“ОРиДИ” қайырымдылық қоры облыс орталығында тұратын мүмкіндігі шектеулі 23 балаға мерекелік көңілкүй сыйлап, жаңажылдық сыйлықтар тарту етті. Бұл қайырымдылық шарасы 1 желтоқсанда басталған “Балаға таңғажайып сый тарту ет!” акциясы аясында өткізілді.
Аталмыш шараға “Большой” жиһаз дүкені қолдау көрсеткен. Жанашыр жандар туабіткен сал ауруына шалдыққан балаларға Аяз Атадан қандай сыйлық алғысы келетіндері жайында хат жаздыртып алып, тілектерін орындаған. Ұйымдастырушылардың айтуынша, олар көбінесе жұмсақ ойыншықтарды сұратқан екен.
Сондай-ақ, шара барысында балғындардың көңілдерін көтеру үшін келер жылдың иесі – Мешін және Ақшақар, Мыстан кемпір рөлдерін сомдаған әртістер театрландырылған ертегі көрсетті, мерекелік дастарқан да жайылды.
– “Большой” жиһаз дүкеніне зор алғысымды білдіремін. Менің ұлым үстелдегі футбол ойыншығын сұратқан еді. Бүгін сұрағанын алған баламның қуанышында шек жоқ, – дейді Елена Зырянова.
Байболат ҚҰЛТАНОВ,
журналист.