Қазақстан халқы Ассамблеясының 20 жылдығына орай ұйымдастырылған шаралар аясында Петропавл қаласындағы Балалар ауылының тәрбиеленушілерін діни конфессиялар өкілдері құттықтап, сыйлықтар таратты.
Дін істері жөніндегі басқарманың қызметкері Нұрислам Ғабдуллин бастаған топ балаларға 2015 жылы Қазақстан халқы Ассамблеясының құрылғанына 20 жыл толатынын айта келіп, аталмыш институттың мән-мағынасын түсіндірді. Нұрислам Ғабдуллин: “Қазақстанда 130-дан астам этнос өкілдері тату-тәтті тұрып жатыр. Олардың барлығы да қазақстандықтар болып табылады. Сендер де бір отбасында тұрып жатқан әр этностың балаларысыңдар. Қазақстан – сендердің туған жерлерің, мемлекеттерің. Қазақстанның болашағы – сендерсіңдер. Ертең ержетіп, үлкен азаматтар боласыңдар. Мемлекетіміз сендердің болашақтарың жарқын болуы үшін бар күшін салуда. Сондықтан жақсы оқып, тәрбиелі-тәртіпті болыңдар”, – десе, “Қызылжар” орталық мешітінің наиб имамы Қасымхан Абдоллаұлы: “Күн сайын біз барлығымыз өте көп сыйлық аламыз. Алла тағала бізге өмір сыйлады. Сондықтан әр атқан таңымыз үшін қуана біліңдер!” – деп, балаларға біз өмір сүріп отырған әлемнің өзі Алланың ғаламат сыйы екендігін ұғындырды.
Конфессия өкілдері: “Ассамблея елімізде тұратын барлық этностың өкілдері тату-тәтті тұрып, бір-бірімен жақсы қарым-қатынаста болуы, игілікті істерді бірлесіп атқарулары үшін құрылды. Игілікті істермен еліміз көркейе беретін болады. Бір-біріңмен тату болыңдар!” – деп еліміздегі татулықтың негізін түсіндіріп, балаларға әдеби кітаптар мен тәттілер сыйлады.
Ләйла ЖАНЫСОВА,
“Солтүстік Қазақстан”.