«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

БАЛАЛАРДЫҢ КӨЗ ҚУАНЫШЫ

Өңірімізде қазығы 1991 жылы қағылып, берік іргетасы қаланған қуыршақ театры содан бері өткен жиырма төрт жыл уақыт ішінде өзінің кішкентай көрермендеріне алпысқа жуық спектакль ұсынып, мыңдаған балаға көтеріңкі көңілкүй сыйлады, сонша ата-ананың көзайымына айналды. Бүгінде жиырма төртінші маусымының соңғы қойылымына қызу дайындық жүргізіп, жұмыла еңбек етіп жатқан шығармашылық ұжымның жұмысымен танысып қайтқан едік. Жолдаған сауалдарымызға саналы ғұмырының отыз екі жылын өнердің өрістеуіне арнаған аталмыш театрдың көркемдік жетекшісі Мейрам Сексенбаев жауап берді.

– Мейрам Есілбайұлы, қателеспесем, жас көрермендердің көз қуаныштарына айналған қуыршақ театрының саны еліміз бойынша саусақпен санарлықтай ғана. Солардың бірі біздің өңірімізде орналасқан. Өзге облыстардың орталықтарындағы театрлардың арнайы атаулары бар. Мысалы, Ақтөбедегі театр “Алақай” деген атауды иеленген. Әріге бармай-ақ, өзімізге көршілес Қостанайдағы театр “Ортеке” деп аталыпты. Осыған қарап, қуыршақ театрларының құрылымы да, атауы да халқымыздың ұлттық ойындарынан бастау алғандығын білуге болады. Облысымыздағы балаларға арналған белді шығармашылық ордаға лайықты атау беру ойларыңызда бар шығар?  

– Өмірімнің біраз бөлігін өнер, мәдениет салаларына арнаған адам ретінде қойған сауалыңызды орынды деп білемін. Бұл мәселе біздің өңірімізде әлі күнге дейін шешімін таппай келеді. Оның өзіндік себептері де бар. Біріншіден, біздің театрымыз осы жиырма төрт жыл ішінде еліміздің біраз өңірлерін аралады, шетелдердің сахналарында өнер көрсетті. Қуыршақ театры дегенде Солтүстік Қазақстан облысынан келген өнер ұжымы ретінде танитын, жұртшылықтың қошеметіне бөленетін жағдайға жетті. Яғни, әу баста қалай құрылды, солай танылды, көрермен көкейінде жатталды. Екіншіден, тұғырлы тәуелсіздікке қол жеткізген алмағайып уақытта Қазақстан халқының қиын да күрделі, елең-алаң шағында құрылғандықтан, шығармашылық ұжым өкілдерінің барлығы Ресейдің білікті университеттерінде білім алып келген азаматтар болды. Орыстілді жастар көбейді, қатарымызды қалыңдатты. Мұның өзі айтарлықтай бір себеп еді. Өзгеше атау иеленсек, көрермендерімізден көз жазып қалмаспыз. Бұл мәселенің болашақта бір ізге қойылуы жолында жұмыс істеудеміз. Атауына байланысты алдын ала дайындаған әртүрлі нұсқаларымыз да бар. “Алдар көсе” деген ойлар да ортаға салынды. Болашақта халқымыздың танымына, ұлттық болмысымызға лайықты бір атауды беретініміз анық. Әзірге ойластыру үстіндеміз.

– Үстіміздегі жыл еліміздің жаңа тарихын, мәуелі мәдениетін жандандыратын маңызды шараларға, айтулы оқиғаларға толы болды. Сол мерейлі мерекелерді елімізде еңбек етіп жүрген ұжымдардың барлығы ерекше шабытпен, ізденіспен өткерді. Сіздер жас көрермендеріңіздің көңілін қалай көтердіңіздер?

– Иә, ауыз толтырып, мақтанышпен айтатын шуақты жыл десек болады. Солардың ішінде салмағы да, жүгі де ауыр еңселі елдігіміздің мерейтойы – Қазақ хандығының 550 жылдығы. Еліміздің тарихындағы елеулі оқиғаны ел болып, ұланасыр, кең көлемде тойладық. Біздің ұжым да қалыс қалмады. Ерекше сыйлық күтіп келген көрермендерге Рагим Мұсаевтың пьесасының желісі бойынша, Евгений Пермяковтың режиссерлігімен сахналанған “Сказки старого Коркыта” атты спектакльді ұсынып, шат-шадыман көңілкүй сыйладық. Аңыз желісінің күрделілігіне қарамастан, жас көрермендеріміз өте жақсы, жылы қабылдады. Шығармада VI-VII ғасырларда Сыр елінде, Сырдария өзенінің жағасында өмір сүрген Қорқыт бабамыздың қобызы, оның өмірге келу тарихы тереңнен толғанып, музыка күшімен күңіренген қасиетті үні сөз болады. Тәнті болып тамашалаған жасты да, жасамысты да жақсылыққа, достыққа, сүйіспеншілікке баулыған сюжетте қатыгездік те, сатқындық сынды жаман қасиеттер де орын алады. Табиғаттың тылсым құбылысын көз алдымызға әкелген қобыз аспабының күңіренген дауысы, қасиетті достық пен дұшпандықтың арасына алтын көпір орнатып, адами қасиеттердің жеңіп шығуымен тамамдалады. Біздің қойылымдарымыз балаларға арналғандықтан, жеңіл, түсінікті әрі мазмұнды болуын қадағалаймыз.

– Әрине, шығарманың көрермен жүрегіне жол табуы үшін сахнагердің рөлді өз дәрежесінде сомдауы басты орында тұрады. Театрда қызмет атқаратын әртістердің деңгейі қандай? Жалпы, жас кадрлардың жетіспеушілігі қиындық тудырмай ма?

– Бұл – біздің жұмысымыздың жанданып, алға басуына тұсау болып отырған негізгі мәселелердің бірі. Кезінде Ресейден өңірімізге келіп, жұмысқа орналасқан әртістердің санаулысы ғана өз қызметтерін жалғастыруда. Соңғы екі-үш жылда Петропавлдағы өнер колледжінде білім алып, ойдағыдай тамамдаған жастар жұмысқа тартылуда. Олардың дені “Актерлік шеберлік” мамандығын игерген. “Қуыршақ театрының әртісі” мамандығын меңгерген өнерпаздар жоқтың қасы. Олар қуыршақ өнерін жұмыс атқара жүріп, тәжірибе жүзінде іске асыруда. Аталмыш мамандықты Астана және Алматы қалаларындағы білім ордалары оқытады. Шығармашылық әлеуетімізді көтеру мақсатында жыл сайын аталмыш оқу орындары басшылығына жас әртістердің жетіспеушілігі жайлы айтып, ұсыныс хаттар жібереміз. Алайда, жастардың көбі өңірімізге келуден бас тартады. Еңбек баспалдағын теріскейден бастағысы келетіндер де жеткілікті. Олар ең бірінші баспана мәселесінің оңтайлы шешілуін сұрайды. Жалақының аздығы да қолбайлау болып отыр. Сондықтан да әзірге үміт үзбеуден басқа қолдан келер шара жоқ.

Сауалдың да, жауаптың да реті келгенде айтайын, театрда алдағы уақытта қазақ труппасын ашуды көздеп отырмыз. Тіпті, осы уақытқа дейін қойылған спектакльдердің денін қазақ тіліне аударып, дайындап та қойдық. Міне, осы игі бастаманы сәтті жүзеге асыруға кедергі болып отырған да қазақтілді әртістердің жетіспеушілігі ғой. Екі тілді еркін меңгерген, өнерін паш ете алатын жалғыз әртісіміз бар. Ол – өңіріміздің тумасы, өнер колледжінің түлегі. Алайда, “Жалғыздың үні, жаяудың шаңы шықпайтындығы” кедергі келтіруде.

– Қазақ труппасын ашудағы мақсатыңыз қазақ көрермендерінің көбейгендігінде болар?

– Бүгінде, Құдайға шүкір, өңірімізде қазақ балаларының саны жыл сайын артуда. Бір спектаклімізді 180 көрермен тамашалауға тілек білдіретін болса, солардың тең жартысы – қазақтың балалары. Баянды болашағымыздың өкілдерінің өз ана тілін бес саусақтай білетін, салт-дәстүрін, дінін құрметтейтінін қаласақ, осы бастан әрекет жасау керек. Ара-тұра көзім көріп, көңілім сезіп қояды, балалар орысша қойылған спектакльдердің кейбір тұстарын түсіне алмай, қазақша аудармасын залдан шыққан соң ата-аналарынан сұрап, талқылап жатады. Оның өзі қуаныш. Өңірімізде жыл сайын қазақ балабақшалары көбейіп келеді. Қазақ сыныптарына баратын балалардың саны артуда. Осы тұстан келгенде, қазақ труппасын ашуды бүгіннен бастап қолға алу керек деп ойлаймын.

– Ойыңыз құптарлық екен. Жылдың басында көршілес Ресейдің Омбы қаласындағы қуыршақ театрымен меморандумға қол қойғандарыңызды білеміз. Соған орай қазан айының ортасында омбылық өнерпаздар өңірімізге арнайы келіп, өнерлеріне тәнті қылып кеткен болатын.

– Біздің жас бүлдіршіндеріміздің қуанышында шек болмады. Біз де омбылықтарға арнайы бардық. “Отшельник и роза”, “Здравствуйте” атты қос спектаклімізді тамашалауға келген көрермендердің арасында ине шаншар жер болмады. Бұл біздің үлкен жетістіктеріміздің бірі деп ойлаймын.

– Болашақтағы жоспарларыңызбен бөліссеңіз.

– Баку, Қазан қалаларында өткен сайыстарда асығымыз алшысынан түсіп, әртүрлі жүлделі орындарды еншілеп қайттық. Жуырда “Ортеке” атты халықаралық фестивальға қатысуға жолдама алдық. Соған қызу дайындық үстіндеміз.

– Әңгімеңізге рахмет!

Нұргүл ОҚАШЕВА,

“Солтүстік Қазақстан”.

Суретті түсірген

Амангелді БЕКМҰРАТОВ.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp