«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

БАЛАЛАРДЫҢ БАҒБАНЫ

Петропавл қаласындағы қазақ мектеп-гимназиясының бастауыш сынып мұғалімі Бақыт Ақышова білім мекемесінің табалдырығын алғаш рет имене аттап, жан-жағына үрке қараған сары ауыз бүлдіршіндерімізді қанатының астына алып, балапандай баптап, топшысын қатайтып, үлкен өмірге жол сілтеп, өзінің сүйікті ісімен айналысып келе жатқанына 37 жыл. Әр мамандықтың өзінің қиындығы бар, десек те, бастауыш сынып оқушыларына сабақ беру оңай емес екенін ата-ана ретінде өзіміз күнде көріп жүрміз. Бақыт Тентекбайқызы оңы мен солын айыра алмай, қолына қалам ұстауға икемі келмей келген балапандарымызды асқан ыждаһаттылықпен оқытып-тоқытып өткен оқу жылында орта буынға шығарып салды. “Білім негізі – бастауышта” деген қағида дұрыс айтылған. Балаларымыз апайының берген білімі мен дағдысының арқасында еш қиындық көрмей оқып жүр.

Алғаш мектепке әкелген кезде тілдері орысша шыққан балалармен жұмыс істеу ұстазға қиын соққанын білеміз. Олардың көпшілігі қазақша айтқанды түсінбеді. Тәжірибелі ұстаз уақытпен санаспай, түске дейін сабақ беріп, одан кейін осы балалармен қосымша жұмыс істеп, кешке дейін жүретінінің куәсі болдық. Сонда бір қабақ шытып, кейістік білдірмейтін ұстаздың әр сөзінен балаға деген сүйіспеншілік, мейірім сезілетін.

Атақты педагог-ғалым В.А. Сухомлинский: “Мұғалімдік мамандық – бұл адамтану, адамның күрделі де қызықты, шым-шытырығы мол жан-дүниесіне үңіле білу”, – деген сипаттама берген екен. Атақты педагогтің бұл сөзі Бақыт Тентекбайқызына берілген мінездеме іспетті. Ол баламен жұмыс істеу қанша қиындық тудырса да, ата-аналар жиналысында біреуімізге “Сенің балаң бүйтті, сүйтті” деп көрген емес. “Таңертең оқушыларым сабаққа келгенде әрқайсысының көңіл-күйін бақылап, қас-қабағына қарап отырамын. Балалардың әртүрлі еркеліктері де жетіп жатыр. Әр баланың мінезін, ішкі түйсігін зерттеп, олардың жүрегіне жол табуға тырысамын”, – дейтін ұстаз бізді де зерттеп отыратындай көрінетін. Тіпті, ол біздің балаларымыздың ғана емес, өзіміздің де ұстазымыз болып кетті.

“Жақсы да, жаман да мінез ата-анадан” дегендей, ұстаз бала күнінен ана сүтімен қанына сіңген адалдық, шыншылдық, турашылдық, әділдік сияқты адами қасиеттерге алдындағы шәкірттерін де үйретіп келеді. Бақыт Тентекбайқызы 1, 2-сыныптарда балаларды кітап оқуға баулып, киноға, театрға апарып, көргендерін айтқызу арқылы тілдерін дамытуға, сөздік қорларын молайтуға бағытталған жұмыстарды көп жүргізіп, сыныптан тыс шараларға баса назар аударады. “Бастауыштың алғашқы екі сыныбында қиналған мұғалім кейін еңбегінің жемісін көре бастайды. Шәкірттерімді ғылыми жобалар жазуға баулып, олардың түрлі деңгейлердегі сайыстардан жеңіспен оралғанын көріп, еңбегімнің зая кетпегенін сезінемін. Мен үшін осыдан асқан марапат жоқ”, – дейді ол.

Бақыт Ақышованың оқушылары Данияр Жасұлан, Аңсар Сапарғалиев, Ерасыл Қамкен республикалық “Болашақ қуаты – Қазақстан қолында” тақырыбындағы “Robo Expo” байқауында І дәрежелі дипломмен марапатталып, ұстаз мерейін үстем етсе, Айқын Малғаждар, Айжана Алдабергенова республикалық ғылыми жобалар сайысында жүлдегер атанды. Томирис Серік, Жанбота Сәбитов, Диас Қаршалов, Алиша Әнуарбекова және тағы басқа оқушылары да түрлі байқаулардың жүлдегерлері.

Жоғары санатты бастауыш сынып мұғалімі Бақыт Ақышова Назарбаев Зияткерлік мектептері тәжірибесін тарату мақсатында өткен облыстық семинарларда, білім жетілдіру институты тыңдаушыларының алдында өзінің іс-тәжірибесімен бөлісіп келеді. “Бастауыш сынып үшін грамматикалық ойындар” деп аталатын әдістемелік құралы да ұстаздар қауымына зор көмек.

Павлодар облысының Ақкөл ауылында дүние есігін ашқан Бақыт Тентекбайқызы Шал ақын ауданындағы Балуан ауылының келіні. Жұбайы Мейрам екеуі Шамшиден, Бейбіт атты екі ұл тәрбиеледі. Бүгінде ұстаздықтың қиын да қызықты жолында бағындырған әр асуы үшін Бақыт Тентекбайқызының осы мамандықты таңдауға кеңес берген анасына және қабақ шытпай, әркез қолдау көрсетіп отыратын жұбайына алғысы шексіз. Жұбайымен арадағы өзара түсіністіктің арқасында жұмысына ерте келіп, кеш кетеді. Өзінің мамандығын жан-тәнімен беріле істеп, жеткен жетістіктері де бар. Ұстаздың қала, облыс әкімдері мен білім басқармасы тарапынан алған Құрмет грамоталары мен Алғыс хаттары тынымсыз еңбегіне берілген баға.

Ұстазда бос уақыт бола бермейді. Алайда, Бақыт Тентекбайқызының қолы босай қалса, 7 сыныпта оқитын немересі Аманмен шахмат ойнағанды ұнататынын білеміз. Сондай-ақ, ол сурет салуды өте жақсы көреді. “Өзім жас кезімде “жұмыс-жұмыс” деп бала тәрбиесіне қарай алмадым. Енді сол олқылықтың орнын толтырғым келеді. Арманым – немереме өз білгенімді үйрету”, – дейді ұстаз.

Біздің балаларымыздың сүйікті ұстазы Бақыт Ақышова қарашаның 4-і күні зейнет жасына келеді. Алайда, биыл жаңартылған мазмұнда оқитын 1-сыныпты қабылдап алған білікті ұстаз оларды жарты жолда тастамақ емес. Көп жыл бойы бастауыштың оқушыларын тәрбиелеп, балалар бағбанындай болған ұлағатты ұстазға алар асуларыңыз әлі де көп болсын дейміз.

5 “а” сынып ата-аналары атынан

Раушан САХАТОВА.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp