«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

БАЛАЛАРДЫ ДОСТЫҚҚА ШАҚЫРАТЫН ҚОЙЫЛЫМ

С.Мұқанов атындағы облыстық қазақ сазды-драма театры балаларға арналған “Бұртима” атты ертегіні сахналады. Оның авторы – Михаил Супонин, ал қоюшы-режиссері – Баатырбек Шамбетов.

Қойылым ойын түрінде өтеді. Сахнаға түрлі-түсті ойын арбасымен екі актер шығады. Олардың арбасы түрлі ойыншықтарға толы. Алайда, ойыншықтардың ішінен әрдайым бұртиып жүретін қоян ойын ойнамайтындығын жеткізеді. Ойыннан жалтарып, ылғи әр нәрсеге наразы болып жүретіндіктен, оны достары өз ішінде “Бұртима” деп те атап кеткен. Оны ойынға көндіре алмағандықтан, көмекке тапқыр, балалардың тілін таба білетін Ойын атаны шақырады.

Ойын атаның келуімен сахна құлпырып, Елгезек тиін мен Маймақ аю балаларға неше түрлі ойындар көрсетеді. Бұл кейіпкер өзге бейнелерге қарағанда байсалды, ақылдылығымен танылды. Оның бейнесін сахнагер Нұрбол Асқаров сомдады. Елгезек пен Маймақ рөлдерін екі құрамда Айбол Қасым мен Тұрақ Тұрысбеков сәтті сомдап шықты. Ал басты кейіпкер – Бұртиманы Мақпал Серкебаева ойнады. Әсіресе, қойылымның шарықтау шегі – Бұртима өз қатесін түсініп, балалардан көмек сұрап, ақырында томсырайған тоң мінезінен арылып, сүп-сүйкімді қоянға айналады. Қасқыр рөлін ойнаған Думан Адыкенов пен Әділжан Кәрімов көрерменнің ықыласына бөленді. Бұл қойылым балаларды ізгілікке, достық қарым-қатынастың қалыптасуына баулиды.  

Болат МАМЫТБЕКОВ,

С.Мұқанов атындағы облыстық қазақ сазды-драма

театрының әдебиет бөлімінің меңгерушісі.

Суретті түсірген

Талғат ТӘНІБАЕВ.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp