәлаймыз?

Жеті баланы қиындықпен өсіріп, ұлын – ұяға, қызын қияға қондырып, бүгінде немерелер мен шөберелердің қызығына куә болып, бақытты әже атанып отырған көпбалалы ана Гүлзипа Тұрарқызы мұның жай бір сылтау екенін алға тартады.

– Қазақта “Бір қозы туса, бір түп шөп артық өседі” деген сөз бар. Әлеуметтік тұрмыстың ауырлығы жауапкершіліктен құтылудың жеңіл себебі ғана. Нағыз ана өз баласын қандай қиындық кездессе де, тіпті, ішерге су, жеуге тамақ таппай жүрсе де, бір мекеменің еденін жуса да асырап, жеткізеді. Бәрі тәрбиеге байланысты, – дейді көпті көрген Гүлзипа әжей.

 

Тасбауыр әке

Қазақ халқы ежелден ананы – кәусар бұлаққа, ал әкені – асқар тауға, баланы жасыл құраққа теңеп, отбасы алдындағы дәрежелерін үлкен мәртебе санаған. Алайда, өн бойында тәрбие мен тәлім тұнған кәусар бұлақтың аздығының кесірінен арқасүйер асқар тауларымыз жел өтінен қорғауға қауқары жетпейтін төбешіктерге айналғандай. Туған баласынан безген тасбауыр әкелердің ізін жалғайтын ұрпақтарын жастай “тірі жетім” атандырып, өз қанынан жаралған сәбилеріне қатыгездік жасауы көңілге қаяу салмай қоймайды. Осындай қоғамдық ауыр мәселеден еліміз бойынша 100 мыңнан астам балалар зардап шегіп, соншама әке заң межелеп берген алимент төлеуден қашып, түрлі айлашарғылар қолданып жүр. Ал мыңдаған жалғызбасты аналар сот орындаушылардың есігін жағалап, ақша өндіру үшін жылап-еңіреп келеді. Өйткені, жанында мұңайғанда тірегі, қуанғанда тілекшісі болатын жары жоқ жалғызбасты аналардың ауыр тұрмысы айтпаса да белгілі. Тұрақты жұмысы бар, алатын жалақысы жақсы болса да, баласының жоқ-мұқтажын өтеуге көп жағдайда күштері жете бермейді. Статистикалық мәліметтерге қарағанда, алимент өндіру жөніндегі шыққан әрбір төртінші сот шешімі орындалмайды. Өткен жылдың қорытындыларын назарға алсақ, еліміз бойынша 90 мыңға жуық “Көкек-әке” тіркелген. Облыстық сот актілерін орындау департаментінің аға сот орындаушысы Қарлығаш Абаева облыс бойынша алименттік жауапкершілікке тартылғандардың жалпы саны 9 мыңға жуықтайтынын айтады. Сот актілерін орындау департаментінің мәліметіне сүйенсек, барлық борышкер ата-аналардың балаларына қарызы 90-100 миллион теңгені құрайды екен. Екі бірдей перзентін зайыбына тастап, әкелік парызынан бас тартқан қала тұрғыны Кирилл Шишкиннің берешегі рекордтық көрсеткіште – 5 миллион теңгеге дейін барады. Алименттік төлемдерін осыншама көбейткен азаматтың бұл әрекетіне сот орындаушылары түрлі іс-шаралар қолданса да, нәтиже бермей отыр екен. Басында баспанасы, тұрақты жұмысы жоқ, тіпті, тәркілейтін мүлкі де қалмаған Кирилл Геннадьевич алимент қарызын төлеуге асығар емес.

Қазақстан Республикасының “Сот орындаушыларының орындаушылық өндірісі және дәрежесі туралы” Заңына үстіміздегі жылдың басында бірқатар толықтырулар мен өзгертулер енгізілген болатын. Онда алимент төлеуден қашқақтап жүрген ата-аналардың құқықтарына біраз шектеу қойылған. Заң бойынша олар берешегінен құтылмай, шетелге шыға алмайды. Қатайған заң қоғамның жарасына дауа бола алар ма екен?

 

Нұргүл ОҚАШЕВА,

“Солтүстік Қазақстан”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp