«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

БАЛАЛАРДЫ КҮЛІМДЕТКЕН “УЛЫБКА”

“Улыбка” балалар қайырымдылық қоры мүмкіндігі шектеулі балаларды дастарқан басына жинап, жаңа оқу жылының басталуымен құттықтап, оларға түрлі сыйлықтар табыстады. 

Бақытжан ЖОЛДАСҚЫЗЫ,  

“Солтүстік Қазақстан”.

Ыстық тағамдардан дәм татып отырған балалар түрлі қызықты ойындарға қатысып, сурет салып, өз өнерлерімен бөлісті. Өз кезегінде ертегі кейіпкерлері болып киінген іс-шараны ұйымдастырушылар балаларды күлдіріп, кештің қызықты өтуіне септесті. Балаларды барлығынан бұрын оқу құралдары қуантты. Жаңа оқу жылына қажетті дәптерлер, қаламдар, өзге заттар салынған сөмке табысталғанда балалардың қуанышында шек болмады. Әсіресе, мектеп табалдырығын тұңғыш рет аттағалы тұрған 1 сыныптың оқушылары ерекше ықыласқа бөленді. Сондай-ақ аз қамтылған отбасылардың балалары да тысқары қалмады. Оларға да оқуға қажетті спорттық киім, мектеп формасы сыйға берілді. №4 орта мектептің 6 сынып оқушысы Арыстан Жансейітов осындай сыйлыққа ие болды.  

28 баланың басын қосқан кешке арнайы шақырылған қонақтар келді. Қордың қамқоршылық кеңесінің мүшесі Анатолий Мишин, “Солтүстік Қазақстан” газетінің шеф-редакторы Роза Шәкенова балаларға жаңа оқу жылында табыс тіледі. Қор президенті Галина Бондаренко да қайырымдылық шаралардың өткізілуіне көмектесіп жүрген жүрегі ашық, мейірімді жандарға алғыс айтып, балаларға ыстық астан дәм татқызған “Антарес” дәмханасының директоры Вячеслав Глухихке Алғыс хат табыстап, іс-шараларды әрдайым газет бетінде жариялап жүрген “Солтүстік Қазақстан” газетіне де ризашылығын білдірді. Кеш соңында бүлдіршіндер мен олардың ата-аналары көтеріңкі көңіл күймен үйлеріне тарқасты.

Суретті түсірген

Амангелді БЕКМҰРАТОВ.

 

 

 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp