«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

БАЛАЛАРДЫ ТУБЕРКУЛЕЗ ДЕРТІНЕН САҚТАЙЫҚ

Айнагүл БАБАСАНОВА,

облыстық туберкулезге

қарсы диспансердің дәрігері.

Туберкулез – тұрғындардың денсаулығына біршама нұқсан келтіретін әлемде ең көп таралған жұқпалы аурулардың бірі. 1993 жылы Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы туберкулезді жалпы қоғамдық денсаулық сақтау жүйесінің жаһандық мәселесі деп жариялады. Жыл сайын осы дерттен шамамен 2 млн. адам көз жұмады. Туберкулезбен науқастанғандардың 75 пайызын 20-40 жас аралығындағы адамдар құрайды. Әсіресе, жасөспірімдер мен балалар бұл дертке шалдыққыш келеді.

Елімізде туберкулезге қарсы күрес жөнінде бағдарлама қабылданып, жүзеге асырылуда. Облыс бойынша 2013 жылы 2012 жылмен салыстырғанда, балалардың туберкулезбен ауру көрсеткіші 100 мың адамға шаққанда 24,6-дан 5,9-ға, Петропавл қаласы бойынша 34,1-ден 7,6-ға азайды. Бірақ Уәлиханов және Ғ.Мүсірепов атындағы аудандарда бұл көрсеткіш жоғары (21,7 және 20,2). Екі жыл бойы Аққайың, Жамбыл, М.Жұмабаев, Мамлют және Шал ақын аудандарында жасөспірімдер мен балалар арасында туберкулез ауруы тіркелген жоқ.

Туберкулез микобактериялары қоршаған ортаның әсеріне төзімді келеді. Олар күн сәулесі түспейтін дымқыл жерде, қақырықта – бірнеше ай бойы, көше шаңында – 10 күн, кітап беттерінде – 3 айға, суда – 150 күнге дейін, малдың қиында бірнеше жылға дейін өмір сүру қабілетін жоймайды. Олардың өсіп, таралуына ең жайлы орта – адам мен жануарлар ағзасы. Себебі, микобактерияларға 37 градус жылылық өте қажет болғандықтан, олар ағзадан тыс өсе алмайды. Ал күн сәулесі жақсы түсетін жерде 1-1,5 сағатта, ультра-күлгін сәуленің әсерінен 1-2 минутта, 3-5 пайыздық хлораминде 5 сағатта жойылады.

Туберкулез бактериялары адам ағзасына әртүрлі жолдармен ене алады. Туберкулез жұқпасының ең басты көзі аурудың ашық түрімен ауыратын науқастың қатты сөйлегенде, жөтелгенде, түшкіргенде шашырайтын қақырық түйіршектері болып табылады.

Туберкулездің біршама ауыр түрлері кішкентай жастағы балаларда тез өршиді. Сәбилердің өмірінің алғашқы 3 жылында байқалатын аса қауіпті жұқпаның асқынуына әсер ететін басты факторлар: эндокринді және иммундық жүйелерінің әлсіздігі, ағзаның түгел жетілмегендігі. Кішкентай сәбилерде туберкулез ауруының асқынуы бронхит, пневмония, ЖРВЖ (ОРВИ) сияқты болады. Ал салмағы аз нәрестелерде туберкулез ауруы жанама: ЛОР, ішек құрт, зәр шығару жолдары инфекциясы, аллергиялық тері ауруларымен қатарласа жүруі мүмкін. Осы жас шамасындағы ана сүтін ембеген, сиыр сүтін ішкен балаларда ішек туберкулезі жиі кездеседі. Оның себебі – туберкулезбен ауырған сиырдың сүтін қайнатпай ішу (туберкулез жұқтырған сиырдың көбіне желіні зақымдалады).

Жасөспірімдерде туберкулез жұқпасы физиологиялық ерекшеліктері мен әлеуметтік жағдайына байланысты қарқынды дамиды. Сондықтан олар қауіп-қатерлі топқа жатады. Жасөспірімдер ағзасы барлық күшін қажет ететін физиологиялық, жыныстық, психикалық даму сатысында болғандықтан, оларда туберкулезді жұқтыру қаупі жоғары және жұқтырған жағдайда туберкулездің ауыр түрінде өтеді. Олардың науқастануына эпидемиологиялық факторлар да негізгі себеп бола алады. Оған отбасында, оқу орындарында туберкулез дертіне шалдыққан науқаспен қатынастың болуы және жеткіліксіз тамақтану, әсіресе, ақуыз бен дәрумендердің жетіспеуі, шамадан тыс шаршау, күн тәртібін сақтамау, нашақорлық және басқа да зиянды әдеттер, жұқпалы аурулар, тыныс алу мүшелерінің аурулары жатады.

  Ми қабатының туберкулезі (туберкулезді минингит) кішкентай балаларда жиі кездеседі. Бұл – туберкулездің аса қауіпті түрі. Балалардағы ауруды зерттеуде туберкулинді сынама немесе манту сынамасының маңызы зор. Олардың туберкулезге шалдығуының алдын алу мақсатында сақтандыру екпелері егіледі (БЦЖ вакцинасы), ол сәби дүниеге келгенде перзентханада дені сау нәрестелерге 2-4 күн аралығында жүргізіледі. Қайта егу 1-сыныптағы 6-7 жастағы оқушыларға манту сынамасы теріс болғанда жүргізіледі. Бұл вакцинаны егу туберкулез дертін қоздырмайды, керісінше оны еккеннен кейін ағзаның туберкулезге шалдығуына қарсы төтеп беру қабілетін арттырады. Екпе жасалған балалар басқаларға қарағанда сирек ауырады.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp