Петропавл қаласындағы жетім және ата-ана қамқорлығынсыз қалған балаларға арналған облыстық мектеп-интернатты біз өз арамызда “Жылы ұя” деп атаймыз. Онда 126 бала тұрады. “Отан отбасынан басталады” дегендей, балалардың бір-бірімен үй жағдайындағыдай қарым-қатынас жасаулары үшін олар жас ерекшеліктеріне қарай интернат ішінде 9 отбасына бөлінген. Ағалы-інілі, апалы-сіңлілі балалар үлкенге – құрмет, кішіге ізет көрсетіп, тәрбие мен білім нәрімен сусындауда. Тәрбиешілер оларға аналық мейірім көрсетіп, жетімдіктерін сездірмеуге тырысады. Әрине, қиындықсыз болмайды. Ондай жағдайларда мекеме басшысы Ризабек Кәкпенов көптеген мәселелерді шешіп, әке орнына әке, аға орнына аға бола біледі.
“Жетім көрсең, жебей жүр” деп бабамыз қазақ бекер айтпаған. Әр отбасының өз демеушілері бар. Олар балаларға материалдық және моральдық көмек көрсетіп, балғын шақтарынан жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған бүлдіршіндерге өмірдің еш қиындығын, тапшылығын көрсетпеуге тырысады. Мемлекеттің және қамқоршы жандардың көмегімен балалар заманға сай киініп, әр отбасы қажетті заттармен, үй жиһаздарымен жабдықталған, әдеби кітаптармен қамтамасыз етілген. Демеушілеріміз интернатта өтетін барлық шаралардың бел ортасында жүреді.
Менің отбасым “Арманшылдар” деп аталады. Онда 16 бала тұрады. Тахир Жепеев деген тәрбиеленушім 16 жасқа толды. Ол – оқу озаты, спортта алғыр, шебер, сегіз қырлы, бір сырлы балалардың бірі. Олимпиадаларға қатысып, жүлделі орындарды иеленген. Диплом, грамоталары, спорттық медальдары да көп. Отбасы болып атап өткен туған күн кешіне қонақтар мен Ресей жинақ банкінен демеушілер арнайы келіп, Тахирді сыйлықтарымен қуантты. Көңілдері қаяу балалардың жұдырықтай жүректеріне бір сәт болсын қуаныш сыйлаған демеушілерімізге алғысымыз шексіз.
Құралай БОПАШЕВА,
жетім және ата-ана
қамқорлығынсыз қалған
балаларға арналған облыстық мектеп-интернат тәрбиешісі.