«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

БАЛАЛАРДЫҢ БӘРІ ДЕ – ЖЕҢІМПАЗ

Облыс орталығындағы балалар мен жасөспірімдер шығармашылығы орталығында мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған облыстық “Северное сияние” облыстық фестивалі өтті. Оған өңірімізден 500-ден астам үміткер қатысты.

Фестиваль бағдарламасына “Үздік ән”, “Үздік би”, “Үздік музыкалық нөмір”, “Қолданбалы өнер” және “Бейнелеу өнері” аталымдары енді. Байқауды ұйымдастырған “АДОН-Север” қоғамдық бірлестігінің төрайымы Елена Колмогорова мұндай байқау мүмкіндігі шектеулі балаларды шығармашылықпен айналысуға итермелеп, өнер ұжымдары арасында байланыс орнатып, балалардың өрістерін кеңейте түседі, деді.

Фестиваль облысымызда үшінші мәрте ұйымдастырылып отыр. Алғашқылардың бірі болып сахнаға есту қабілеті төмен балаларға арналған облыстық арнайы түзету мектеп-интернатының оқушылары көтерілді. Әсемгүл Есенғазина мен Айнұр Саинова ишарат әнін орындап, байқау қорытындысы бойынша “Үздік ән” аталымында бірінші орын алды. Ал осы интернаттың тәрбиеленушілері “Вуги-вуги” биін билеген “Пульс” ансамблі “Үздік би” аталымында жеңіске жетті.

Бұл күні балалар тек қана би билеп, ән айтқан жоқ. Олар өлеңдерді мәнерлеп оқудан да сынға түсті. Есіл ауданынан келген Дархан Баяхметов өзі шығарған өлең шумақтарын оқыды. Байқау қорытындысы бойынша ол жеңімпаз атанбаса да, сахнаға көтеріліп, көңілін тербеген өлеңдерін көрермен алдында оқып бергеніне дән риза болды. Бұл шарадан Соколовка ауылындағы даму мүмкіндігі шектеулі жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға арналған (түзету) мектеп-интернатының тәрбиеленушілері де шет қалған жоқ. Снежанна Голубцова өлең шумақтарын мәнерлеп оқыса, бишілері “Джентельмендер биін” орындады. Өзге қатысушылар да ән айтып, жергілікті ақындардың өлеңдерін мәнерлеп оқып, өз өнерлерін ортаға салды.

Сайыс қорытындысы бойынша жеңімпаздар анықталғанымен, фестивальды ұйымдастырушылар ешкімді бөле-жарған жоқ. Барлық қатысушылар сыйлықтармен марапатталды.

Бақытжан ЖОЛДАСҚЫЗЫ,

“Солтүстік Қазақстан”.

Суреттерді түсірген

Амангелді БЕКМҰРАТОВ.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp